7 ақпан, жұма күні астанада өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезектен тыс ІХ құрылтайында бас мүфти қызметіне Наурызбай Тағанұлы сайланды.

ҚМДБ құрылтайына жиналған 300 делегат экс-мүфти Серікбай Ораздың ұсынған кандидатурасына парламент депутаттары тәрізді бірауыздан дауыс беру арқылы Наурызбай Тағанұлын сайлады.  Серікбай Ораздың қызметтен неге кеткені айтылмады. Өзінің бірінші орынбасары болған су жаңа мүфтиге сәттілік тілесе,  ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қалың сәлдесін тапсырған Оразовтың 2017-2020 жылдары атқарған жұмысына оң баға беріп, жаңа төрағаны құттықтады.

Осыдан 30 жыл бұрын, 1990 жылы құрылған ҚМДБ институтының алғашқы мүфтиі Рәтбек Нысанбайұлы тұсында дәстүрлі діни танымның ренессансы жүрген болатын. Ал 2000 жылы өткен үшінші құрылтайда ҚМДБ аппаратының атқарушы органы мүфтият басшылығына 53 жастағы профессор Әбсаттар Дербісәлі келді.  Оның тұңғыш мүшелге тең мерзімдегі қызметі кезінде Қазақстанда діни ағымдар көбейіп, ұлттық мәдени мұраға жауыққан сәләфи ағымы кеңінен тамыр жая бастады. Тіпті шарықтау шегі де, ел ішіндегі діни сананың шайылып, лаңданғаны да сол жылдары еді. Айтыс-әдебиет саласының өкілдері көптеп діни догмаға арбалды.

Кейіннен өз кезегінде дін мен дәстүрді қабыстыруда айрықша көзге түскен Маямеров Ержан Малғажыұлы 2013 жылдың 19 ақпанында Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс өткен VII құрылтайында бас мүфти болып сайланды. Ал 2017 жылдың 8 желтоқсанындағы VIII құрылтайда Серікбай Сатыбалдыұлы Ораз келді.

Сарапшылардың айтуынша, тәуелсіздік жылдары ҚМДБ-ның ала-құла діни ағымдарға заңдық қуаты жетпегендіктен, бірнеше мәрте ел тарихындағы ең ауыр террорлық трагедиялар орын алып отырды. ҚМДБ институты әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға әртүрлі көмек көрсетіп келеді. Сондай-ақ діни өкілдік кейде, әсіресе, билік сынға ұшырағанда немесе саяси стратегияда азаматтық пікір мен еркін сананы шектеуге қатысатын «билік қолбаласы» ретінде сыналып жатады.

Соңғы кездері қоғамда діни сенімі дау туғызған, екіұшты діни тұлғалардың саяси пропогандаға бой алдыруы жиілеген шақта, бұқара мен билік арасында медиатор қызметін мойнына алған имамдардың функциясы мемлекет ісіне араласуы азаматтық қоғамның наразылығына ұшырай бастады.

Оңтүстік және таяу шығыс Азия елдеріндегі күрделі діни ахуалды ескеру, Қазақстандағы радикалды әлеуеті «уақытша жасырынған» қатерлі ағымдардың жұмысын тоқтату, қоғамдық діни сананы зайырлы әрі ұлттық бағытта ағарту, дін мен саясаттың әрекеті бөлек болуына кепілдік беру... т.б. міндеттері жаңа сайланған мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алдында тұр.

 

Өмірдерек: Өтпенов Наурызбай Тағанұлы

1977 жылдың 13 наурызында дүниеге келген.

Білімі

1993-1997 жылдары Ташкенттегі «Имам Әл-Бұхари» атындағы Ислам институтында оқып жоғарғы діни білім алған.

1999-2001 жылдары ҚМДБ жанындағы Ислам институтын оқыған.

2009 жылы Мысыр Араб Республикасында қысқа мерзімде діни білімін жетілдірген.

2010 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің «Тарих» факультетін сырттай оқып бітіріп жоғарғы білім алған. 2011-2013 жылдары аталған университеттің «Дінтану» мамандығы бойынша магистратурасын бітірген.

2017 жылдан бастап «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Исламтану» мамандығы бойынша PhD докторантурасында оқуда.

Еңбек жолы:

1997-2006 жылдары Республикамыздың түрлі мешіттерінде имамдық қызметтерді атқарумен бастау алған.

2006-2011 жылдары ҚМДБ-ның Қарағанды өңіріндегі өкілі, Қарағанды қалалық №1 орталық мешітінің Бас имамы.

2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі басқармасының Бас сарапшысы.

2013-2018 жылдары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы.

2018 жылдың шілде-қазан айлары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсе басшысы, Түркістан облысы бойынша өкілі имамы.

2018 жылдың қазан айынан бастап ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өкілі,  Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы.

Еңбек жолындағы жетістіктері:

Наурызбай Тағанұлының тікелей жетекшілігімен 2002-2005 жылдары ШҚО, Аягөз қаласында орталық және «Жаңауыл» мешіттерінің құрылысы сәтті жүргізіліп, іске қосылған. 2010-2011 жылдары Қарағанды қаласындағы орталық мешіттің салынуына үлес қосқан. Қарағанды облысында «Сұлу әлем», «Нұрлы мінбер», «Жұлдызды гол» атты жобаларды іске асырған. Республикалық БАҚ беттерінде жарияланған көптеген діни, рухани-танымдық мақалалар мен «Үміт сәулесі», «Мазһабсызбен сұхбат» атты кітаптардың авторы.

Марапаттары:

«Құрмет» орденінің иегері, Аягөз ауданының құрметті азаматы, Қазақтан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы медалімен, Қазақтан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы медалімен, Қарағанды облысы әкімінің құрмет грамотасымен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған.

Жеке өмірі:

Отбасылы, 4 баланың әкесі.

“The Qazaq Times”