7 ақпан астанада қазақ тілінде онлайн контент жасаушыларға арналған QazForum IV медиа жиыны өтті. Жиын қамтыған тақырыптар қоғам арасында QazForum көп форумның біріне айналмады ма деген сыни сұрақ тудырған еді. Форумның құрылтайшысы Қазақстандағы АҚШ елшілігі. Ұйымдастырушы – Қазақстан баспасөз клубы. QazForum ұйымдастыру комитетіне өткен аптада, сыни көқарас күшейген тұста жолданған сауалымызға жауап кешігіп жетсе де назарларыңызға ұсынамыз.
QT: Осымен 4-ші мәрте ұйымдастырылып жатқан Qazforum жобасын ұйымдастырудағы негізгі мақсат пен онда қандай тақырыптар көтеріледі?
– QazForum - қазақ тілді онлайн медианы дамытуға, контенттің сапасын арттыруға және ғаламтор желісінің қазақ тілді сегментіндегі өзекті мәселелерді шешу жолдарын іздестіруге бағытталған ірі республикалық конференция. Биылғы жылы Форум «Өзгеріс кезеңіндегі сын мен шын» тақырыбына өткізілді.
Форум аясында қазіргі заманғы медианың өзекті мәселелері қаралды, атап айтқанда, қатысушылар қазақ қоғамына қандай медиа қажет екенін және олардың digital дәуіріндегі рөлі қандай екенін анықтауға тырысты, жаңа онжылдықта медиа нарықтың қазақ тілді сегментінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі мәселелері талқыланды. YouTube-тағы қазақ тілді сегментін монетизациялау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Форум барысында Орталық Азия елдерінде (Қазақстан,Тәжікстан, Өзбекстан) медиа тұтыну және медиа сауатсыздылығы бойынша әлеуметтік зерттеу нәтижелері таныстырылды.
Форумның секцияларында келесі тақырыптар бойынша шеберлің сабақтар ұсынылды:
- Youtube платформасында жұмыс жүргізу: өз контентін ілгерілету үшін журналист нені білуі қажет;
- Ақпаратты қалай дұрыс талдау қажет және мемлекеттік сатып алу сайтында не нәрсеге мән берген жөн.
Сондай-ақ, форум серіктестерінің презентациялары өткізілді, онда олар қазақ тілді онлайн-контент жасаушыларымен өзара қарым-қатынас туралы айтты.
Форуммен қатар дүние жүзінде танымал National Geographic көрмесі өтті.
Форумның толық бағдарламасымен сайт арқылы танысуға болады.
QT: Форумға азаматтық журналистика мен демократиялық құндылықтарды орнатуға, ашық қоғам қалыптастыруға атсалысып, үн қосып келе жатқан белгілі платформалар неліктен шақырыла бермейді? Мәселен, халықаралық және ел іші жаңалықтарын үздіксіз объективті түрде беріп келе жатқан бірқатар сайттар ескерусіз қалып қойып жатады.
– Форум қазақ тілді онлайн контент жасаушылардың барлығына ашық. Форум қазақ тілді онлайн контентті жасаушылар: тілшілер мен сайт редакторлары, блогерлер мен влогерлерге арналған.
Еліміздің ақпараттық порталдарында, сондай-ақ форум ұйымдастырушыларының ресми парақшаларында форумның өткізілуі туралы мәлімет алдын ала жарияланды. Ұйымдастырушылар барлық БАҚ өкілдеріне арнайы ақпарат таратуды жүргізді.
Биыл форумның ұйымдастыру комитетіне 500-ден астам өтінім келіп түсті, бірақ залдағы орын саны шектеулі болуына байланысты, олардың тек 250 ғана мақұлданды.
Жыл сайын ұйымдастырушылар Форумға қатысушыларды облыстардан шақыруға ерекше көңіл бөледі. Осы жылы форумға елорда, Алматы және Шымкент қалаларынан басқа еліміздің 11 облысынан қазақ тілді онлайн контент жасаушылары қатысты.
Қатысушыларды іріктеу кезінде ұйымдастырушылар қатысушы сайтының қазақ тіліндегі нұсқасының болуына, сондай-ақ сайттың жаңалықтары таспасының жаңартылу жиілігіне назар аударды. Блогерлер мен влогерлерді іріктеу кезінде олардың әлеуметтік желілердегі парақшаларының жазылымдар саны ескерілді.
Қатыса алмағандар үшін Youtube арнасында форум онлайн көрсетіліп, көрермендер саны 700-ге жуық болды.
Сұрағыңызда белгіленген Форум жұмысына қандай БАҚ өкілдері қатыса алмағаның нақтылауды өтінеміз.
QT: Ұйымдастырушылардың жұмыс істеу нұсқаулығы қандай, форумға тараптардың қатысу-қатыспауын кім қандай критерийлер бойынша анықтайды?
– Форум қазақ тілді онлайн контент жасаушылардың барлығына ашық, қатысуы тегін. Қатысуға ниет білдірушілердің барлығы форум сайтында (https://fkoc.kz/) тіркелу мүмкіндігіне ие болды. Оның үстіне барлық БАҚ өкілдеріне хат жіберіліп, мәлімет жеткізілді.
QT: Қазақ тіліндегі сайттардың мәселелерін талқылап, оны шешуге арналған форумның бүгінге дейін қол жеткізген нәтижесі қандай, нақты қандай шешімдер жолға қойылды?
– Форумның негізгі нәтижелері:
- 4 жыл ішінде Форум еліміздің қазақ тілді онлайн контент жасаушыларын біріктіретін ірі республикалық конференцияға айналды;
- 2018 жылғы Форум аясында этика туралы меморандум жасау керектігі туралы сөз көтерілді;
- «Іскерлік журналистика» кітабының идеясы форум аясында туды;
- Жылдан-жылға Форум туралы білетін журналистер саны көбеюде. Биыл Форумнан кейін өңірлік БАҚ өкілдерінің кәсіби сауаттылығын арттыруға бағытталған арнайы тренингтер өткізуді жоспарлап отырмыз;
- Форум аясында талдау зерттеулері мен сауалнама жүргізіледі. Мысалы, биылғы форумда медиа тренер Асхат Еркімбай "Медиа тұтыну және медиасауат бойынша зерттеу нәтижелері" тақырыбында сараптамалық зерттеу жүргізді.
- 2018 жылдан бастап қатысушылардың кәсіби біліктілігің арттыруға бағытталған арнайы шеберлік сабақтар өтеді.
QT: Бұл жолғы форумның тақырыбы мен көтерген мәселесінің бұрынғы жиындардан айырмашылығы неде? Форум тақырыбы қандай зерттеулер қорытындысы негізінде қалай, қандай критерийлермен айқындалады?
– Биыл форумда қазақ онлайн контент жасаушылардың табыс табу жолдары көп талқыланды. Форумның тақырыбы мен мазмұны алдын ала талқылауға арналған жұмыс тобы құрылған, оның ішінде білікті медиасарапшылар мен блогерлер бар. Олар тақырыпты таңдауда қазақ тілінде сапалы контент жасаушылардың өзекті мәселелерін талқылауды алға қояды.
QT: Бұл еліміздегі дайым өтіп келе жатқан із-дерексіз ситуациялық форумдардың қатарында қалып қоймай ма?
– Жоғарыда аталған ақпаратты ескере отырып, Форумның атқарылған жұмысы мағынасыз болмайды деп есептейміз.
Бүгінгі таңда Форум - ауқымы кең, тұрақты аудиториясы бар ірі республикалық конференция болып табылады.
Елімізде жыл сайын көптеген форумдар өткізіледі, олардың ішінде Qazforum-ның орны ерекше. Форумға деген қазақ тілді БАҚ өкілдерінен сұраныс пен қызығушылық жоғары. Осы жылы Форумға тіркелген 500 ден астан өтінім оған нақты дәлел.
QT: Жобаның қаржылық бюжеті әр жылға қалай жобаланады?
– Қазақстандағы АҚШ Елшілігі шағын гранттар байқауын жариялады және Қазақстандық Баспасөз клубы оны жеңіп алды. Форумның жыл сайын демеушілік көмек көрсететін серіктестері бар.