Коронавирусты зерттеп, өршуін тоқтату жұмыстары «тергеуші» қызметімен ұқсас: адам өліміне себепші болған қылмыскерлерді дер кезінде құрықтап, бұлтартпас айғақтар ұсынады; куәгерлерді диалогқа тартып, қоғамға оқиғаның себеп-салдарын түсіндіреді. Алайда тергеуші жұмысынан кем түспейтін халықаралық бірлескен әрекетке қарамастан, вирус дерегі әлі де азайған жоқ. Әлемде күн сайын мыңға жуық адам осы дерттің құрбаны. Соңғы алты ай ішінде жер тұрғындарын төрт қабырғаға қамап, күнделікті өмірде тұрақты терминге айналған COVID-19 жайлы не білдік, қандай нәтиже шығардық?

Алғашқы дабыл

Кез келген вирустың пайда болуын түсіну оның денсаулығымызға қалай әсер ететінін және қаншалықты тез таралатынын болжау маңызды. Әлем жаңа жылды қарсы алуға дайындалып жатқанда, доктор Ли Вэнлян Ухань орталық ауруханасының жедел жәрдем бөлімінде жұмыс істеді. 2019 жылдың соңында сол аймақта пневмониямен (өкпе инфекциясы) ауыратын жеті науқас карантинге алынды.

30 желтоқсанда WeChat топтық чатында Ли Вэнлян өзінің әріптестеріне SARS геномының жаңа толқыны белең алуы мүмкін деп дабыл қаққан. Дәрігер бұл вирустың ауыр, жедел респираторлық синдром екенін ескерткен. Зерттеу нәтижелерінде доктор Ли SARS-тің екінші толқынын емес, COVID-19 (SARS-CoV-2) вирусын анықтады.

SARS – коронавирустың тағы бір түрі, Қытайда алғаш рет 2003 жылы тіркелді. Вирус 26 елге тарап, 8000-нан астам адамға жұқты.

Қытайлық басылымдардың хабарлауынша, әріптестеріне жаңа вирустың әлем үшін қаупі және тез арада өршитіні жайлы хабарлама жіберген соң, дәрігер Ли мен сегіз әріптесін «қауесет таратты» деген айыппен полиция қамауға алған. Қызметіне қайта оралғаннан кейін көп ұзамай Ли коронавируспен ауырды. Вирус алқымынан алған 34 жастағы дәрігер 7 ақпанда қайтыс болды.

NASA зерттеуіне сәйкес, карантин кезінде экологияның 25%-ы тазарған. Фото: ЕРА

Вирустың өршуі

Уханнің жаңа бөлігінде орналасқан Хуанань теңіз өнімдері базарында тірі құстардан бастап балық, бауырымен жорғалаушылар, тіптен жабайы аңдарға дейін сатылды. Бірақ 2019 жылы желтоқсанның соңғы апталарында вирустың өршуі туралы ескертулер күшейген кезде дәрігерлер алдымен жаңа заңдылыққа назар аударды – пациенттердің көпшілігі Хуанандағы теңіз өнімдері базарында жұмыс істеген.

31 желтоқсанда Ухань Денсаулық сақтау комиссиясы Бейжіңге алғашқы ресми есепті ұсынды. Келесі күні базар карантинге жабылды.

Базардағы адамдардан да, тірі жануарлардан да алынған COVID-19 сынамалары оң нәтиже бергенін ескеруіміз керек. Алайда Уханьдағы медицина мамандарының айтуынша, адамдар арасында коронавирустың ең бірінші жағдайы індет толық тарамай тұрып төрт апта бұрын анықталған. Қытай үкіметі ресми мәлімет ретінде ұсынған алғашқы дерек 1 желтоқсанда тіркелген. Дертке шалдыққан қарт Хуанань базарына бармаған, өнім тұтынбаған. Сол себепті ғалымдар теңіз өнімдері сатылатын базар індеттің ірі ошағы деп санағанмен, вирустың алғаш рет осында пайда болуы екіталай дейді.

Қаңтарда Уханьдағы Денсаулық сақтау қызметкерлері қалалық ауруханаларда аурудың қарқын алғанын байқаған. Бірақ ешкім вирустың тек Қытайға ғана емес, бүкіл Азия құрлығына, содан кейін әлемге өте жоғары жылдамдықпен тарайтынын болжай алмады.

11 қаңтарда алғашқы пациент өлімінен тоғыз күн өткен соң, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда және Таиландта жаңа кейстер тіркелді. Осылайша, «адам өлтірушіні» зерттеу басталды. Медицина мен технология саласындағы әлемдік ірі жетістіктерге қарамастан, вирусқа толыққанды тойтарыс беру утопияға айналған.

Коронавирус геномы. Фото: Interpressnews

Вирустың генетикалық сызбасы

АҚШ-тағы Скриппс институтының маманы, профессор Кристиан Андерсен зертханасы жұқпалы аурулардың геномикасын арықтауға мамандандырылған. Олар вирустардың жануарлардан адамдарға таралуын зерттейді.

Желтоқсанның соңында, алғашқы науқастар ауруханаға түскеннен кейін Ухань вирусология институтының ғалымдары жұмбақ вируспен ауыратын науқастардан анализ алды. Олар вирустың геномын көрсететін толық генетикалық кодты іздеді.

Қарапайым түрде геномды әріптердің ұзын тізбегі ретінде қарастыруға болады. Мәселен адам геномы үш миллиардтан астам генетикалық әріптен тұрады. Жалпы тұмау вирусы 15000 әріптен тұрады және бұл тізбекте вирустың миллиондаған рет көбеюі үшін қажет болуы мүмкін барлық нұсқаулар шифрланған.

Вирус геномын декодтауға әдетте айлар, кейде жылдар кетеді. Бірақ 10 қаңтарда профессор Юн-Чжэн Чжан басқарған Ухань вирусология институтының ғалымдары COVID-19 алғашқы геномдық тізбегін – жұмбақтың бірінші және ең маңызды бөлігін жариялады.

Андерсен кодтық портретті анықтағаннан кейін жаңа вирустың 2003 жылы тараған SARS геномымен ұқсас екенін мәлімдеді. Сонымен қатар бұл індет жарқанаттардан тараған деген қорытындыға келді.

Коронавирус – вирустардың үлкен тобы. Олардың жүздеген түрі доңыз, түйе, жарғанат пен мысық сияқты жануарлар арасында таралады. Ал COVID-19 коронавирустың жетінші түрі, ол жануардан адамға жұғады. Тағы бір қаупі – вирус мутацияға ұшырайды.

Тәжірибе-ақпарат

6 айдың ішінде вирус 188 мемлекетке тарап, 8 миллионнан астам адамға жұқты. Аурудың алдын алу қиын болғандықтан, жер-жерде төтенше жағдай енгізілді. Халықаралық ұйымдар мен ғалымдар «вирусты қалай диагностикалау керек?», «вирус өзгеріске ұшырайтын болса, вакцинаны қалай өндіреміз?» деген сауалдар төңірегінде бас қатырды.

51 миллион халқы бар Оңтүстік Корея – COVID-19 шабуылына дер кезінде тосқауыл болып, сәтті қадам жасаған мемлекет. Елде дерт анықталған науқаспен байланыста болған барлық адам оқшауланып, тест тапсырды.

Кореяда алғашқы науқас «Пациент-31» 17 ақпанда анықталды. Ол 1000 адамға дерт жұқтырған. Кореялық дәрігерлер арнайы агент көмегімен науқас әйел байланыста болған барлық адамды тауып, ауруханаға жатқызды.

«Пациент-31» картасы:

6 ақпан. Әйел жол апатына ұшырады

7 ақпан. Вирус симптомдары байқалған ол 128 адаммен байланыста болған

9 және 16 ақпан. 2000 адам жиналған Синчхонджи шіркеуіне барған

17 ақпан. Сырқаты ауырлаған науқастан COVID-19 анықталды.

Фото: Interpressnews

Өлім комбинациясы

Ғалымдар вирустың адам ағзасына жасушалар бетіндегі ACE-2 рецепторларына жабысып, бір ғана жолмен ене алатындығын анықтады.

Сондықтан да вирус мұрын инфекциясынан бастап, сезу қабілетіне әсер етеді, жөтел туғызып, өкпені қабындырады.

Жоғарғы тыныс жолдарына, мұрынға және өкпеге еніп, өкпе қабыну ауруды тез тарататын жөтел мен түшкіруді тудырады. Төменгі тыныс жолдарының инфекциясы өлімге әкелуі мүмкін.

Қорғаныш маскасы тағылған мүсін. Фото: Nzherald.co

Карантиндегі өмір

Жарты жылдың ішінде әлем күрт өзгерді. «Айтпай келген ажал» талайдың өмірін жалмады. Дәл қазір әлемде 18,4 миллионнан астамнан вирус дерегі анықталса, 700 мың адам қайтыс болған. COVID-19 өршіген тұста барлық мемлекет дерлік карантин талаптарын енгзді. Адамдар қалыпты өмір сүруін доғарып, төрт қабырғаға қамалды. Көптеген қызмет, сфералар онлайн режимге ауысты.

Дәл осы қиын кезеңде адам баласы материалдық жағдайдан бұрын денсаулықтың, адами құндылықтардың және қоршаған ортаның маңызын жете түсіне бастағандай. NASA зерттеуіне сәйкес, атмосфераның 25%-ы тазарып, эко-ортаға серпіліс әкелген.

Коронавирус анықталғаннан кейін бірқатар мемлекеттер вакцина шығарудан жарыс бастады. Қазір АҚШ, Ұлыбритания, Аустралия, Ресей сынды елдер вирусқа қарсы екпе өндіріп, сынап үлгерді. Демек жақын арада әлем бойынша жаппай вакцинациялау басталады.

"The Qazaq Times"