Бүгін, 10 ақпан сағат 12:00-де Қазақстан Халықаралық Адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі бюрода Демпартияның ұйымдастыру комитеті Қордайдағы қақтығыс бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.
Жиын барысында Жанболат Мамай, Ырысбек Тоқтасын, Төлеген Жукеев және Сәуле Абединова сынды қоғам белсенділері қатысты. Олардың айтуы бойынша, бұл істің ушығуына билік өкілдерінің салғырттығы себеп болған көрінеді. «Егер сол оқиғаның алдын алып, әрекет ететін болса, іс насырға шаппас еді деп кесіп айтты. Бұған ұқсас оқиғалардың бұрын-соңды талайы өткенін және барлығында нәтиже бір, яғни қазақ кінәлі болып шығатынын» тілге тиек етті. Сондай-ақ спикерлердің сөзінше, «мемлекеттік саясаттың үлкен кемшілігі және бұған ішкі істер министрі Тұрғымбаев, облыс әкімі Мырзахметов жауап беруі керек, қажет болған жағдайда, отставкаға кетуі керек».
Қоғамдық белсенді, журналист, бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамай:
– Төбелес 6 ақпан күні басталған. Билік органдарының өзі бұл ақпаратты мойындайды. Олай болса, неге сол билік органдары мен поицейлер 7 ақпанға дейін шара қоланбаған? Ұлттық қауіпсіздік комитеті неліктен әрекет етпеген? Бұл проблемаға кешенді түрде қарау керек. Полиция қызметкерлерінің кемшілігі: Қарапайым халық былай тұрсын өз қызметкерлеріне күш көрсетіп жатқан кезде әрекет қылмай, көз жұма қараған. Бұл өте таңғаларлық жағдай. Бұл полиция ведомствасының, жалпы күштік құрылымдардың дайындығы жоқ екендігінен хабар береді. Екіншіден, бұл жемқорлықтың фактісі. Біз білеміз, егер Алматы қаласы мен астана адамдар топ боп көшеге митингке шығатын болса, полиция қызметкерлері жетіп келіп, сол адамдарды қоршай жөнеледі. Сол тұстан тұтқындап, алып кетеді. Мен айтар едім, полицияға қол көтеру – мемлекетке қол көтеру деген сөз. Полицияның жағасынан алу – мемлекеттің жағасынан алу, мемлекет заңын аяққа таптау деген сөз. Сондықтан бұл істе үлкен кемшілік бар, – деді.
Ал азаматтық белсенді, журналист Сәуле Абединова билік қоғамдық тыңдаусыз өз бетінше бекіткен тізімдегі комиссия жұмысы үнемі күмән туғызатынын, соңы сиыр құйымшақтанып кететініне алаңдаулы.
– Бұл бірінші рет емес. Бұған дейін қаншама оқиға болды. Қалай болғанда да, осындай оқиғалар орын алған кезде үкіметтік комиссия құрылады. Бірақ оның арты сиыр құймышақтанып кетеді. Ол үкіметтік комиссияның нәтижесі, қорытындысы біреу ғана. Әр кезде осы жердің иесі қазақ кінәлі болып шығады. Бұл менің ұлтшылдық пікірім емес. Шын мәніндегі жағдай солай. Сондықтан қоғамдық комиссия құрылуы керек. Ол комиссияның құрамына шынайы сараптама, қорытынды жасай алатын, екі жақты қатар тыңдайтын адамдар кіруі тиіс, – деді Сәуле Әбділдаханқызы.
Мәслихатта қайта сөз алған Мамай министрдің тұрмыстық кикілжіңнен туды деген уәжінің жансыз, орынсыз екенін айта отырып, басты себеп елдің әділетсіздікпен күресуге биліктің дәрменсіздігінен, өз бетінше әрекеттенгеніне баса мән берді. Оның пікіріне қарағанда, бүліктің түп-тамыры әлеуметтік теңсіздік пен жемқорлықта.
– Бізде «Қазақстан халық ассамблеясы» деген ұйым бар. Оның жылдық бюджеті 2,7 миллиард теңгеге жетеді. Олардың 9 депутаты бар. Кеше Қордайда солардың біреуін көргеміз жоқ. Бірде-бір ассамблея мүшесі, парламент депутаты сол жерге барып, мына қақтығыстың алдын алып, екі тарапты да тыңдап, мәселенің мән-жайын терең зерттеуге ат салысқан жоқ. Бұндай органның түкке қажеті жоқ. Қазақстан халық ассамблеясы деген арбаның бесінші дөңгелегі сияқты орган... Бұл оқиғаға кінәлі билік. Біз бұл оқиғаның салдарын ғана айтып жатырмыз. Негізінде бұның себебін қарауымыз қажет. Оның түп-тамыры әлеуметтік теңсіздікте, жемқорлықта... Қазір үкіметтік комиссия жасақталды. Біз көріп отырмыз, оған мемлекеттік шенеуніктер ғана кіріп отыр. Шаңырақ, Жаңаөзен оқиғалары кезінде де мемлекеттік комиссиялар құрылған. Бірақ олардың обективті шешім шығарғанын көрген жоқпыз. Билік бұны «тұрмыстық жанжал» деп көрсеткісі келсе де, оның артында Қазақстандағы ұлттық саясат мәселесі жатыр. Сондықтан бұны біз қоғам болып қадағалауымыз керек. Осыған байланысты қоғамдық комиссия құрылуы қажет. Бұның ақ-қарасын анықтау тек қана құзырлы органдар мен Бердібек Сапарбаев басқаратын мемлекеттік комиссияның шаруасы емес. Бұл бүкіл халыққа қажетті мәселе, – деп толықтырды Жанболат Мамай.
Қарулы қақтығысқа ұласқан оқиға орнына барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтқан Ырысбек Тоқтасын да мұны министрлер мен шенділер айтқандай тек «тұрмыстық жағдайдан туған дау» деуге келіспейтінін жеткізді.
– Қазір билік мұны «тұрмыстық жағдай» деп айтып жатыр. Мен барып көрдім, сол жердегі халықпен сөйлестім. Жергілікті халықтың сөздеріне қарағанда, бұл тек қана тұрмыстық мәселе емес. Бұған сол жердегі қазақтардың ұзақ жылдардан бері әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік көріп келе жатқаны себеп. Содан осы мәселе туындап, ушығып кеткен. Қазір «бұны арандатушылар ұйымдастырды» деп жатыр ғой. Бірақ шын мәнінде ол олай емес. Бұл қайнап-қайнап, шегіне жетіп, жарылған мәселе. Халықтың ішіндегі ашу-ызасы осындай дүниеге алып келді... Бұл мәселеде биліктің бір жақты іс-әрекетке барып жатқаны көрініп тұр. Сол себепті біз тәуелсіз комиссия құрып, осы мәселені зерттеп, зерделеп, кінәлілердің жазаланғанын қадағалауымыз керек», – Демпартияның Алматыдағы бас уәкілі Тоқтасын.
Бастамашыл топ алдағы уақытта үкіметтік комиссиямен қатар тәуелсіз сарапшылар мен жағдайға бейжай қарай алмайтын белсенді азаматтардың басын қосып, объективті баға беру үшін қоғамдық комиссия құратынын мәлімдеді.