Парламент мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда-ақ мақұлданған «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне соғыс жағдайы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы негізінде президент өкілеттілігі кеңейеді.
Заң жобасының негізгі мақсаты – мемлекеттің қорғанысқа және әскери қауіпсіздікті қаматамасыз етуге дайындық жүйесін жетілдіру деседі. Заң жобасы Еңбек кодексіне, «Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы», «Жұмылдыру дайындығы туралы», «Соғыс жағдайы туралы» үш заңға түзету енгізуді көздейді.
«Оның мақсаты – мемлекеттің соғыс жағдайы кезінде жұмыс істеуі, сонымен қатар бейбіт уақытта оған дайындалу мәселесін құқықтық реттеу. Әсіресе «Соғыс жағдайы туралы» заңда президент өкілеттігін толықтыру ұсынылып отыр. Ол бейбіт уақытта іске асырылады. Бұл соғыс жағдайы саласын қолдану тәртібін айқындау, Қарулы күштер Жоғарғы бас қолбасшылығы ставкасы туралы, Қорғаныс кеңестері туралы, соғыс жағдайы кезеңінде Үкімет қызметін ұйымдастыру туралы ережені бекіту болып отыр», – деді қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК бас штабының бастығы Мұрат Бектанов.
Сондай-ақ үкімет қызметі бейбіт уақытта соғыс жағдайы кезеңіндегі министрліктер туралы ережені бекіту, соғыс жағдайында үкімет құрылымына кіретін мемлекеттік органды соғыс уақытындағы штатқа көшіруді ұйымдастыру, жергілікті атқарушы органға азаматтық және аумақтық қорғаныс саласын қамтамасыз ету міндетін белгілеу өкілеттілігімен толықпақ.
Ведомствоның вице-министрі өз сөзін:
– Сонымен қоса соғыс жағдайында жергілікті атқарушы органның өкілеттігін көздеу, оларға «облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың қорғаныс кеңесін» құруға өкілеттік беру ұсынылады. Бұл ретте қорғаныс кеңестері әскери басқару органы ретінде соғыс жағдайы саласын реттеуді қамтамасыз етеді. Олар тек соғыс жағдайында ғана құрылады. Сондықтан Қарулы күштер құрылымына кірмейді», – деп нақтылады.