Олар бір-бірінің ресми қарулы күштерін террористік үйым деп жариялады; Бір-бірінің үкіметтерін, лауазымды тұлғаларын жемқорлықпен айыптады; Бір-бірін зорекер режим ретінде сынға алды – олар қазір күрделі қайшылықты күйде тұрған Америка Құрама Штаттары және Иран Ислам Республикасы. Бұдан тыс әр реткі саяси жанжал тұсында қарсы тарабын оңдырмай сыбап, қайым айтысқа түсетіні де бар. Осы айда АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің қалай болғаны баршаға мәлім. Ең қызығы екі елдің «саяси қайым айтысы» қазіргі кезде қытай тілді интернет әлемінде қызу жүріп жатыр.
АҚШ-тың әуе соққысы арқылы Иранның жоғары әскери шендісінің қаза болуы және оған Иранның зымыран соққысымен жауап қайтаруынан кейін, Қытайдағы екі елдің елшілігі қытай тіліндегі әлеуметтік желіде қайым айтысқа түсті. Қытай тіліндегі танымал Weibo әлеуметтік желісінде АҚШ пен Иранның Қытайдағы елшіліктері бір-бірін кекеп-мұқаған мәлімдемелер жауаптасты. Айталық, АҚШ елшілігі Иранды: «Қайда жүрсе де қанды дақтары қалады», – деп мінесе, Сулейманидың өлімінен кейін Иран елшілігі АҚШ-қа қарата: «Біз Батыс Азиядағы Америка Құрама Штаттарының зұлым күштерін тоқтататын боламыз», – десті.
Бір елдегі ұқсамаған екі елдің елшілігі қалыптасқан жағдайға байланысты көзқарастарымен айтысып, кезектесе жауаптасып, тіпті бір-бірін ашық сынап жатса оның көп таңқаларлығы жоқ. Бірақ, АҚШ пен Иран елшіліктерінің осы бір «қайым айтысы» Қытайда болғаны қызық. Қытай әлемдегі агрессивті цензураға ие ел. Саяси сезімтал мәселелерді әлеуметтік желіде ашық талқылауға мүмкіндік бермейді. Бірақ, АҚШ пен Иран қайшылығы кезінде қытай тілді әлеуметтік желілер мейлінше ашық пікірлер жазысты. Тіпті, Иран мен АҚШ қайшылығынан кейін қытай тілді ғаламтор кеңістігінде Иранды жақтап, АҚШ-ты даттаған жазбаларға толып кетті. Кешегі мәліметтерге қарағанда елшіліктердің әр мәлімдемесі «Вэйбо» желісінде 1,5 млн реттен артық қаралған.
Бұл әрине Қытайдың осы елдермен болған қазіргі байланысына тікелей байланысты. Қытайлық әлеуметтік желінің Иранды жақтап шулап қоя беруін сол елдің ашық білдіргісі келмейтін ресми ұстанымы десе де болатындай. Себебі, АҚШ-Иран қайшылығы өршіген тұста Қытай екі жылдық теке-тірестен кейін Уашингтонмен жаңа сауда келісіміне қол қою алдында тұрды. Бұл жаңа сауда келісімі не деген күнде Қытайдың қазірге дейін күреп табыс тапқан сауда саясатына жол бермейтіні шын. Осы тұста Қытай билігі интернет цензурасын сәл болсын жұмсартып, әлеуметтік желі арқылы Қытайдың АҚШ-қа қарсылығын, АҚШ-қа қарсының бәрімен дос екенін аңғартқысы келгендей.