АҚШ пен Қытай лидерлері ортасындағы виртуалды жүздесу ақпарат құралдарына бірдей ашық болмады. Бір күн бұрын сайтымызда кездесудегі негізгі тақырыптар мен тараптардың ұстанымдары, алға жылжытқысы келетін мүдделері туралы сарапталған-ды. Кешеден бері ашық ақпарат көздеріне шыққан деректерде Тайуан (Тайвань) тақырыбының Байден-Ши саммитіндегі ең «ауыр тақырып» болғаны айтылып жатыр.
Тайуан тақырыбына келгенде Қытайдың барынша қатаң позицияны ұстағысы келетіні белгілі. Себеб, бұл Қытай билігін ұстаған коммунистік партияның, қазіргі Қытай билігінің халықаралық аренадағы және ел ішіндегі аброй беделіне саятын мәселе. Ұзақ жылдардан бері «Тайуанды біріктіріп, отан тұтастығын қалпына келтіру» деп ұрандатып келген коммунистік билік үшін Тайуаннан біржола қол үзіп қалу үлкен абройсыздыққа соқтырар еді. Тіпті, бұның соңы ел ішіндегі наразылықтың асқынуына, билік партиясына деген сенімнің жойылып, ақыр соңында миллиард халықтың толқуымен коммунистік биліктің аударылуына алып келуі де ғажап емес.
Әне сондықтан да, Қытай басшысы Ши Жинпиң (Си Цзиньпин) америкалық әріптесіне Тайуанның егемендігін қолдау «өтпен ойнағаумен бірдей» деп ескерткен екен. Қытай ақпарат құралдары кездесуде Ши Жинпиңнің Тайуан туралы қатаң пікірлерін баса белгілеп жатыр. Айталық, ККП-ның ағылшын тіліндегі ресми баслымы саналатын «Глобал Таймс» екі ел ортасындағы соңғы уақытта шиеленісіп кеткен қайшылықтарға қатысты Шидің АҚШ-ты айыптаған пікірлерін баса жазды. Онда Қытай басшысының «Тайуан қайта-қайта АҚШ-қа арқа сүйеп, Құрама Штаттар болса Қытайды тежеу үшін Тайуанды пайдаланды» деген айыптау сөздері баса берілген екен.
Қалай болмасын, бұл Бейжің билігінің аталған тақырыптағы қатаң ұстанымын көрсеткендей болды. Дегенмен, Тайуан мәселесінде Байден де Құрама Штаттардың ұстанымын ашық ортаға салған. Ақ үйдің ресми мәлімдемесінде айтылғандай Байден кездесуде: «Құрама Штаттар Тайуан бұғазындағы қазіргі жағдайды кім де кім бір тарапты өзгертуге немесе тұрақтылық пен бейбітшілікке қатер төндіретін әрекеттеріне батыл қарсы тұрады», – дегенін айтады.
Тараптардың Тайуан мәселесіндегі мәмілелері қатаң, сөздері кесек болғанымен кейбір мәселелерде жылы қабақ танытысқандары да айтылады. Қытай басшысы Байденді «ескі досым» деп атаған болса, Байден Шиді «әрдайым ашық, анық пікірлесіп тұрғаны» үшін құрметтейтінін айтқаны да бар.