3 наурызда халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры президент Тоқаевқа ашық хат жазып, «Жала жапқаны үшін жауапкершілік мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасына байланысты қаупін білдірді.

Азаттық бұл жобада қылмыстық кодекстегі «Жала жабу» бабын әкімшілік кодекске ауыстыру жөнінде сөз болған дейді.

«Әділ сөз» қоры президентке жазған ашық хатында жаңа заң жобасында «сөз бостандығына берілген конституциялық кепілдіктерге нұқсан келтіретін қазіргіден де қатаң шаралар бар екенін» айтқан. Бұл пікірге қарағанда «айыппұл қатты көбейген, алайда зардап шегушіге моральдық өтемақы мүлде қарастырылмаған».

Жобадағы «Жала жабу» бабы бойынша мұнан былай жеке тұлғаларға 200 АЕК (530 200 теңге) көлемінде айыппұл салу немесе 25 тәулікке қамау, ал лауазымды тұлғалар 700 АЕК (1,8 миллион теңге) төлеу не болмаса 30 тәулікке қамау қарастырылған.

2019 жылдың қыркүйегінде ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жала жабуды қылмыстық кодекстен әкімшілік кодекске ауыстыруды ұсынған. Былтыр желтоқсандағы ұлттық кеңестің соңғы отырысында Тоқаев «жала жабу» және «араздық туғызу» туралы қылмыстық кодекс баптарын ізгілендіру жайлы жоспарын жариялаған.

"The Qazaq Times"