Петропавл өңірінің тұрғындары "Қалаға кіру және шығу жолдары қос ел басшылары келген уақытта толығымен жабылады" деген қауесетке алаңдаулы. Алайда, Қазақстан мен Ресей Президентінің кездесуі ешқандай да қолайсыздық танытпайды деді жергілікті билік басшылары. Сонымен қатар, VIP-қонақтар тек арнайы орындарда ғана төбе көрсететіндігін тілге тиек етті. Бұл туралы sputniknews мәлімдеп отыр.
8-ші қараша күні Петропавл қаласында Қазақстан мен Ресей президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қатысатын XIV өңіраралық ынтымақтастық форумы өтпек. Ауқымды шаралардан құралған мұндай көлемді жиын шалғайда жатқан облыс үшін тарихи оқиға болатындығы белгілі. Осыған байланысты жергілікті шенеуніктер, кәсіпкерлер және журналистер мен полицейлердің де тұрғындармен қатар қобалжып жүргендігі жасырын емес.
Форум күні шағын қалада кептеліс орнап, жұмысқа кешігіп қалудан секем алып отырған жұртшылық "қаланың кіріп-шығу жолы жабылып, барлық көшелер бұғатталады" деген желіде тараған алып-қашпа әңгімелерге де құлағын түріп отырғандығы рас.
Бірақ, СҚО әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек тұрғындарды сабырға шақырып, форум аясында көшелердің барлығы бірдей жабылмайтындығын хабарлаған. Тек көрме мен форум және өзге де шаралар өткізілетін Оқушылар сарайы мен Теннис орталығының маңы ғана бұғатталатындығын нақты мәлімдеді. Сол секілді, полиция департаментінің баспасөз қызметі де қалаға кірер жолдың күнделікті кесте бойынша қозғалыс жасай беретіндігін ескерткен. Алайда, қаладағы тәртіп сақшыларының саны еселеніп, тыныштықты күзететіндердің көп болатындығын да жасырған жоқ. Бұл үшін қоғамдық тәртіп сақтау мақсатында көрші облыстардың полиция қызметкерлері де жұмылдырылмақ. Қосымша шақырту алған 200 полиция шаралар өткізілетін орындардағы тәртіпті бақылауда ұстап, арнайы көліктер мен колонналарға автопатрульмен ілесіп жүру міндеттелген.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы дәл осындай форум Петропавл қаласында өтуі тиіс болған. Бұл үшін арнайы қаржы бөлініп, дайындықта басталыпты. Алайда, соңында шараны Астанада өткізу туралы шешім қабылданған. Сол кезде қаланың инфраструктурасы шын мәнінде ауқымды форумды өткізуге дайын болмағандығы белгілі. Тіпті, әуежайдың өзі де сай келмегендігі рас. Бірақ араға екі жыл салып, барлығын қайтадан жөндеуден өткізген Петропавл өңірі биыл сырттан келер қонақтарды қарсы алуға әбден дайын.