Әлем бойынша коронавирус дерті қайтадан дендеп барады. Bloomberg мәліметінше, әлемде 34 миллионнан астам кейс тіркелген. Пандемияның екінші толқынының алдын алу мақсатында Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде қайтадан төтенше жағдай енгізіле бастаған.
Соңғы мәліметтер бойынша, Біріккен Корольдікте күн сайын 7 мыңнан астам адам жұқтыруда. Корольдік вирустан қаза тапқандар бойынша да Еуропада алдыңғы орында. Жалпы бұл елде вирусты жұқтырғандар саны 450 мыңнан асқан. Осыған байланысты ел премьер-министрі Борис Джонсрн британдықтарға ескерту жасады.
Борис Джонсон: «Елде коронавирустан қайтыс болғандар санының өсуі бізді қатты алаңдатады. Сондықтан осындай маңызды шараларды қабылдадық. Ал азаматтар дертпен күресуге бағытталған барлық шектеулерді орындауы тиіс. Қазанның соңынан бастап күн сайын 500 мың тест аламыз», – дейді.
Чехиядағы ахуал да мәз емес. Мұнда алғаш рет 12 наурызда төтенше жағдай жарияланып, ол 17 мамырға дейін созылған еді. Бұл мемлекет – қазір Еуропа бойынша коронавирус жылдам тарап жатқан елдердің бірі. Сондықтан билік араға 4 жарым ай салып, қайтадан қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр. Яғни алдағы дүйсенбіден бастап мұнда бір айға төтенше жағдай енгізіледі. Экономикалық дағдарыстың аллдын алу үшін билік бұл тәртіптің көктемгіден жеңілірек болатынын бірден ескертті.
Елдің Денсаулық сақтау министрі Роман Примула: «Төтенше жағдай – қазіргі эпидемиологиялық ахуал кезінде тез әрекет еуге мүмкіндік беретін заңнамалық құрал. Мәселен, біз медициналық факультетте оқитын студенттерді ауруханаларға көмекке тарта аламыз. Қазіргі шектеу шаралары көктемгі төтенше жағдаймен салыстырғанда жеңілірек болмақ. Мәселен, дүкендер, тамақтану орындары мен шекаралар жабылмайды. Дегенмен келесі дүйсенбіден бастап жабық орындарда 10 адамнан артық жиналуға болмайды. Ал далада 20-дан аспауы тиіс», – деп мәлімдеді.
Испания үкіметі коронавирустық жағдайдың нашарлауына байланысты Мадридте карантин жариялады. Мұнда соңғы екі аптада тіркелген COVID-19 жағдайларының үштен бірінен көбі Мадридке тиесілі. Мадрид тұрғындары белгілі себептермен ғана, соның ішінде жұмыс бабымен қаладан кете алады. Сондай-ақ мейрамханалар жұмыс уақытын қысқартып, қоғамдық орындарда алтыдан көп адамның жиналуына тыйым салынған. Испанияда пандемия басталғалы бері 749 мың адам инфекцияны жұқтырып, 31 мыңнан астам адам қайтыс болды.