Қытайдың экономикалық ықпалының артуымен бірге, соңғы жылдары дипломатиялық ықпалының да арта түскені мәлім. Қытай ықпалының жан-жақты кеңеюі қытай билігінің адам құқығын бұзу істерінің шекарасын да кеңейтті. Бейжің өзінің дипломатиялық ықпалынан пайдаланып, шетелдерге паналауға мәжбүр болған Шынжаңдағы аз санды ұлт өкілдерін қудалауға ұшыратуда.
Соңғы жылдары қытай билігі түрік билігінен Түркиядағы ұйғырларды тұтқындап Қытайға жер аудартуды (экстрадициялау) талап етіп жатқаны туралы бейресми мәліметтер еміс-еміс айтылып келген. Кеше, америкалық Axios News интернет-сайты бірқатар құпия құжаттар арқылы Қытай билігінің бұл әрекетін ашық әшкереледі.
Аталған сайтта жарияланған құжаттар Қытай үкіметінің Түркиядан сот және дипломатиялық арналар арқылы Түркиядағы ұйғыр диссиденттерін экстрадициялауды және бұл істі құпия ұстауды өтініш еткенін айғақтайды. Axios News жариялаған құжатта көрсетілуінше, 2016 жылдың 27 мамрында Қытай Әділет министрлігі және Сыртқы істер департаменті Түркияның Әділет министрлігіне хат жолдап, екі ел арасында 1995 жылы қол қойылған «Азаматтық, коммерциялық және қылмыстық соттық көмек туралы келісімдердің» орындалуын талап етеді. Сондай-ақ, Шыңжаң қоғамдық қауіпсіздік агенттігі тергеуі бойынша террористік ұйымға қатысы бар деп күдіктенген Ануар Тұрдының (аталған сайт оның есімін Enver Turdi, яғни Энвер Турди деп көрсеткен) ісіне қатысты, Түркия тарабынан оның тұрған жерін тауып, қамауға алуын және Қытайға қайтарып беруін сұраған. Әрі, Түркия тарабының бұл істі құпия ұстауын өтінген.
Axios News веб-сайтында жария болған құжаттарға қарағанда, Түркия үкіметі бұған 2017 жылы жауап берген, айталық, Түркия Әділет министрлігі бұл істі қабылдағанын, сот отырысы басталғанын білдірген. Үкіметтер арасындағы бұл операцияның қалай жүзеге асқанын түсіндіру үшін Әнуар Тұрды туралы азырақ сөз қозғауға тура келеді.
Аталмыш сайттың хабарлауынша, Ануар Тұрды 2012-2013 жылдары шетелдік БАҚ-қа Қытай үкіметінің Шынжаңдағы құқықбұзушылық әрекеттерін жария еткен. 2014 жылы Түркияға саяхат визасы арқылы барып, уақытша тұруға рұқсат алған. 2015 жылы Түркиядағы Қытай елшілігі Тұрдының уақытша паспортының жарамдылық мерзімін ұзарту өтінішін қабылдамаған және жаңа паспорт беруден бас тартқан. Тұрғылықты жері бойынша заңды құжаттардың болмауына байланысты Түркия үкіметі Тұрдыны эвакуация орталығына 2017 жылы 12 айға қабылдаған. Осы кезде түріктердің қауіпсіздік қызметі Ануар Тұрдылан жауап алған, сол бойынша Тұрдылы «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымымен қатысты болған бір сайтты басқарды деп көрсеткен, дәлел оның 2004 жылғы оқу бітіру естелік фотосын көрсеткен. Алайда, Тұрды бұл айыптауды жоққа шығарып, оқу бітіру фотосына тек Қытайда ғана түсе алатынын алға тартады. Осыдан кейін Тұрды ісі Түркияның қылмыстық сотына (иммиграциялық сотқа емес) жіберіліп, қазіргі дейін сот отырысын күтуде.
Америкалық веб-сайттың көрсетуінше, бұл құжаттарды осы жылдың бас шенінде Тұрдының адвокаты қолға түсірген және істің артында Қытай үкіметінің тұрғанына көз жеткізген. Түркия мен Қытай экстрадиция туралы шарттың жобасына 2017 жылы қол қойды, бірақ Түркия парламенті әлі оны мақұлдамады. Егер мақұлданса, Түркия Қытайдың экстрадициялау туралы сұраныстарының көпшілігін қанағаттандыра алады. Axios News веб-сайтындағы мақалада Түркия үкіметі 2017 жылға дейін Шыңжаңдағы ұйғырлардың еліне пана іздей келуіне ашық түрде қолдау көрсеткен. Бірақ, Анкара мен Бейжіңнің қарым-қатынасы жақсарған сайын түрік үкіметінің ұйғыр босқындарын қолдауы әлсірей түсті. Түркияда қуғынға түскен ұйғырларды қазір түрік үкіметі террористік қылмыстар жасады деп айыптап, жауапқа тартып жатқанын айтады.
Америкалық сайт бұны Қытайдың өсіп келе жатқан дипломатиялық ықпалы арқылы шетелдерге паналаған ұйғырларды бақылау, қажет болса Қытайға қайтарып алу әрекеттері деп көрсеткен. Қытай Түркия ғана емес, Мысыр, Тайланд секілді елдерден де ондаған ұйғырды еліне қайтарып алған. Олардың көбі экстрадициядан кейін із-түссіз жоғалып кеткен немесе кейбірі қайтыс болған.