Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кететінін мәлімдеді. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Азаттық үналғысы хабарлады.

Президенттің сайтында жарияланған хабарламада: «Мен билікке таласпаймын, билікте қалмаймын. Қырғызстан тарихында өз азаматтарының қанын төккен және халқына қарсы оқ атқан президент ретінде қалғым келмейді. Сондықтан отставкаға кету туралы шешім қабылдадым», – делінген.

Жээнбеков Қырғызстандағы жағдай қауіпсіздік күштері мен наразылардың қақтығысына айналуы мүмкін деп мәлімдеді. «Өкінішке орай, агрессия азаймайды. Менің тез арада отставкаға кетуімді талап етушілер саны артты. Қазіргі жағдай ірі қақтығысқа жақын. Бір жағынан – наразылық білдірушілер, екінші жағынан – құқық қорғау органдары. Әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары мемлекеттік резиденцияны қорғау үшін қару қолдануға міндетті. Ал бұл жағдайда қан төгілетіні анық. Мен екі тарапты да арандатушылыққа бой алдырмауға шақырамын», – деді ол үндеуінде.

14 қазанда премьер-министр болып сайланған Садыр Жапаров бүгін Сооронбай Жээнбековтың отставкаға кетуін талап еткен. Бірақ мемлекет басшысының баспасөз қызметі президенттің отставкаға кету құқығы жоғын хабарлап, Сооронбай Жээнбеков тек жаңа парламенттік сайлаудан кейін ғана қызметін босататынын айтқан.

5 қазанда Бішкекте парламент сайлауының нәтижесімен келіспейтін саяси партиялардың митингі өтті. Олар 4 қазандағы сайлаудың нәтижесін жарамсыз деп тауып, жаңа сайлау өткізуді және президенттің биліктен кетуін талап етті. Кейінірек бұл акция демонстранттар мен құқық қорғау органы қызметкерлері арасындағы қақтығысқа айналды. Ресми мәліметтер бойынша, қақтығыстан 1000-нан астам адам жарақаттанған.

Сол күні наразы топ қамауда отырған бірқатар саясаткерді түрмеден босатып алды. Олардың қатарында Қырғызстанның парақорлық айыбымен 11 жылға сотталған бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев, бұрынғы премьер-министр Сапар Исаков, Жоғарғы Кеңестің бұрынғы депутаттары Равшан Джеенбеков және Садыр Жапаров бар.

Айта кетейік, Сооронбай Жээнбеков – Қырғызстанның бесінші президенті. Ол 2017 жылы қазанда конституцияға сай мерзімде президент болып сайланған. Жалпы Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде елде төрт президент ауысып, оның екеуі шетелде бас сауғалауға мәжбүр болған.

"The Qazaq Times"