Бүгінде алты құрлыққа тарап, 6 миллионнан астам адамға жұғып үлгерген COVID-19 вирусына байланысты көктем басында Қазақстанда да карантин жарияланды. ТЖ режимі енгізілген күннің ертеңінде-ақ сол кездегі ақпарат министрі Дәурен Абаев БАҚ өкілдері мен интернет қолданушыларға қарата жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылатынын ескертті. Ал 22 наурыз бас мемлекеттік санитардың қаулысы шықса, 23-і мемлекет басшысы Тоқаев ҰҚК, бас прокуратура және ақпарат министрлігіне қоғамдық көңіл-күй мен әлеуметтік желіге жіті мониторинг жүргізуді тапсырды.

Сонымен аталған құжаттар мен шектеу шаралары ақпараттық саясатты қалайша әлсіретті және індеттің барына сенбеушілер қатары неге өсті? Денсаулық сақтау министрлігінің жаңалық тарату кестесі неге өзгерді? Алматы қаласының орталық ауруханасындағы бар шындықты бүкпесіз берген журналист Ирина Советжанқызының үстіне арыз жазған кім, неліктен? Кейіпкерлер, сарапшылар, жауаптылар талқысында ұсынамыз. 

Бұғауға түскен БАҚ

Биыл 22 наурыздағы бас мемлекеттік санитария дәрігері лауазымына жаңа тағайындалған  Айжан Есмағамбетованың №26 қаулысы (2-тарау 4-тармағы) бойынша, «денсаулық сақтау мекемесінде, жедел жәрдем көлігінде, жергілікті атқарушы орган карантин енгізген аумағында, сондай-ақ дәрігер үйде медициналық көмек бергенде де дыбыстық, фото және бейнетаспаға жазуға тыйым салынды».

Наурыз айында Қарағандыда 101tv.kz қоғамдық интернет-телеарнасының жетекшісі Ботагөз Омароваға күш көрсеткені, 25 наурыз Азаттық радиосының Оралдағы тілшісі Мария Мельниковаға қысым жасағаны хабарланды. Наурыздың соңына қарай Informburo.kz журналисі Серікжан Мәулетбай Facebook желісінде билік, әсіресе, әкімдіктер ең көп қойылатын сұраққа жауап бермейтінін, жүйелі мәлімет алу қиындағанын айтып, жазба жариялады. «Орал апталығы» басылымының тілшісі Нана Иксанованың БҚО білім басқармасына жолдаған сұрауына мекеменің баспасөз хатшысы Жәнгірова Үміт бірнеше күн бойы жауап бермей, тұтқаны көтермей қойған. Журналист ресми уәкілдің соңынан қалмай жүріп алған үстіртін жауабына қанағаттанбаған. Мұндай мысалдар көп.

Елді үрейге салып, елеңдеткен індет төңірегіндегі сұрауына жауап ала алмай немесе қызмет барысында ойға келмейтін түрлі кедергіге тап болған журналистер көптеп кездеседі. ТЖ жарияланғалы бері тек тілшілер арасында осы тақілеттес ондаған жағдай тіркелген. Мұны халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының наурыз-сәуір (мамыр айының есебі әлі түзіліп болмады – QT) айларына арналған мониторингінен көруге болады. Ал әлеуметтік желілерде өз пікірін ашық айтамын деп билік тұсауына іліккен блогерлер мен азаматтық белсенділердің нақты есебін шығару қиын.

Еркін қозғалуға арналған электронды жүйе іске қосылуына байланысты журналистер көптеген кедергіге жолықты. Сәуірдің 16-сы ІІМ баспасөз қызметі ТЖ қағидасын бұзған 5 мыңнан астам адамның жауапқа тартылғанын және жалған ақпарат таратқан 80 қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеуге жіберілгенін жеткізді.

21 сәуір «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы жариялаған «Әлемдік баспасөз бостандығы индексі» рейтингінде  Қазақстан 180 елдің ішінде 157 орынға тұрақтады. Сол кездегі ақпарат  министрі Дәурен Абаев әдеттегідей ұйым есебінің шынайынылығына күмәнмен қарайтынын мәлімдеді. Іле-шала халықаралық Human Rights Watch ұйымының Еуропа-Орталық Азия аймағы бойынша директоры Хью Уильямсон 23 сәуір Азаттыққа берген сұқбатында «ТЖ кезінде ақпарат құралдарының қызметкерлеріне ғана емес, пікірін еркін білдіргісі келетін кез келген азаматқа қысым жасамауға шақырды». Артынша ұйым Қазақстанның «COVID-19-ға қарсы күресті сылтауратып» адам құқықтарын бұзғаны туралы есебін жариялады.

27 сәуірдегі президент Тоқаевтың елге жасаған үндеуінде уақтылы әрі сенімді хабар таратып жүрген журналистерге алғысын білдіргенімен, одан кейін де БАҚ жұмысына кедергі тоқтамады. Медицина саласындағы қордаланған мәселелер мен көзбояушылықтар су бетіне шығып жатқаны амбулаториядан бастап ведомствоға дейін жақпағаны анық. Елдің түкпір-түкпірінде салғырттық пен нашар еңбек жағдайына қарсы бас көтерген дәрігерлердің ашық мәлімдемесінен кейін үдеген қысымның бірі Атырауда көрініс берді.

11 сәуір Атырау облыстық ауруханасы дәргерлерінің уәжін тыңдауға барған (санитарлық талапты қатаң сақтаған әрі сұқбатты сыртта, ашық жерде алған – QT) «КТК» телеарнасының аймақтық екі корреспонденті Бекен Алирахимов пен  Манас Шариповті полиция ұстап әкетті. Оларға ТЖ ережесін бұзды деген айыппен әкімшілік хаттама толтырылып, түсініктеме алған. Сосын журналисті Береке ауылына карантинге, ал операторды провизор орталығына апарған. Өңірдегі жедел штаб та құқық қорғау органдарының сөзін сөйледі. Оқиғадан бір күн өткен соң ақпарат министрі бұрынғыша әкімдіктерді бар болғаны «БАҚ жұмысына түсіністікпен қарауға» шақырды.

Министрліктің уәжі: Кейстер санын хабарлау тәртібі неге өзгерді?

ҚР-ның №451 «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және  №94-V «Дербес деректер және оларды қорғау туралы», № 401-V «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңдарында көзделген журналистердің шынайы ақпарат тарату құқығы неге шектелді? Неліктен ауруынан айыққан пациенттердің саны бұрынғыша дер кезінде жаңарып, ал жаңа кейстердің жиынтық саны бір күннен кейін жариялануда?  Қазақстан билігі не себепті және қандай негізбен БАҚ қызметіне шектеу қойды?

Жоғарыда айтылған мәселелердің анық-қанығын білу мақсатында министрлікке жолданған сұраққа Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті «Төтенше жағдай режимі алынып тасталғаннан соң әрі коронавирусқа шалдыққан науқастар санының өсуіне байланысты жариялау басқаша тәртіпке көшті» деп түсіндірді. Әйтсе де жауапты орган хабарлама тәртібінің өзгергенін бұған дейін ашып айтпаған.

Одан бөлек денсаулық сақтау министрлігінің ресми уәкілі Диас Ахметшәріп редакция сауалына «халық жаман індеттің барын түсініп, көз жеткізген соң әрі ТЖ аяқталғаннан кейін министрдің шешімімен басқа шетелдердің үлгісі негізінде тәулігіне бір рет жиынтық есеп беру тәртібіне көштік» деп пікір білдірді. Оның айтуынша, қазіргі таңда бас штаб күнделікті тіркелген жағдай туралы ақпаратты ертеңіне таңғы сағат 8:00-де хабарлау кестесімен жұмыс істейді.

Белгілі тілші Елнұр Әлімова «журналистер ғана емес, қоғам да ақпаратты дер кезінде ала алмай отыр. Меніңше, бұдан қазақстандықтардың құқығы бұзылып жатыр», – дейді. Оның пікірінше, мұның бәрі мемлекеттің саяси жүйесіне келіп тіреледі. «Батыс елдері қашанда ақпарат құралдарына ашық, қоғамға есеп беріп тұрады. Тереңдей қарасақ, демократиялық құндылықтар мәселесі» деп санайды.

Төртінші емес IV билік: Комитет «пайымы» VS «легитимсіз» шешім

БАҚ өкілдерін пациентпен тікелей байланыстырмаса да карантин аймағындағы қызметкерлер фото-видео түсірілім жасап, науқастардың уәжін анонимді түрде аурухана фонымен мемлекеттік медиа ресурстар арқылы жарияласа болар еді дейді сарапшылар.

Комитет төрағасы Тимур Сұлтанғазиевтің атынан келген хатта 2009 жылы қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіндегі 21-бапқа (12-тармағының 6-тармақшасы) сілтеме жасалған.

Актіге сәйкес «мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті лауазымды тұлғалары халық саулығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жекелеген объектілерде шектеу іс- шараларын, оның ішінде карантинді белгілеуге құқығы бар» делінген.

Кодекстен үзінді келтіре отырып, карантин шарасының анықтамасын ұсынған комитет жауабында «БАҚ өкілдерінің пандемия кезінде ауруханаларға кіріп-шығуына, карантиндік станционарда қызметін жүзеге асыруға мүмкіндік берілмейді» деп нақты жазылған.

«Карантинге байланысты шектеулер «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңын бұзу болып табылмайды деп пайымдаймыз және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне қойылған шектеуді алып тастау туралы шешімді тиісті аумақтардағы бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер қабылдайды», – дейді комитет төрағасы Сұлтанғазиев.

BBC, NT, CNN, FoxNews, al-Jazeera, тіпі РИА-Новости сияқты медиа алпауыттардың ауруханадан репортаж беріп, жеткілікті ақпараттандыруының арқасында бұл елдерде конспиролог көзқарасындағы аудиторияның үлесі аз екені жасырын емес. «Шетелде болып жатқан нәрсеге біз жауап бермейміз. Біздің ешқандай қатысымыз жоқ» деген ведомство уәкілі Диас Ахметшәріп көпшілікпен бірге тілшілерге шектеу қойылғанын айтады.

«Мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қаулысына сай, барлық медициналық мекемелер карантинге жабылды. Онда көп кісінің келуіне тыйым салынды. Шұғыл түрде дәрігерге жүгіну-қаралу тұрақты түрде жүрді, ал жоспарлы қаралу кейінге шегерілді. Сол секілді журналистер дәрігерлермен сұхбаттасу кезінде вирус жұқтырып, өзіне және өзгелерге зиян тигізбес үшін БАҚ өкілдеріне де рұқсат бергеміз жоқ. Фото-бейне түсірілімге рұқсат берілген жоқ. «Дәрігерлік құпия», «Дәргерлік келісім» туралы заң бойынша науқастар жөнінде мәлімет беруге тыйым салынған. Індеттің ошағына тек арнайы қорғаныс киіміндегі дәрігерлер ғана кіреді. Ақпарат сұратқан БАҚ өкілдеріне дәрігерлерден 5-10 минут ауысым кезінде ұялы телефонға түсіріп беріп отырдық», – дейді ол.

«Медианы карантин аймағынан шеттету қоғамда індеттің барына сенбейтіндердің қарасын көбейтті. Жауапты ведомствоның ақпарат құралдарын аластауының, вакцинация пропагандасын үдетуінің салдарынан халықтың алған жауабынан гөрі қояр сұрағы артты». Осылай деген балалар жүйке ауруларының дәрігері  Қайырғали Көнеев бейне-фото түсірілімге тыйым салуды «БАҚ туралы, жеке азаматтардың ақпараттану құқығы жөніндегі негізгі заңдарға қарсы шешім» деп бағалайды. Оның пікірінше, әсілі министрдің бұйрығы заңнан кейін тұруы тиіс. Сарапшы «шынын айтқанда, ведомствоның бұл бұйрығы әділет министрлігіне тіркеліп, толық мәтіні баспасөзде жарияланбағандықтан, легитимсіз деп санауға болады» дейді.

Қазақ-қырғыз журналистикасының карантин кезіндегі тынысы

Орталық Азия елдері ДДҰ  ұсынған нұсқаулықты ұстанады. FactCheck  қырғыз қызметінің бас редакторы Болот Теміров  Қырғызстандағы жағдайдың ұқсас екенін айтады.  «COVID-19 таралмай тұрып мемлекеттік бас арна ҚРТК-да вирустың беталысын ескерместен әзірге дауасы белгісіз кеселге тұмау деңгейінде қарап, аса қауіп тудырмайтынын айтқан сарапшының пікірі берілді» деген журналист осындай  ақпараттық саясаттағы шалыс қадамдар елдің  пандемияға немғұрайлы қарауына алып келгеніне қапалы.

«Карантин басталған кезде журналистер кәсіби қызметіне байланысты еркін жүріп-тұруға құқылы мамандар тізіміне енбеп еді. Бірақ журналистердің жаппай наразылығынан кейін Бішкек  пен Ош әкімдігінің аккредитациялаудан өзге таңдауы болмады. Әйтсе де ауруханаға кіруге арналған шектеу өзгеріссіз қалды.

Ол ол ма, кейде брифинг-конференцияда шенеуніктерге сұрақ қою қиынға соқты. Дегенмен БАҚ әлеуметтік желіде қызу жұмыс істеп, жағдайды реттей алды. Талап-арызын ашық айтқан дәрігерлерге билік қысым жасай бастады. Көп ұзамай шу өршіп кеткен соң құзырлы органдар қоқан-лоқылықты тоқтатуға мәжбүр болды», – дейді Теміров медианың пайдасын сөз етіп.

Ал карантин кезінде аймақтарға қатынауы қиындаған, онлайн брифингтерде көп сұрақтарына жауап ала алмаған қазақстандық журналистердің бірі Елнұр Әлімова «батыс елдеріндегі журналистика секілді жұмыс істедік деп айта алмаймын» дейді.

Ақ халаттылар аманатын арқалаған Ирина

Ең алғаш 10 сәуірде кешкісін №12 аурухананың дәрігерлері Информбюро тілшісі Ирина Советжанқызына шағымын айтып, жекесіне шыға бастаған. Ауруханадан бір күнде төрт адамнан коронавирус анықталған сәтте дәрігерлер тілшіге карантинге байланысты хабарласқан. Медицина қызметкерлері бірден ашып сұқбат беруге тартынған. Десе де жағдайды айтпасқа көзі жеткен дәрігерлер тілшімен жұмыс істеуге кіріскен. Советжанқызы министрлікке, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жолдаған сұрауына дер кезінде жауап ала алмағанымен, қалалық баспасөз қызметінен хабар келген. Ведомстводан бастап жауапты органдар ресми түрде жарияланбаған ақпарат журналистің қолына қалай түскенін тексертіп, дерек көзін іздестіріп, аурухана басшылығына сөгіс берген деседі. Ол дәрігерлермен тұрақты түрде байланысып отырған. «Сол күні ертеңіне жазылған шағымды 17 күн өткеннен соң, 30 сәуір күнгі «Сөздің шыны керек»-те Қараой зиратындағы жағдаймен ресми көрсеткіштің сәйкессіздігі туралы шығарылымынан кейін  бір-ақ білдім» деген тілші осы аралықта әлеуметтік желі мен эфирде орталық ауруханадағы дерт ахуалы жайлы үздіксіз хабар жазып отырған.

Оның айтуынша, орталық аурухананың сол тұстағы бас дәрігері Алмаз Жұбашевтың  атынан жазылған арыз жоғарыдан келген тапсырма көрінеді. Ирина Советжанқызы аталған шағымды өзінің қызметіне кедергі жасау мақсатында жазылған деп санайды. Алайда әкімшілік не қылмыстық құқықбұзушылықты растайтын мәліметтің жеткіліксіздігінен іс тоқтаған.

Кәсіби қызметіне қатысты белгілі журналист Ирина Советжанқызының үстінен түскен арыз қаралмайтын болды. Фото: кейіпкердің жеке қорынан

«Карантин кезіндегі кедергілер аз емес. Брифингке жолданған сауалдар талғап қойылады. Сондықтан ортақ чаттан бөлек ресми сұрау хат жіберуге мәжбүрміз. Мәселен, 21 мамырдан бері бір сұрағыма әлі жауап ала алмай келемін. Алматы облысының аумағындағы пандемия құрбандарын жерлейтін Қараой зиратындағы қабірлер мен ресми мәліметтегі айырмашылық туралы сұраққа бүгінге дейін тұщымды ақпар жоқ», – деп, осы тәрізді көп кедергінің салдары қоғамда күмәннің күшеюіне алып келетініне алаңдайды.

Орталық аурухана басшылығы жүздеген кадры вирус жұқтырып, мәселе ушығып жатқанда онсыз да жариялануы тиіс ақпараттың жарыққа шығып кету себебімен «күресіп» жүргені таңдандырады.

«Індет қарқыны өршіп тұрғанда әртүрлі әлемдік ақпарат құралдары ауруханада ықтиярлы  науқастардан сұқбат беріп жатты. Ал бізде... Барлық санитарлық талапты сақтай отырып, пациенттің дауысын өзгертіп-жүзін бүркеп интервью алуға өтінім бердік. Тіпті Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан дәрігерлер көмегімен бейнежазба жазып беруін сұраттық. Ешқандай мардымды жауап болмады.  Тағы бір мәселе, ШҚО-орналасқан  балалар интернатындағы жағдай жөнінде хабар дайындауға Өскемендегі тілшіміз Аягөзге ат арытып барды. Мұнда да тілшіні тестіден өтпеуі себепті мекемеге кіргізбеді. Ең болмағанда, бірде-бір адам сыртқа шығып, қашықтан болсын пікір бермеді, – дейді ол.

P.S.: Айтпақшы, коронавирус басталғалы facebook желісіндегі министрлік парақшасында 2,5 ай бойы әлеуметтік желіде 51 рет тікелей эфир жүргізілгенін тілге тиек еткен Диас Ахметшәріп орысша үлесі басым контентті қазақшалауға уәде берді.

"The Qazaq Times"