1 қыркүйек астана уақытымен сағат 11:04-те Қазақстан Парламентінің VI сессиясы басталды. Төменгі-жоғары палаталардың біріккен жиынында президент Тоқаев екінші жолдауын жариялады.
Екінші жолдауын жариялаған екінші президенттің мәлімдеуінше, уақытша табыссыз қалған 4,5 млн қазақстандыққа 42,5 мың теңгеден жалпы көлемі 400 млрд теңге қаржы жұмсалған.
Негізгі тезистер:
- Үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жолға жедел қоя білді. Ең бастысы, біз азаматтардан ешнәрсені жасырмай, індеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жарияладық. Қаншалықты ащы болса да шындықты айтып отырмыз. Бұл кейбір мемлекеттерге қарағанда Қазақстанның ұтымды тұсы.
Дегенмен Үкімет коронавирус пандемиясының статистикасын көптеген кемшіліктермен ұзақ уақыт бойы жолға қоя алмағаны белгілі. Науқастарды симптомды-симптомсыз деп бөліп, кейін одан бас тартты. Пандемияға қарсы күреске жауапты модератор-ведомствоның екі бірдей министрі кезінде күрт өскен 256 мың пневмония есебі ескерусіз қалды. Маусым-шілде қырғыны аяқталған соң ғана жалпы статистика тамыз айынан бастап қолға алынды. Сонымен қоса, ДенМин вирустың жанама әсерінен қайтыс болғандардың есебі мен «U07.2» коды арқылы белгіленетін ковидтік пневмонияның аймақтарда таралу көрсеткішін тұрақты түрде жариялауға уәде еткенімен, әлі күнге дейін ай асқан сұрақтарға жауап бермей келеді.
- ДДСҰ-ның айтуынша пандемияны жеңуге кемінде екі жыл қажет.
- Пандемияға қарсы күрес жөнінде кешенді бағдарлама дайындалады. Бұған мемлекет тарапынан әлеуметтік және экономикалық саласына Ұлттық қордан 2023 жылға дейін 1 трлн теңге қаржы бөлінеді.
- Мемқызметкерлердің саны биыл 10%-ға, келесі жылы 15%-ға қысқарады.
- 2021 жылы Жер мәселесі туралы мораторий аяқталады. Жер шетелдіктерге сатылмайды. Үкімет ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуі тиіс.
- Қазақстанда президентке бағынатын Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігі құрылады.
- Алдағы уақытта Реформа және стратегия жоспарлау агенттігі құрылып, ол орталық орган ретінде президентке тікелей бағынатын болады.
- Мемлекеттік аппаратты қысқарту керек! Биыл 10%-ға, ендігі жылы 15%-ға. Қалған қызметкерлердің жалақысын өсіру керек.
- 2021 жылдың шілдесінен бастап шенеуніктер ұпайлар мен факторлар бойынша бағаланады.
- Бұдан былай министрліктерде жауапты хатшылар болмайды.
- Квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау күн тәртібіне қойылуы қажет.
- Мұнай суперциклі аяқталды. Көпбағытты экономикаға жұмыстанған жөн.
- Ұлттық компаниялардың сатып алу операциялары ашық емес. Сондықтан заң күшін және сатып алудың бір терезесін жүйелеу керек.
- Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады.
- Үкімет пен бизнес жаңа агроөнеркәсіптік кешен жобасын жасайды.
- Ел аумағындағы 24 мың шақырым жол қайта жөндеуден өтеді.
- Пандемия кезінде көп шығынға ұшыраған ШОБ өкілдеріне қолдау көрсетіледі. Қолданыстағы несиелерін мемлекет 6% мөлшерінде субсидиялайтын болады. Індет кесірінен 700 мыңнан астам кәсіпкер зардап шекті. Субсидия 12 айды қамтиды. Бұған 200 млрд теңге бөлінбек. Сондай-ақ, мемлекеттік органдарға тиесілі жылжымайтын мүлік объектілеріне салынатын салықты жыл соңына дейін тоқтату тапсырылады.
- Әр облыста және ірі аудан орталықтарында балалардың энергиясын дұрыс бағыттау үшін арнайы спорт орталықтарын ашу қажет.
- Кәсіпкерлердің қызметіне кез келген заңсыз араласу әрекеті мемлекетке қарсы ең ауыр қылмыс болып саналады.
- Ұлттық банктің жанынан елдің жөн-жосықсыз қарыздануын тоқтатуға арналған Ақшалай несие саясаты туралы комитет құрылады.
- Салық кодекс қайта қаралып, алым-төлемдер азайтылады.
- Аймақтар әртүрлі қабілетімен ерекшеленері анық. Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінің өндірістік әлеуетін ашу керек.
- Еңбек адамының жиған зейнетақы жинағын дұрыс мақсатта пайдалануына мүмкіндік беріледі. 2021 жылдан бастап 700 мыңнан астам салымшы тұрғын үйге, білім алуға не емделуге ақшасын жұмсай алады.
- Балалардың барлығы, 100% мектепке дейінгі білім беру мүмкіндігімен қамтылуы қажет.
- Тек дарынды оқушылар ғана емес, мейілінше оқушының бәріне қолдау көрсетілуі керек.
- Кәсіпке бейімдеу-баулу пәндері мектеп және университет қабырғаларында оқытылады.
- Ұрпақ өрбітуді қалайтын, бірақ денсаулығында кінәраты бар ерлі-зайыптыларға арналған ЭКО бағдарламасының квотасы 2021 жылы 7 есеге ұлғайтылып, «Аңсаған сәби» мемлекеттік жобасын жүзеге асыру қажет.
- Жыл соңына дейін медициналық қызметкерлерге қосымша жәрдемақы тағайындалады. Және алдағы жылдары жалақы көлемі өсетін болады.
- Отанымыздың табиғатын барынша көркейту үшін, ұлттық қорықтар мен саябақтарды қорғау мақсатында жыл аяқталғанға дейін Экология кодексі қабылдануы тиіс. 2025 жылға дейін 2 млрд-тан астам ағаш отырғызылады.
- Төтенше жағдай жөніндегі министрлік қайта құрылады. Бұған дейін бұл ІІМ құрамында ТЖК ретінде болған.
- Парламент сайлауы қарсаңында 2021 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25%-ға артады.
- Келесі жылдан бастап әкімдерді сайлау арқылы бекіту механизмі іске қосылуы мүмкін.
- «Бәйтерек» пен «ҚазАгро» холдингтері біріктіріледі.
- Қауіпсіздік және күштік құрылымдары жаңа технологияларға сүйенуі керек.
- Үш қырлы модель іске асуы тиіс: полиция дәлелдемелер жинау арқылы қылмыстарды ашады, прокурор тәуелсіз баға берсе, ал сот соңғы әділ үкім шығарады. Полиция қызмет моделі негізінде дамуы керек. Полиция мекемелері мен абақтылар әрдайым бейнебақылауда болуы қажет.
- Сот жүйесі жабық корпорация бола алмайды, сол себепті судьяларды таңдау БАҚ беттерінде көрінуі керек.
- IT нарығын дамытуды жақсылап қолға алу керек.
- Мәслихаттарды нығайту жолында олардың отырыстарын онлайн режимде беру қажет.
(ақпарат толықтырылды)