АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео кезекті мәлімдемесінде Қытай үкіметін өз елінде жұмыс істейтін шетелдік БАҚ-қа әділеттілікпен қарауға шақырды.
АҚШ мемлекеттік хатшысы бейсенбі күні өткен баспасөз жиынында АҚШ-тағы қытайлық медиа журналистерінің санын қысқарту туралы шешімді жөнінде түсінік берді. «Біз өткен аптада АҚШ-тағы Қытайдың мемлекеттік үгіт-насихат агенттіктерінің бесеуінде қызметкер санының белгіленген шектен асып кеткенін анықтадық. Біз бұл әрекетті президент Трамптың Қытаймен тең құқылы қарым-қатынас орнату миссиясын орындау үшін жасадық», – деді Помпео.
Помпео сондай-ақ, Бейжіңге қарата: «Біз Бейжіңді АҚШ-тағы және өз еліндегі шетелдік БАҚ-қа әділеттілікпен қарайтын болады деп үміттенеміз. Қытай компартиясы тәуелсіз халықаралық журналистердің құқықтарын шектеп, қатаң бақылау орнатып, қысым көрсету немесе қорқыту шараларын енгізіп отыр. Біз өзара түсіністікке қол жеткізу үшін өз шарамызды қолданамыз», – деді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Трамп әкімшілігі осы аптада елдегі қытайлық ақпарат құралдарының санын шектеу туралы шешім шығарды. Бұл Трамп үкіметінің Қытайдағы тәуелсіз ақпарат құралдарына қысым көрсету әрекеттеріне жауап ретінде жасалған. Хабарда айтылуынша, қазір Қытайдағы сөз бостандығының деңгейі бұдан он жыл бұрынғымен салыстырғанда әлде қайда нашарлап кеткен.
АҚШ мемлекеттік хатшысы 5 наурыздағы мәлімдемесінде: «Тәуелсіз ақпарат құралдары жемқорлық әрекеттерді әшкерелеп, жұртшылықтың ақиқатты ашуына мүмкіндік береді. Бұдан бұрын айтқанымыздай, ақпарат цензурасы өлімге әкелуі мүмкін. Біз Қытай Коммунистік партиясын баспасөз бостандығын құрметтеу жөніндегі міндеттемелерін тез арада орындауға шақырамыз», – деді.