Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков қызметінен кетуден бас тартты.
Премьер-министр Садыр Жапаров президенттің отставкаға кетуін талап еткен. Алайда мемлекет басшысының баспасөз қызметі президенттің отставкаға кету құқығы жоғын хабарлап, Сооронбай Жээнбеков тек жаңа парламенттік сайлаудан кейін ғана қызметін босататынын айтты.
Бұл жөнінде мәлімет таратқан президент баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева: «Сооронбай Жээнбеков Садыр Жапаровпен кездесті. Келіссөз кезінде премьер-министр «президент бүгінгі кештен бастап қызметінен кетуі керек» деді. Президент Жээнбеков мұндай жағдайда кетуге дайын емеспін деп жауап берді», – дейді.
14 қазанда қырғызстан парламенті кезектен тыс отырысында Садыр Жапаровты үкімет басшысы етуді мақұлдаған. Ол 4 қазанда өткен парламенттік сайлаудан кейінгі ереуілдер кезінде түрмеден шыққан болатын.
2013 жылы Қырғызстан билігі Жапаровты Құмтөр алтын кенішін мемлекет иелігіне алу талабымен Қарақол ауылында митинг ұйымдастырып, сол кездегі Ыстықкөл облысның әкімін кепілге алған деген айыппен 2017 жылы тамызда соттап, 11 жылға түрмеге қамаған еді.