Коронавирус пандемиясы сөздік қорымызда бұрын-соңды жиі қолданбаған сөздерді енгізді. Солардың бірі – өзін-өзі оқшаулау яғни үй карантині.

Өзін-өзі оқшаулау дегенді қарапайым тілмен «өзіңізді күнделікті күйбеңнен сызып тастау» деуге болады. Себебі үй карантині кезінде сіз үйде отырасыз, жұмысқа, оқуға және кез келген қоғамдық орындарға бармайсыз, қоғамдық көлік пен таксиге мінбейсіз. Тек төрт қабырғаға «телміріп» тіршілік етуге көшесіз.

Коронавирус пандемиясы әлем елдерінде жоғары қарқынмен тарағандықтан, жер-жерде карантин талаптары күшейтіліп, төтенше жағдай режимі енгізілді. Мәселен, Ұлыбританияда 13 наурыздан бастап тұмауға ұқсас белгілері бар яғни температурасы 37,8 Цельсийден жоғары барлық тұлғаларға кем дегенде жеті күн үйден шықпау ұсынылды. Шетелден оралған азаматтарға билік пен дәрігерлер 14 күн бойына өзін-өзі оқшаулау керектігін ескертті. Ауру белгілері анықталған науқастар өзге адамдардан кемінде екі метр қашықтық сақтау күнделікті тәртіп ретінде бекітілді.

Коронавирустың белгілері:

  • дене қызуының көтерілуі
  • тұмау
  • бас ауруы
  • жөтел
  • тамақ ауруы
  • әлсіздік
  • іш өту

*иммундық жүйесі әлсіз әрі төмен адамдар да жиі кездеседі, сәбилер  мен қарттар да сырқатқа ұшырауы мүмкін. Инкубациялық кезең – 2 күннен 14 күнге дейін.  Әдетте вирус жұқтырғаннан кейін бес күн ішінде симптомдар біліне бастайды.

Дәрігер мамандар өзін-өзі оқшаулау кезінде бір үйде тұратын адамдармен физикалық байланыстарды барынша азайтуға тырысу керек дейді. Әңгімелесу кезінде екі метр қашықтық сақтап, ортақ мүліктерді пайдаланбау қажет. Әсіресе, вирус жұқтыру қаупі жоғары егде жастағы адамадармен байланысты уақытша болсын үзген абзал.

Үй карантинінің негізгі ережесі – қолды жиі сабынмен жуу. Сырттан келген жағдайда антисептик қолданып, маска тағу заң. Үйдегі отбасы мүшелеріне ортақ сүлгі, майлықтар және басқа да шаруашылық заттарды пайдаланбаған жөн.

"The Qazaq Times"