Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысына сәйкес 1993-1999 жылдар аралығында бұрынғы Ішкі әскердің, бүгінгі Ұлттық ұландық жедел мақсаттағы әскери бөлімдерінің 2 мыңнан аса офицері мен сарбазы Тәуелсіз мемлекеттер достастығының бірлескен батальонында ТМД сыртқы шекараларын қорғау үшін тәжік-ауған шебінде бітімгершілік міндеттерін атқарған болатын.
Сол бір қайғылы оқиғаны еске алар болсақ, осыдан 22 жыл бұрын, 7 сәуір күні тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік миссиясын атқарып жүрген сарбаздарымыз қарулы лаңкестік топтардың тұтқиылдан жасаған шабуылына тап болған еді. Есіл ерлер Памир тауларындағы Пшихавр шатқалында күші өздерінен әлденеше есе басым содырлармен ақтық демдері қалғанша шайқасқа түсті. Төрт сағатқа созылған кескілескен ұрыс 17 сарбазымыздың жасын ғұмырын мезгілсіз қиды. Дегенмен, қайсар ұлдарымыз ел сенімін адал ақтады, жауға жанкештілікпен тойтарыс беріп, ұрпаққа ұран болар ерліктің ерен үлгісін көрсетті.
Ерлік өшпейді, ол уақыт өткен сайын айбындана түседі. Есіл ерлер әрқашан ел есінде, қастерлі Отанның қауіпсіздігі жолында жаужүрек ұландардың атқарған істері мәңгілік құрмет биігінде.
Біз азамат атына, жауынгер міндетіне дақ түсірмеген батыр ұлдарымыз - старшина Қалқаман Бақбаев, сержант Радик Қаймолдиев, кіші сержант Әлихан Өгізбаев, қатардағы жауынгерлер Ержан Байбағысов, Ербол Бекебаев, Бауыржан Далабаев, Жақсылық Жансүгіров, Имомаддин Жұматов, Қанат Едырышев, Ербол Исабаев, Ержан Әбдиев, Еркебұлан Мақажанов, Михаил Мартыненко, Анатолий Мешков, Дастан Нұрметов, Еркін Байғабылов, Тахир Райымжановтардың есімдерін мәңгілік жадымызда сақтаймыз. Өкінішке қарай, сол бір қатыгез сын сағатта жарақат алғандардың біразы арамыздан мәңгілікке ерте сапар шекті. Арада бірнеше жыл өткен соң-ақ, білікті офицерлер Валерий Лысенко мен майор Марат Ахметовтар өмірден озды...
Ішкі әскер жауынгерлерінің ерліктерін Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Ә.Назарбаев та жоғары бағалап: «Сіздердің жақындарымыз бен қайсар ұлдарыңыздың қазасы республикамыздағы әрбір тұрғынның жүрегіне өшпестей жара салды. Қазақстандық батальонның сарбаздары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сыртқы шекарасының тәжік-ауған бөлігін ерлікпен күзетті. Боздақтарымыз мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтау жолында жанын пида етті. Олар біздің бейбітшілігіміз бен тыныштығымызды қорғады» деп қайғыларына ортақтасып, атап өткен болатын.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылы 20 қарашадағы Жарлығымен ерлікпен қаза тапқан 5 жауынгер ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, 12 сарбаз «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалдарымен наградталды.
Қазақстан халқы өзінің ержүрек ұлдарын ешқашан ұмытпайды. Олардың есімдері еліміздің көптеген қалаларында көшелері мен мектептеріне берілді. Әскери бөлімдерде ескерткіш тақталар орнатылды.
Қазақстандық жауынгерлердің тәжік халқына көрсеткен баға жетпес көмегі үшін 2007 жылы Душанбе қаласында монумент ашылды.
Дәл осы күні жылдағы дәстүрге сай Ұлттық ұланның еліміздің түкпір-түпкіріндегі барлық құрылымдық әскери бөлімдерінде ерлікке тағзым жасау шаралары өтеді.
Биыл да сол дәстүрге сай, 7 сәуір күні Алматы қаласында тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жаужүрек 17 сарбаздың ерлік оқиғасының 22-жылдығына орай боздақтарға тағзым жасауға арналған бірқатар шаралары өтеді. «Еске алу мен ерлік күнінде» Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5571 әскери бөлімінде еске алу шарасы өтті. Сондай-ақ, Панфилов атындағы саябақта ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі болды. Және Құрлық әскерлерінің Әскери институтында «Ер есімі – ел есінде» атты тағылымдық жиын шарасы өткізілді.
“The Qazaq Times”