Қазақстан Ресейдің Байқоңырда «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы ұсынысын қолдады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті.
Бастапқыда жобаны «Ангара» ресейлік зымыранның негізінде іске асыру жоспарланған. «Ангара» зымыраны уақытында дайын болмағандықтан, тараптар жобаны «Союз-5» зымыраны негізінде іске асыруға келіскен. Жұмағалиевтің айтуынша, «Бәйтерек» кешенінен пилотсыз зымырандар ұшырылады. Мұнымен қатар, ресми өкіл Қазақстан Ресей және Біріккен Араб Әмірліктерімен «Гагарин старты» жобасын қолға алдық деп сүйіншілеп отыр. Министрдің айтуынша, бұл жоба «Байқоңыр» кешені бойынша стратегиялық әріптестік пен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтады-мыс.
Ресей зымыран-тасығышты және оның құрамдас бөліктерін тасымалдау құралдарын құруды, екпіндеткіш блоктың, ғарыш аппаратының және техникалық кешендерді қаржыландырады. Ал Қазақстан «Зенит-М» ғарыш зымыран кешенінің инфрақұрылымын қайта жаңарт, старттық және техникалық кешендерді пайдалану бойынша кадрлық даярлаудың оқу-жаттығу құралдарын құруы тиіс. «Бәйтерек» жобасын жүзеге асыруға Ресей $916 млн, ал Қазақстан шамамен $233 млн бөлуді жоспарлап отыр. Хаттаманы Сенат бекіткеннен кейін Қазақстан президенті қол қояды.
2013 жылы Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде ұшыру аппаратының бөлшегі құлайтын аймақ ретінде Қазақстан аумағынан жер учаскесін беру туралы келісімге қол қойылған болатын.
2014 жылы желтоқсанда Қазақстан мен Ресей «Солтүстік траектория» деп аталатын «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде тасымалдағыш зымыран бөліктерінің құлау ауданы ретінде жер учаскесін беру және пайдалану шарттары туралы үкіметаралық келісімге қол қойған. Құжатқа сәйкес Қазақстан Ресейге жалпы ауданы 63,2 мың га болатын N120 ауданын бөлді (оның ішінде 22,52 мың га Ақтөбе облысында және 40,68 мың га Қостанай облысында). Аталған аудандарды пайдаланғаны үшін төлем жылына $460 мың мөлшерінде. «Союз» үлгісіндегі тасымалдағыш зымырандар санына байланысты Ақтөбе мен Қостанай облыстары арасындағы төлем тиісінше $103 мың және $357 мың мөлшерінде. «Солтүстік» траекториясы бойынша белгіленген қажетті аудан 1994 жылғы 10 желтоқсандағы «Байқоңыр» кешенін жалға алу шартында көзделмеген. Сондықтан да Қазақстан арнайы тәртіппен жыл сайын бірнеше осындай сынақтардың жүргізілуіне рұқсат берген.
2018 жылы Байқоңыр ғарыш айлағында «Бәйтерек» ҒЗК құру туралы 2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойылды.
Байқоңыр ғарыш айлағы Ресейге 2050 жылға дейін жалға берілген. Ресей тарапы Қазақстан халқының қарсылығына қарамастан апатқа жиі ұшырайтын «Протон» зымырандарын ұшыруын осы күнге дейін жалғастырып келеді.