Кеше, 19 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Мақаншы ауылдық округіне қарасты Қаратұма ауылының 33 жастағы тұрғыны Азамат Оразалы полиция бөлімшесінде қайтыс болғаны хабарланған.
Полицияның ресми мәлімдемесіне қарғанда, ол бөлімшеге мал ұрлау ісі бойынша күдікті ретінде жеткізілген.
Қайтыс болған адамның туыстары «марқұмның денесінде соққының ізі болғанын» айтады. 33 жастағы ер адамның қайтыс болғанын естіген ауыл тұрғындары аудандық полиция департаментіне басып кірген. Халық адам өліміне қатысты күдіктіні ұстауға кешкі сағат 21:00-ге дейін мұрсат берген. Сонымен қатар, полиция бөлімшесіндегі барлық қызметкердің толықтай қызметтен кетуін талап еткен. Куәгерлер мен туыстары Оразалының полиция бөлімінде азаптап өлтірілгеніне сенімді.
Оқиға орнына барған облыстық полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын жеткізді. Жағдайды жіті бақылауға алғанын және қажетті сараптамалар, паталогоанатомиялық зерттеулер жүргізілгенін айтты.
Ашық ақпараттарға сүйенсек, Азамат Оразалыны полиция қызметкерлері өткен сенбіде, яғни қазанның 17-сі «мал жайып жүрген жерінен ұстап әкеткен». Бір қызығы, жақындарының сөзінше, оның атына полицияға ешбір шағым түспеген.
Бүгін ауылдық полиция бөлімінің қызметкері Әлібек Қасенов Азаттық тілшісіне берген пікірінде 6 қызметкер жұмыстан шығарылғанын мәлімдеген. Олардың үшеуі қамауға алынды. Нақтырақ айтқанда, бір жедел уәкіл және екі учаскелік полиция инспекторы қамалған. Сәйкесінше Қылмыстық кодекстің «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазақстандағы тұтқындарды азаптау қалыпты жағдайға айналғаны туралы отандық және шетелдік құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар жиі сынайды. Ақпарат ағынында да оқтын-оқтын абақтыдағы заңсыздықтар қоғамдық резонанс тудырып жатады. Дегенмен билік ішкі істер жүйесін реформалауды полицейлердің формасын өзгертумен бастаса да, жүйелі мәселені шешуде нәтиже көрсете алмай келеді.
Еуропарламент былтыр наурыздағы қарарында Қазақстанда «тұтқындар мен күдіктілерді азаптау» нормаға айналуын, қамау орындарындағы қызметкерлердің біліксіз екенін, полиция бөлімшелеріндегі зорлық-зомбылық тйылмағанын, ең бастысы, бір де бір түрмеге тәуелсіз халықаралық мониторинг жасалмағанын айыптаған. Мұны АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі адам құқығының ахуалы туралы биыл жариялаған жиынтық баяндамасында растаған.