2015 жылғы «Қазақстан дауысы» жобасының жүлдегері, әнші Сейт Сауатай бейбіт митингке қатысқаны үшін қамауға алынған. Әншінің жақындары полиция оны ауруханада жатқан жерінен алып кеткенін, туыстарына да ескертпегенін айтады.

Жақындарының айтуынша Сейт Сауатай (құжат бойынша Сеит Сауатай) 5 қаңтарда Алматыдағы бейбіт митингке шыққан, сол күні кеште аяғынан жарақат алып №12 қалалық ауруханаға түскен. Бірнеше күннен кейін оны полиция алып кеткен, қайда апарғанынан хабарсыз қалған турыстары іздестіріп жүріп Си-18 изоляторында екенін тек 17 қаңтарда ғана білген.

Сейт Сауатайдың жақындары оған мемлекет тағайындаған адвокатты да іздестіріп жүріп тапқан. Оның айтуынша әншіге Қылмыстық кодекстің туралы 272-бабы (Жаппай тәртіпсіздік бабы) 2-тармағы бойынша күдік тағылып, екі айға санкцияланған.

Ал, жақындары болса әншінің бұзақылық пен тәртіпсіздікке қатысы жоқ, есесіне рухты, патриоттық әндерімен еліне адал қызмет етіп жүрген өнер адамы екенін айтады. "Талантты өнерпазға жазықсыз жала жабылып, тағдарына балта шабылмаса екен" деп алаңдайды.

The Qazaq Times