АҚШ президенті Дональд Трамп пен ҚХР басшысы Ши Жинпиңнің (Си Цзиньпин) кездесуі мен келіссөзінің жалпы барысы 21 сағатқа ұласты. Екі ел дипломатиялық байланысы біршама арта түсті. Алайда, екі мемлекет арасындағы сауда ынтымақтастық келісім мен Солтүстік Корея мәселесінде нақты бір пікірге келе алмады. Трамптың Сүрияға шабуыл жасауын алға тартуы келіссөздің сәтті өтуіне айтарлықтай кедергі келтірген. Себебі, Сүрияға шабуыл жасау ісін ортаға салуы, Қытайға қыр көрсетумен бірдей саналады. Дипломатиялық қарым-қатынаста мұндай тәсіл оң нәтиже бермесі анық. Бұл турлы "The New York Times" басылымы баяндайды.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы, Қаржы және экономика министрі кездесу отырысынан кейін мәлімдеме жариялап, аталған ең негізгі екі тақырыпта жүздесуші тараптар нақты келісімге қол жеткізе алмағандықтарын айтты. Дегенмен екі тарап сөйлесу барысында өткір тақырыптарды батыл ортаға қойған. АҚШ мемлекеттік хатшысы Тиллерсон кездесуден кейін: «Екі жақ Солтүстік Кореяның ядролық қаруды дамыту ісіне қарата ортақ келісімге келе алмады. Бірақ бұл мәселе әлі де Қытай мен АҚШ-тың ортақ проблемасы болып қала береді», – деген пікірін білдірді. Ол және: « Ши Жинпиң мәселенің тым ауырлап тұрған кезеңінде ғана бейбітшілік пен бітімгершілікке келу келісімін берді. Ал, президент Трамп та Қытаймен ара қатынастың ынтымақтастыққа құрылуын көздейді. Егер, Қытай осы өзекті мәселелерде АҚШ-тың ыңғайына көнбесе, онда Құрама Штат та жедел әскери әрекетке дайындалады», – деген сөзін жеткізді.
АҚШ жергілікті уақытымен жұма күні болған келіссөз отырысына, екі ел басшыларымен бірге тараптардың маңызды лауазымды тұлғалары қатысты. Трамп келіссөз кезінде қасына өзінің күйеу баласын отырғызды. Ол: «АҚШ пен Қытай қарым-қатынасы әзірге дейін көптеген табысқа қол жеткізді. Болашақта бұдан да жоғары деңгейде дамитынына толық сенемін. Көптеген қолайсыздық тудыруы ықтимал мәселенің бәрі біртіндеп оңалатын болады», – деген лебізін білдірді. Алайда, ол бұл мәселелердің қалай шешім тауып, қалай нақты келісім жасалатыны туралы ойын айтқан жоқ.
Қытай басшысы Ши Жинпиң болса, Трамптың қонақжайлылығын жоғары бағалағанын айта келіп, екі жақ әлі де талай маңызды келісімге келетіндерін жеткізді. Алайда, ол да бұл туралы нақты ойын айтпады. Ол: «Ең бастысы екі ел арасында терең түсініктің орнауы, өзара сенімнің орнауы, достық пен келісім үшін алдын ала жасалатын қызметтерді тыңғылықты істеу керек», – деді. Қытай басшысының лебізінен осы реткі жүздесуге деген салқын райы анық байқалады.
Трамп билікке келгелі бері АҚШ пен Қытай арасы салқындағаны белгілі. Қытай баса назар аударатын «Үлкен Қытай» саясатына шүйліккен Трамп, оны қайта талқылау керек деген сынды тосын пікірлер айтып, қалыптасып қалған екі ел дипломатиясы теңселіп барып қайтты. Сонымен бір уақытта, Тайуан (Тайвань) басшысымен телефонда тілдесуі де Бейжің тарабының қитығына тиді. Одан кейін де Шығыс Азияға ауыр әскери техникаларын кіргізу сынды әрекеттердің бәрі екі ел қарым-қатынасында сызаттың көбеюіне әкеліп соқты. Барлық кезде де Трамптың Қытайға ұстаған позициясынан қорқыту мен ықтыру сыңайы байқалып тұрады. Келіссөз барысында Сүрияға жасалған зымыран шабуылы да соның біреуі. Сарапшылардың пікірінше бұл Ши Жинпиңге жасалған дөрекілік болып саналады. Екінші жағынан бұл іс екі ел алауыздығының басталуының дабылы сипатын алады. Ал, шын мәнісінде АҚШ Қытайдың одақтасы саналатын Солтүстік Кореяға біржақты әскери әрекетке дайын отырғанын көрсетеді.
Солтүстік Корея мен «Сад» жүйесі мәселесінің кенеттен қызу тақырыпқа айналуы, былтыр күзден бері ел ішіндегі өз орнын бекемдеуге тырысып келген Ши Жинпиң үшін жеңіл соққы болған жоқ. Аталған мәселелерге оңды шешім жасап, Қытай мен АҚШ қарым-қатынасын ретке салу оның ең басты нысанасына айналды.
Ақүй жоғары лауазымдылары әскери әрекетті бірден бір талдау ретінде шешім қабылдағаннан кейін, шын мәнісінде соңғы бір аптадан бері Қытай тарапы Трамп үкіметіне мейілінше мүдделілік танытып, Солтүстік Корея мәселесін бейбіт шешуге үміткер болды. Трамп үкіметінің Қытайға түсірген қысымы, Қытай компанияларының Солтүстік Кореяның ядролық сынақты дамытуына қолдау көрсетуін біршама тежеді.
Екі тараптың дипломатиялық қарым-қатынастарына жауапты қызметкерлер, екі басшының және ханымдары арасындағы жеке байланыстың жақсаруы арқылы дипломатиялық табыстарға негіз болуын үміт етеді. Осы мақсатта Мелания Трамп пен Пың Лиюанды жергілікті орындағы білім беру ордаларын бірлікте аралау сапарын ұйымдастырды. Ал, Трамп пен Ши Жинпиң бұл кезде элиталық саябақты жаяу сейілдеді. «Шинхуа» агенттігінің хабарына сенсек, Трамп Ши Жинпиңнің қытайға шақыруын қабыл алған. Осы жылдың ішінде Қытайға мемлекеттік сапармен барады. Сол сапарда екі ел кеңейтілген көпжақты келісімдер жасасады деп күтіледі. Ал қазір 21 сағатқа ұласқан кездесу мен келіссөз отырысының бәрі екі ел арасындағы және өңірлік қауіпсіздіктегі кілтең түйіндерді оңап кете алған жоқ.
“The Qazaq Times”