Қырғызстан парламентінің депутаттары қазіргі президент Сооронбай Жээнбековке импичмент жариялау туралы бастама көтерді.

«Ата-Мекен» партиясының өкілі Қаныбек Иманалиев: «Президенттің импичментін бірқатар депутаттар талап етіп отыр. Бұл мәселе күн тәртібінде қалады, бірақ әзірге тек бастама ретінде қаралады. Себебі депутаттардың дауысын жинауымыз керек», – дейді.

Иманалиев сәрсенбіде 40-тан астам депутаттың қатысуымен бұрын сайланған парламенттің жаңа спикері Мықтыбек Абдылдаевпен кездесіп, қазіргі ахуалды талқылағанын айтты.

Парламентте кворум болуы үшін 60-тан астам депутат болуы қажет. Қырғызстанда кворум бейсенбіде өтеді. Қазір болашақ премьер-министрді сайлау үшін дауыс беру мәселесі талқыланып жатыр.

5 қазанда Бішкекте парламент сайлауының нәтижесімен келіспейтін саяси партиялардың митингі өтті. Олар 4 қазандағы сайлаудың нәтижесін жарамсыз деп тауып, жаңа сайлау өткізуді талап етті. Кейінірек бұл акция демонстранттар мен құқық қорғау органы қызметкерлері арасындағы қақтығысқа айналды.

Сол күні наразы топ қамауда отырған бірқатар саясаткерді түрмеден босатып алды. Олардың қатарында Қырғызстанның парақорлық айыбымен 11 жылға сотталған бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев, бұрынғы премьер-министр Сапар Исаков, Жоғарғы Кеңестің бұрынғы депутаттары Равшан Джеенбеков және Садыр Жапаров бар.

"The Qazaq Times"