Қазақстанда бейбіт шеру кезінде шектеу шаралары әдеттегідей күшейтілді: 6 маусым – оппозициялық ұйымдардың митингісі жоспарланған күні бірқатар қалаларда белсенділер ұсталып, Алматы тұрғындарына 5 сағат көлемінде адам көп жиналатын орындарға бармау туралы ескерту жасалынды. Қазірдің өзінде қаладағы Абай алаңы дезинфекциялау мақсатында қоршауға алынған. Бұл шара «Қазақстанның демократиялық партиясын» құрғысы келетін бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамай мен оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жоспарлаған митинг күнімен қатар келіп отыр.
Бүгін Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің тапсырмасымен қалада адамдар көп жиналатын орындарды дезинфекциялау жұмыстары басталды. Info РСК жариялаған үндеуде жаппай дезинфекциялау жүргізілгендіктен, 5 сағат бойы сыртқа шығуға болмайды деп ескерту жасалған. Ең алдымен жұрт көп жиналатын алаңдар, көшелер мен парктер, скверлер, жаяу жүргінші аймақтары залалсыздандырылады. Қоғамдық кеңістіктерді өңдеу жұмыстарына 1200 жұмысшы және 135 арнайы техника жұмылдырылған. Осылайша, Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының мәліметі бойынша дезинфекция жасау үшін қала орталығында жүріп-тұру шектеледі.
Алматы Тұрғын үй саясаты басқармасы: «Карантин режимінің бәсеңдеуіне орай коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының артқаны байқалады. Өйткені, қалалықтар қоғамдық орындар – алаңдарға, жаяу жүүргінші аймақтарына, парктер мен скверлерге жаппай баруда. Оның үстіне санитарлық қауіпсіздік ережелері сақталмауда, маска тағылмауда, әлеуметтік қашықтық сақталмауда. Адамдар көп жиналатын орындар өте қауіпті, себебі вирус түрлі заттардың, орындардың беттерінде орнығып қалады», – деп мәлімдеді.
Күні кеше Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов және бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев рұқсат етілмеген митинг қарсаңында әдеттегідей ескерту мәніндегі үндеу жариялап, митингке қарсылығын ашық білдірген. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 4 маусымда өткен онлайн брифингте жұртты вирустың екінші толқыны жүріп жатқанда, карантин кезінде митингіге шықпауды ескертті. «Карантин кезінде жұрт көп жиналатын шараларға тыйым салынады. Бұл адамдар үшін қауіпті. Заңды сақтау керек. Пандемия кезінде, эпидемия кезінде бас санитарлық дәрігердің қаулысын сақтау керек. Митинг ұйымдастырушыларға айтарым, мұндай шараларды кейінге шегере тұрған дұрыс. Митинг вирустың жаппай тарауына әсер етеді. Біз бұған қарсымыз» – деді бас дәрігер.
6 маусымға оппозициялық саясаткер, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов пен «Қазақстанның демократиялық партиясын» құрғысы келетін бастамашыл топтың жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамай Алматыда халықты билікке қарсы шеруге шақырған. Осы ретте қаланың бас санитар дәрігері Бекшин Әблязов пен Мамай ұйымдастырған митинг қатысушыларынан коронавирус анықталған жағдайда, жаппай оқшауланатынын да ескертті. Сарапшылар дәл осы күні Алматыда дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, жұрт көп жиналатын орындарға бармау туралы ескерту де «адам құқықтарын таптау, сөз бостандығын шектеудің бірден-бір айқын дәлелі» деп бағалайды.
«Еститін, әрі халық үніне құлақ түретін мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған президент Тоқаев билігі кезінде де елде ықтимал митинг қарсаңында белсенділер қамалып, митинг болады деп белгіленген орындардың қоршауға алынатыны әдетке айналған. Осыған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстан билігі карантинді пайдаланып, адам құқығын шектеп жатыр деп мәлімдеген. Елдегі құқық қорғаушылар да пандемия кезінде билік белсенділерге қысымды күшейтті деп дабыл қаққан.