7 ақпан астанада қазақ тілінде онлайн контент жасаушыларға арналған QazForum IV медиа жиыны өтті. QazForum көп форумның біріне айналмады ма деген сыни сұрақ туды.

Қазақстандағы АҚШ елшілігінің хабарламасында форум қазақ тілді онлайн медиаға арналған «ең ірі кәсіби алаң» ретінде сипатталған.  Жыл сайынғы форумда үздік сарапшылар, журналистер, блогерлер мен влогерлер, веб-сайт редакторлары «кәсіби тәжірибесімен бөлісу, шетелдік және жергілікті спикерлерден білім алу, бейресми ортада қарым-қатынас құру мақсатында бас қосады».

Биылғы форум бағдарламасында қазақ тіліндегі онлайн контентті монетизациялау, елдегі медиа және БАҚ нарығын дамыту мәселесін талқылау, сондай-ақ жетекші сарапшылардың қатысуымен шеберлік сабақтар мен тренинг өткізу жоспарланған. Қош делік. 
Форум идеясының авторы әрі құрылтайшысы Қазақстандағы АҚШ елшілігі екені белгілі. Ал басты ұйымдастырушы ретінде Қазақстан баспасөз клубы өткізген төртінші жиынға әлеуметтік желілер мен қазақ тіліндегі сайттар арасында сыни пікірлер бой көрсетті. Осыған байланысты форум қатысушы спикері, белгілі медиатренер, зерттеуші журналист әрі ұстаз Асхат Еркімбаймен сұқбаттасып көрген едік. Ол аталған форумда Internews Kazakhstan ұйымының аймақтық медиа кеңесшісі ретінде «Орталық Азиядағы медиа тұтыну және медиасауат бойынша зерттеу нәтижелерін» таныстырған еді.

 

QT:  Дәстүрге айналған форумның бұл жолғы сапасы көңіліңізден шықты ма?

– Бұл жолғы форумға медиа эксперт ретінде көңілім толды. Себебі аудиторияның қойған сауалдарын, талқылауға араласуын бақылау арқылы әрі шарадан тыс уақытта өңірден келген қатысушылармен жеке пікірлесу мүмкіндігі туды. Себебі жиналып қалған ақпаратты көпшілікпен бөлісетіндей мүмкіндік үнемі бола бермейді. Бұл жолы форумға қатысушылардан алдын ала сауалнама алынып, шағын зерттеу жасау мүмкіндігі туды. Егер форум болмаса, онлайн медиаға қатысы бар негізгі ойыншылардың бәрін бір жерден көру мүмкіндігі тумас еді.

Форум сонымен қатар ашық пікір айтқысы келгендерге іштегісін шығаруға мүмкіндік берді. Бір-бірімізді тыңдай алдық. Басқа жиындарда бәлкім, сыни сұрақ қойғандарды бірден есіктің сыртына шығарып тастар ма еді...

QT: Қазақ онлайн баспасөзіне мұндай талқылаулардың қаншалықты пайдасы бар?

– Қазақ медиасының ішінде тек қана онлайнға қатысы бар медиа өкілдерінің басын қосатын басқа шараны көрмеппін. Көбінесе Қазақстандағы орыс тіліндегі медианы талқылайтын жиындар бар екенін білемін. Тек қана қазақша, әрі онлайн, әрі бірнеше тараптың басын қосып талқылайтын алаң әзірге жалғыз болып тұр. Оны пайдалы қылу сол жиынға келгендердің өздеріне байланысты. Журналистер көп ретте жиынға ақпарат таратушы болып шақырылады. Ал бұл жиынға келгенде өздерін қонақ ретінде емес, тікелей ұйымдастырушы ретінде сезініп, шара басталмай тұрып атсалысқандары дұрыс болар ма еді деп ойлаймын.

QT: Біз тікелей эфидер қарап отырдық. Бұрынғымен салыстырғанда осы форумдағы тақырыптардың аты өзгергенімен, мазмұны сол қалпы секілді? Әлде біз байқай алмадық па?

– Кейбір қатысушылардың тарапынан осындай пікірді байқадым. Әрі форумға шақырылған әр адамның көкейінде сауалы болып, соның жауабын алармын деген үміті бар болуы мүмкін.

Жыл өткен сайын қазақ журналистерінің жағдайы жақсарып келе жатқан жоқ. Кәсіби тұрғыдан болсын, әлеуметтік немесе материалдық тұрғыдан болсын, қазақ журналистері қоғамдағы мәртебесіне наразы. Себебі бір жағынан билікке қатысты медиа істейтіндер заң алдындағы статустарын түсіне алмай жатыр. Себебі мемлекетке қызмет еткенмен, бюджет қызметкері тәрізді преференсияға ие емес. Екіншіден, өз алдына тәуелсіз болайын десе, оған де мүмкіндігі шамалы. Екіншіден, кәсіби тұрғыдан потенциалдарын көрсету мүмкіндіктері де шектеулі. Үшіншіден, технологияның жылдам дамуы, екінің бірі ақпарат ұсынушы болып отырғанда шынайы, сапалы ақпарат жеткізе алатындар үлкен технологиялық қысымды сезіп отыр. Сондықтан қазақ журналистері өздеріне назар аударылмай жатқанын анық байқап отыр. Әрі өздерінің үндері естілгенін қалайды. Егер үндері әрі қарай естілмейтін болса, елімізде журналист-активистер саны арта бастайды деп ойлаймын. Бұл қазіргі әлемде байқалып жатқан тенденция.

Бір айтарым, форумға келген адам тойға келгендей көңілмен келмеуі тиіс. Яғни, біреуден көмек не жәрдем күту – орынсыз. Форумдар, басқосулар әлдекімнің жағдайын шешетін алаң емес. Пікір ауанын қалыптастыратын, жағдайды түсінуге көмектесетін құралдың бірі. Әрі бұл форум шетелдің қаржыландыруымен өтіп отыр. Қазір бюджет есебінен әртүрлі шаралар өтіп, қыруар қаржы жұмсалып жатқанын білеміз. Халықтың ақшасына өтіп жатқан шара болып, ол тікелей алдына қойған мақсатына жете алмай жатса, сынап жатсақ түсінуге болады. Ал шетелдік ұйымның қазақ онлайн медиасына көмектесу үшін өткізіп жатқан шарасын біз өз ыңғайымызға қарай бұра алмасақ, өзімізге ренжуіміз керек деп ойлаймын.

QT: Қатысушы ретінде өзіңіз жаңа, пайдалы, іске жарататындай Қазақ онлайн БАҚ-ын көтеретіндей не айтылды?

– Медиатренер ретінде маған аймақтағы медиа өкілдермен сөйлесу маңызды еді. Өткен жылдан бері Арыстағы жағдайды бірінші болып көтерген журналистің жауапқа тартылып, артынша жеңіп шыққанын білесіз. Шындығында бұл журналист қауымы үшін үлкен жеңіс. Сонымен қатар, бұл жиынға біз елей бермейтін, бірақ онлайн нарықта ақша тауып, кәсіп жасап жүрген бір шоғыр жас кәсіпкерлер келді. Олардың сөздері бүгінгі қазақ онлайын медиасын әрі қарай дамуға ой салып, әріптестік қарым-қатынас орнатуға сеп болады деп ойлаймын. Биылғы жылдың өзінде онлайн нарыққа үш ойыншы келіп қосылды: nege.kz, malim.kz, basnews.kz Бұл тенденцияны да бақылап, назарда ұстау маңызды. Себебі үшеуі де тек қана қазақша контент жасайтын әрі бұған дейін дәстүрлі медиада кәсіби тәжірибесі бар мамандардың жетекшілігімен ұйымдасып отыр. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар осы жиынға алғаш рет коммерциялық ұйымдардың BI Group, Kaspiт.с.с компания өкілдерін арнайы шақыртты. Яғни, қазақ онлайн медиасына бизнестің сүрлеуіне түсіргісі келетіндерге потенциалды инвесторлармен байланысуға жағдай жасады. Егер осы форумға келген қатысушы осындай мүмкіндіктерді байқай алмай жатса, әрине өкінішті. Менің ойымша, біз өзімізге мүмкіндік жасамай отырсақ, ең болмаса, бізге жасалып отырған әрбір кішкентай мүмкіндікті қалт жібермеуіміз керек тәрізді.

QT: Форумдағы қазақ баспасөзі, қазақ сайттары, қазақ журналистикасы туралы айтылғандармен келісесіз бе?

– Біз өз секциямызда қазақ онлайн медиасына қазір қаржылық тәуелсіздікке ұмтылу үшін шетелдің үлгісін қарай бергеннен гөрі, өзіндік жолды жасауға қолайлы сәт туындап тұрғанын айттық. Әрі сөзіміз дәлелді болу үшін өткен жылы Орталық Азияның үш елінде Internews Kazakhstan тапсырысы бойынша жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесінің бір бөлігін таныстырдым. Алда қандай қиындықтар болуы мүмкін екені де болжанды.

QT: Бұл еліміздегі дайым өтіп келе жатқан із-дерексіз ситуациялық форумдардың қатарында қалып қоймай ма?

– Бұл шара жыл өткен сайын салалық, яғни 200 адамдық емес, аз шеңбердегі жиын форматына көшетін болар. Себебі жиынға келгеннің көп бөлігі өз редакциясында негізгі шешім қабылдаушылар емес. Журналистер болғандықтан, оларға стратегиялық немесе шетелдегі үлгі мысалдар қызықсыз болып көрінуі мүмкін. Әрі бұл шетелдің қаржысына ұйымдастырылғандықтан шетел сарапшыларын шақырып, тәжірибе алмасу мүмкіндігі бар екенін ұмытпайық.

Екіншіден, форумның пайдалы өту-өтпеуі өзімізге де байланысты. Шара өтпей тұрып, конструктивті пікірлер айтылса, жөн деп ойлаймын.

QT: Форум қортындысында қандайда бір қарар немесе шешім қабылдана ма? Сондай-ақ, ақпарат министрлігіне және жоғары инстанцияларға қазақ журналистикасының мәселелеріне қатысты ұсыным бола ма?

– Бұл жолғы басқосу ондай бір мақсат ұстанды деп ойламаймын. Әрі қазақ журналистеріне түптеп келгенде жоғарғы жаққа бір қарар немесе ұсыныс жіберу үшін форумсыз өзара келісіп жолдаса болатын тәрізді. Бірақ мемлекеттің өзінен тендер бойынша ақша алып, содан айлық алып отырған журналистер мұндай қарардың соңы не болатынын жақсы ұғады деп ойлаймын. Сол себепті бұл жолғы жиын онлайн медиа қаржы тұрғысынан қалайша тәуелсіз бола алады дегенді көбірек қаузады. Әрі өз бетінше ақша тауып жүрген ZTB тәрізді жоба жетекшілеріне сөз берді. Сондай-ақ Nege.kz жобасының да контент түзудегі тәжірибесі басқа медиа ойыншыларға жақсы үлгі бола алады деп ойлаймын.

QT: Соңғы кездері жиілей түскен журналистерге әр түрлі жолмен жасалып жатқан шабуылдар мен кедергілер сөз болды ма? Сөз бостандығының аясын кеңейту мақсатында қандай нақты қадамдар жасалды?

– Өзіңіз тақырыбынан байқағандай бұл жиын онлайн контент жасаушыларға арналды. Яғни, заңға қандай өзгерістер енгізуіміз қажет дегенді айтпас бұрын, потенциалдарымызды бағамдау маңызды болды. Жиынға «Сарыағаш Инфо» газетінен Амангелді Батырбек келді. Қазақ журналистерінің көпшілігі ол кісінің жағдайынынан хабардар.

Еліміздегі медианың жақсаруына шетелдіктер ұйымдастырып отырған жиындар көмектеседі екен деп үміттенуіміз дұрыс емес тәрізді. Қазақ медиасы өзі ұйымдасып, осындай шараларды өздері ұйымдастырып, өз құқықтарын даулап үйренуі керек тәрізді. Көмек өз ішімізден шығуы керек.

“The Qazaq Times”