«Путин өз жоспарларына еш нұқсан келтірмеді. Ол кезекті құпия операциясына кірісті. Президент тарапынан пайда болған сенімсіздік саяси элитаны теңгерімсіздікке алып келді. Бірақ бұл әрекет Путинді орға жықпайды, мемлекеттік саясаттың өзегі боп қалуға септігін тигізеді». Тһе New York Times басылымы Ресей үкіметінің отставкасы жөнінде осылай дейді.
Күні кеше жолдауында Конституцияға өзгерістер енгізіп, үкіметті отставкаға кетіру туралы шешім қабылдаған Ресей президенті Владимир Путиннің бұл қадамы жөнінде әлемдік көзқарас екіге бөлінген.
Де-факто: Путин «қазақстандық нұсқаны» таңдады
Батыс сарапшыларының Ресейдегі ауыс-түйіс жайында пікірлері Қазақстанды айналып өткен жоқ. Financial Times Ресей президенті үкіметті отставкаға кетіру арқылы өз абыройын сақтап қалғысы келетінін жазған. Де-юре тұрғысында Путин билігінің жартысы Думаға өткенмен, де-фактода ол барлық институттарға ықпал етуші күш атанады. Яғни бұл ойында Путин «қазақстандық нұсқаны» таңдаған: Қазақстанда президенттік жүйе болғанмен, экс-президент Назарбаевтың барлық саладағы ықпалы қос билік феноменін туғызып отыр. Демек, Путин бұл саяси ойында көрші мемлекеттің ізін жалғап, авторитаризмнің жарқын мысалын көрсетіп отыр дейді сарапшылар.
Франциялық Le Monde басылымы: «Басты дүние – 67 жаста болса да билікті басқарып отырған Путиннің саяси жүйесі. Мемлекеттік Кеңес, басқа да органдардың күшеюі әлі күнге дейін күмәнді. Бұл жайт 2019 жылы президент қызметінен кеткен, бірақ Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы ретінде саяси сахнада басты рөлін сақтап келе жатқан Қазақстанның бұрынғы басшысы Н.Назарбаевтың жоспарын еске салады», – деп жазған.
«Путин мырза өз билігінің кем дегенде бір бөлігін Дума құзырына өткізгенмен, мұрагер туралы жақ ашпайды. Медведевтен басқа, бұл рөлге кандидаттар ретінде Мәскеу мэрі Сергей Собянин, Қорғаныс министрлігінің басшысы Сергей Шойгу, вице-премьера Дмитрий Козак, бұрынғы оққағар Алексей Дюмин және Путин Мария мен Екатеринаны қосқанда ондаған адамды атауға болады», – деп жазды Financial Times.
Француз газеті Liberation: «Путин президент лауазымын иеленетін болашақ мұрагерін қатаң бақылауға алуы мүмкін. Қанша жерден жаңа президент билікке келсе де, барлық институттар Путин қарамағында болады. Осы уақытқа дейін ол барлық жүйені жоспарлаған. Яғни заң жүзінде өкілеттілік тоқтаса да, Путиннің ықпалы бұрынғыдай жалғаса береді»,– дейді.
Путин өзін қорғауға барын салады
2004-2008 жылдар аралығында Британияның Ресейдегі елшісі болған Тони Брентон: «Әрине, Путиннің проблемалары бар. Экономикалық қиындықтар қол астындағы үкімет абыройына нұқсан келтірді. Оның президенттік мерзімі аяқталған кезде яғни 2024 жылдан кейін басталатын жеке проблемасы да бар. Сол себепті оның қазіргі әрекетін сол проблемаларды шешуге талпынысы деп бағалауға болады. Путин мәлімдемесінен түсінгеніміздей, президент билігінің жартысы Парламентке және Мемлекеттік кеңеске өтеді. Енді Путин өзінің саяси тағдырына бақылау жасамақ. Бұл әрекеттердің барлығы Путиннің 2024 жылдан кейін өз-өзін қорғауға бағытталған. Оның үстіне Путиннің Беларусьпен одақтас мемлекет құру туралы жоспары соңғы бірнеше апта ішінде құлдырай бастады», – дейді.
Тһе New York Times Путин мен Медведев бүгінге дейін барлық саяси қадамды алдын ала жоспарлап, бірлесе әрекет етті дейді. Мәселен, Медведев президент креслосын иеленіп, бір жылдан кейін Путиннің қайтып келуі де рокировка болатын.
Wall Street Journal редакциясы «Экономиканың әлсіреуіне және Батыс елдері санкцияларының артуына қарамастан, тұрақтылықты сатуға тырысқан премьер Медведевтің отставкаға кетуі – Ресей саясаты үшін қиындық туғызады» деп санайды.
Bloomberg сайты Ресей билігіндегі өзгеріс соңғы он жыл бойы өзгеріссіз қалған жүйені алға сүйреуі мүмкін дейді.
Дэ-юре: Путинге керегі – өз амбициясы жоқ шенеунік
Лондонға қарасты Кингз-колледжі, Ресей институтының директоры Сэм Грин Ресейдегі қазіргі ауыс-түйіс Путиннің авторитетін айрандай төкпес үшін жасалып отыр деп санайды. Сэм Грин: «Бұл әрекеттен күтілетін нәтиже оңтайлы деп айта алмаймын. Себебі Дума мен мемлекеттік кеңес рөлін салыстырғанда, тараптар міндетті түрде Путиннің ығына жығылады», – дейді. Профессор Сэм Гриннің пікірінше, Медведев о баста өз пікірін айтпайтын, амбициясы жоқ адам болатын. Медведев кеткен жағдайда тағы да оның орнын мақсаты, пікірі жоқ адам басады. Себебі, Путинге сондай адамдар ауадай қажет.
ВВС-дің орыс бөлімі Путин ізбасар таңдау тұрмақ, билікті уыстан шығарғысы келмейтінін жазған. Себебі, Путин өзі президент болмаған жағдайда, Ресей құрдымға кетеді деп санайды.
Тһе Guardian басылымы Медведевтің қысқаша өмірбаянын жариялап, «Медведев Путиннің көлеңкесінен шықпады. Бірақ Путиннің Медведев отставкасы туралы шешімін қалыпты деп қабылдаған жөн: үкімет аппаратындағы Медведевтің ықпалы әлсіреп кетті» – дейді.
Sky News тілшісі Диана Мангай: «Дмитрий Медведев саяси күш ретінде енді жоқ. Таяу уақытта бізді жалпыұлттық референдум күтіп тұр. Бірақ Путин ұсынған шаралар президенттік билікті әлсіретіп, парламент пен премьер-министрді күшейтеді. 2024 жылдан кейін Путин өкілеттілігі кеңейтілетін Мемлекеттік кеңесті басқара алады», – деп жазған. Путин ұсынған құрылымды автор «империялық антиквариат» деп атаған.
Колумбия университетінің профессоры, посткеңестік елдер бойынша маман Тимоти Фрай Washington Post басылымында: «Путин 2024 жылдан кейін билікте қалу үшін Конституциядағы өзгерістерді пайдалана алады», – деген.
The Insider сайтының бас редакторы Роман Доброхотов: «Путин премьер-министр немесе Мемлекеттік кеңесті басқарады» – деген гипотеза жасапты.
Айта кетейік, 15 қаңтарда Ресей президенті Владимир Путин Үкімет отставкасын қабылдады. Енді жаңа министрлер кабинеті құрылғанша, 2018 жылдың мамырында құрылған үкімет өз міндетін атқара береді. Ал Владимир Путин Дмитрий Медведевке Қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасары қызметін атқаруды ұсынып отыр. Бірақ әзірге мұндай лауазым жоқ.