Қазақстанда пандемия басталғалы билік мойындаған 131 596 жағдай (U07.1+U07.2) тіркелді. Оның үштен бір бөлігіне жуығы, 41 229-ы өткен тамыз айында анықталған. Індеттің кесірінен 1 886 адам (U07.1+U07.2) қайтыс болды, 898-ы тек тамызға тиесілі. Алайда жалпы санаққа коронавирустың жанама әсерінен қайтыс болғандар енгізілмеген.
Бұл дерек соңғы мәрте 23 шілде 319-ға жеткені айтылған. Одан бері қырық күндей өтсе де ДенМин есепті нақтылай алмаған. Тіпті олардың қаншасы созылмалы аурулар мен оқыс жағдайдан қайтыс болғаны әлі күнге дейін белгісіз. Пандемия кезінде ДенМин табалдырығынан бөлек биліктің «Нұр Отан» партиясы өткізіп жатқан праймеризге қатысып жатқан, депутаттықтан дәмелі ресми өкіл Бағдат Қожахметов айдың басында-ақ бұл мәселеге толыққанды жауап беруге уәде еткен.
Өткен аптада (тамыздың 24-30 аралығында) коронавирус пен ковидтік пневмониядан 97 қазақстандық (65 / 32) қайтыс болған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта коронавирус жұқтырған 7 379 адам (3 811 – стационарда, 3 568 – амбулаторлық бақылауда) ауруханада емделіп жатыр. Науқастардың қатарында 30 өскіншек бала бар.
Сондай-ақ, 197 адамның ахуалы нашар, оның 35-інің жағдайы қатты ауыр екен. 42 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында (ӨЖЖА) жатыр.
3 тамыз Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өткізген брифингте «КВИ-» немесе «U07.2» кодымен белгіленетін коронавирустық пневмонияның аймақтардағы көрсеткішін сол аптада-ақ жіктеп жариялауға уәде берген. Әйтсе де министр сөзі БАҚ өкілдері мен редакцияның қайта-қайта сұрауынан үш жарым апта өткен соң іске асып, бір күннен кейін (28 тамыздан) тоқтап қалды. Ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов хабарлаған хабар баянсыз қалып, бір-ақ күнде тоқтады. Бір ай бұрын Ақпараттық-медиа орталығы құрылып, ондаған кадр жұмылдырған министрлік маңызды индикаторды жолға қоя алмау себебін түсіндірген жоқ. Осылайша Қазақстан Үкіметінің екі уәдесі аяқсыз қалды.
Қазақстан коронавирусқа ұқсас пневмония дерегін 1 тамыздан бері жаңа кодпен есептей бастағаны белгілі. Дегенмен бұған дейінгі 256 мың пневмония жағдайы ескерусіз қалды. Ресми статистика бойынша, ковид пен коронавирустық пневмонияға шалдыққан 131 мың адамның 1900-дейі қайтыс болған. Шынайы көрсеткіш бұдан айтарлықтай көп болуы мүмкін.
1 қаңтар-2 тамыз аралығында елде 256 541 адам пневмонияға шалдыққан. 35 мың кейс маусымда, 152 мың кейс шілде айында тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырғы дәл осы уақытпен салыстырғанда 3,3 есеге көп. 2019 жылдың қаңтар-тамыз аралығында республика көлемінде 76 986 адам пневмониямен ауырған. Ол кезде 2333 адам, ал биыл 4042 адам өмірден озған. Осы жылы пневмонияның салдарынан өлім жағдайы 1,9 есеге артқан. Тамыз айының басында ДенМин басшысы Алексей Цой мен орынбасары пандемия кезінде күрт өршіген пневмониядан коронавирустық түрін ажыратуды артық іс санап, 256 мың кейсті қайта қарауға құлықсыз екенін танытқан.
Жоғарыда көрсетілген сандар тек ресми статистика. Алайда бұған күдікпен қарайтын халық та, маман да көп. Тіпті отандық және шетелдік жоғары санатты дәрігерлер шілденің ортасында-ақ Қазақстандағы 200 мыңнан 2 миллионға дейінгі адамның вирус жұқтырғанын айтқан.