Беларусьте президент сайлауы өтіп жатыр. Бұл жолы өзге посткеңестік елдердегі тұрақты сценарий Беларусьте де қайталанды: сайлау қарсаңында оппозиция саясаткерлерінің мыңдаған жақтастары ұсталып, ғаламтор қызметі әлсіреген. Халықаралық ұйымдар бақылаушы ретінде толық құраммен қатыстырылмай, «пандемияға байланысты» шетелдік БАҚ өкілдерін аккредитациялаудан өткізбеді. Ал елдің қазіргі президенті, «Еуропаның соңғы диктаторы» атанған Александр Лукашенко сайлауға алтыншы рет қатысып отыр.
Елде сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Тұрғындардың дауыс беруі үшін 6 мыңға жуық сайлау учаскесі ашылған, оның 44-і шетелдерде орналасқан.
Өткен аптада Беларусьте мерзімінен бұрын дауыс беру өтті. Мұндай норма Беларусь заңымен қарастырылған, бірақ құқық қорғаушылар мен халықаралық бақылаушылар бұл әдісті қатаң сынға алды. Олардың пікірінше, үкімет дауыс беру нәтижелерін қолдан жасау тәсілін пайдаланып отыр.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша сайлаушылардың 41,7%-ы мерзімінен бұрын дауыс берген. Мәселен, Минскіде дауыс беруге құқығы бар әрбір үшінші адам мерзімінен бұрын дауыс берді.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, сайлау науқанының екі айында қауіпсіздік күштері наразылық акциялары өтетін жерлерде жергілікті және шетелдік БАҚ-тан 50-ден астам журналист пен мыңға жуық азаматты ұстаған. Саясаткерлер Михалай Статкевич пен Павел Севяринец рұқсат етілмеген акция ұйымдастырды деген айыппен темір торға қамалды.
Кандидаттар мен рейтингтер
1994 жылдан бері мемлекет басшысы лауазымын атқарып келе жатқан және қазір алтыншы мерзімге сайланған Александр Лукашенконың ресми түрде төрт қарсыласы бар: Андрей Дмитриев, Сергей Черечен, Анна Канапацкая, Светлана Тихановская.
Қазіргі президенттің басты қарсыласы – 26 жастағы тұтқындалған блоггер Сергей Тихановскийдің әйелі Светлана Тихановская.
Сенбіде Светлана Тихановская өзінің отандастарына зорлық-зомбылықтан аулақ болуға шақырды. «Біздің күш-қуатымыз бірлік пен елімізге, отбасымызға деген сүйіспеншілікте жатыр», – деді кандидат өзінің бейне жолдауында. Ол сонымен қатар полиция қызметкерлерін «қылмыстық бұйрықтарға» бағынбауға шақырды.
Бейне хабарлама жарияланғаннан кейін көп ұзамай полиция Тихановская штабының бастығы Мария Морозды ұстады.
Светлана Тихановская Беларусьте мыңдаған адамды жинап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Оны қолдап банкир Виктор Бабарико мен бұрынғы дипломат Валерий Цепкалоның үгіт-насихат құрамы қатысты. Сарапшылар Бабарико мен Цепкалоны Лукашенканың нағыз қарсыластары дейді, бірақ ОСК олардың сайлауға қатысуына рұқсат берген жоқ.
Президенттікке үміткерлікке дейін «Белгазпромбанк»-ті басқарған Бабарико қаржылық қылмыс жасады деп айыпталып, КГБ тергеу изоляторында отыр. Бабаринкомен бірге оның ұлы Эдуард және «Белгазпромбанк»-пен бірге жұмыс істейтін компаниялардың 20-дан астам қызметкері қамауға алынды. Ал билік тарапынан өзіне және отбасына қауіп төнгенін айтқан Валерий Цепкало елден кетті.
Осындай жағдайдан кейін Беларусь президенттігіне үміткерлердің нақты рейтингтері белгісіз: тәуелсіз әлеуметтік институттар елден шығарылып, белсенділерге қысым көрсетілген.
Биліктен қысым
Бұл жолғы сайлауалды науқан барысында Беларусьте жаппай шерулер өтті. Кеше Минск орталығына әскери техника тартылды. Бірқатар телеграм-каналдың мәліметінше, ел астанасына 20 мыңдай әскер жұмылдырылған. Блогерлер мен белсенділер әкімшілік қамауға алынды.
Беларусьтегі қазіргі президент сайлауында Батыс бақылаушылары жоқ: ЕҚЫҰ мен ЕКПА ұйымдары ресми Минск сайлауға шақыруларды мерзімінен кеш жолдаған. Ал Ресей ОСК бақылаушы жіберуден бас тартты – Ресей ОСК да Белоруссиялық әріптестерінен шақырту алған жоқ. Бүгін бақылауды ТМД миссиясы және бірқатар посткеңестік республикалардың өкілдері жүргізіп отыр.
Мәліметтер блйынша, тәуелсіз жергілікті байқаушылар, тіпті Орталық сайлау комиссиясы аккредитациялаған адамдар да сайлау учаскелеріне жіберілмеген. Елдегі Хельсинки комитеті Бас Прокуратураға жүгініп, тіркелген 181 бақылаушының тек 15-іне ғана сайлау учаскелеріне жіберілгенін хабарлады.
Құқық қорғаушылар мерзімінен бұрын дауыс беру кезінде сайлау учаскелерінде көптеген тәуелсіз бақылаушылардың ұсталғанын хабарлады.
Беларусь Журналистер қауымдастығының мәліметі бойынша, 30-дан астам шетелдік БАҚ тілшілері аккредитациядан өткен жоқ. Сыртқы істер министрлігі коронавирусқа байланысты аккредиттеу комиссиясының отырыстарын өткізе алмайды деп хабарлады.
Минск-Мәскеу текетіресі
30 шілдеде ресми Минск жалдамалы 32 сарбаздың ұсталғанын және олардың «Вагнер» жеке әскери тобына мүше екенін хабарлаған.
Ресейдің бұл әрекетін қатаң сынға алған Лукашенко: «Мен орыстардың реакциясын бақылап отырмын. Ресей барынша ақталып әлек. Бұл сарбаздарды Беларусь тарапы әкелді деп санайды. Әрине, әркім өзінің лас ниетін, әрекетін ақтайды. Сондықтан да тергеу жүргізіп, істің мән-жайын тез арада анықтауды талап етемін. Егер елде сайлау алдында тұрақсыздық орнатқысы келгендер ресейлік сарбаздар болса, Мәскеу жауап беруі тиіс», – деді. Бұған дейін Лукашенко Ресей Беларусьті тәуелсіздігінен айыруды мақсат етеді деп бірнеше мәрте айыптаған болатын.
Аталған жағдайдан кейін Ресей тарапы Беларусь аумағында ұсталған азаматтардың жекеменшік әскери компанияның қызметкерлері екеніне күмән білдірді.
P.S: Монархтар мен корольдерді есепке алмағанда, Александр Лукашенко Еуропа аумағында билікте ең ұзақ отырған жалғыз президент. 65 жастағы Александр Григорьевич 1994 жылы президент болып сайланып, 26 жыл бойы ел басқарып келеді. Барлық құндылықтары демократияға негізделген кәрі құрлық үшін бұл – өте ұзақ мерзім. Батыс елдері «Еуропаның соңғы диктаторы» атаған Лукашенконың бұл жолғы президент сайлауында жеңіске жететініне күмән келтіретіндер санаулы. Дегенмен Беларусьтегі халық наразылығын есепке алсақ, Лукашенко биыл тақтағы орнын сақтап қалса да, авторитарлық билігін қанша мерзімге дейін сақтай алатындығы беймәлім.