АҚШ пен Иран арасындағы даулы жағдай әлем назарын өзіне аударды. Ендігі кезекте екі ел байланысына ұзақ мерзімге сызат түсірген мәселенің түйіні қандай? Бұл жағдайға деген жаһандық әсер қай деңгейде? Саяси конфликт кульминациясы және ықтималдық деңгейі жоғары болған үшінші дүниежүзілік соғыс туралы гипотезаға зер салсақ.
Аталған жағдай компьютерлік ойын дизайнері Брайан Фаргоның «гейм-сценарийіне» ұқсас. Бұл ретте үшінші дүниежүзілік соғыс тақырыбының тек осы қайшылықтан емес, бұған дейін де «жұмсақ күш» (soft power) есебінде басталып қойғанын айта кеткен жөн. Таяу Шығыста әлі күнге дейін жалғасқан қақтығыстар, Венесуэла дағдарысы, Ұлыбритания мен Ресей жанжалы, АҚШ-тағы сайлауға сыртқы күштердің араласуы сынды өзге де оқиғаларды соғыстың бірден-бір бастауы деген жөн. Алайда, АҚШ пен Иран жанжалының «саясаттағы агрессияның» максималды деңгейіне жетуі – үшінші дүниежүзілік соғыс ықтималдығын туғызғаны рас.
Оқиға хроникасы
27 желтоқсан. Киркук қаласындағы АҚШ-тың «К-1» әскери базасына зымыранмен шабуыл жасалып, америкалық азамат қаза тапты. Ресми Уашингтон бұл істің артында Иран қаржыландыратын Катаиб Хезболла ұйымы тұр деген мәлімдеме жасады;
29 желтоқсан. АҚШ ӘӘК күштері Сүрия мен Ирактағы Катаиб Хезболла нысандарына соққылар сериясын бастады. Пентагон өкілі Джонатан Хоффман шабуылдың әскери қоймалар мен командалық пункттер бойынша жүргізілгенін айтты. Салдарынан 25 адам қаза тапқан;
30 желтоқсан. Иран СІМ АҚШ-тың «әскери агрессиясын» айыптап, елдің ішкі ісіне араласпауды талап етті. Иран «Ислам Революциясының күзет корпусы» Америкаға қарымта жауап беретінін айтты;
29 желтоқсан. Бағдад көшелеріне шыққан наразылық білдірушілер АҚШ елшілігіне шабуыл жасады. Елші және қызметкерлер қаладан қашуға мәжбүр болған;
1 қаңтар. Трамп Ирактағы АҚШ елшілігіне жасалған шабуылға қатысы бар деп Иранды айыптады. Пентагон басшысы Марк Эспер өңірге 82-ші әуе-десанттық дивизияның 750 әскерилерін жіберетінін хабарлады. Сол күні АҚШ-тың теңіз жаяу әскері елшіліктің аумағына келіп, наразы топқа қарсы көз жасаурататын газ қолданды;
3 қаңтар. АҚШ Бағдадтағы халықаралық әуежайға зымыранмен соққы берді. Салдарынан Ислам революциясы сақшылар корпусының «Құдс күштері» арнайы жасағының қолбасшысы Касем Сүлеймани қаза тапты. Наразылық өрши түсті.
8 қаңтар. АҚШ-тан «кек алатынын» мәлімдеген Иран Американың Ирактағы бірқатар нысандарын зымыранмен атқылады.
Жаһандық әсер
Халықаралық саясатта ядролық келісім айтарлықтай рөлге ие. 2015 жылы Иран Ядролық келісіміне Ираннан тыс 6 ірі ел: АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қытай, Франция және Германия қол қойды. Келісімде Иранның ядролық бағдарламасына шектеулер қойып, оның қарымтасы ретінде Иранға қаратылған халықаралық санкция алынып тасталған еді. Бұл 2006 жылдан бері жүзеге аспай келе жатқан сөйлесулерге үлкен бұрылыс әкелген-ді.
Кейіннен АҚШ аталған келісімнен шығатынын мәлімдеп, президент Трамп: «Иран терроризмді демеуші мемлекет. Бұл үшін өз халқының әлеуетін пайдаланып отыр. Иран режимі «Хизбулла», «Хаммас», «Талибан», «әл-Каида» ұйымдарының қолдаушысы», – деді. Ал Иран ядролық келісімі туралы сөзінде: «Бұл келісім адамды ұялтатын біржақты келісім. Егер мен бұл ядролық келісімге рұқсат берсем, Таяу Шығыс қаруланады. Бұл келісім Иранның өңірдегі амбициясын тоқтата алмайды, Иранның ядролық қаруын бұл шіріген келісіммен жоғалта алмаймыз», – деген жауап қатты. Осы аптаның басында Иран ядролық келісімнен шығып кетті.
Жылдың басында ушыға түскен қақтығысқа әлем елдері мен шетел баспасөзі әртүрлі реакция білдіріп отыр. Ресей СІМ генерал өлімі аумақтағы ахуалды одан әрі ушықтырады десе, Израиль премьер-министрі Грекияға жоспарлаған сапарын шегерген және ресми тұлғалардың Сүлеймани өліміне байланысты пікір білдіруіне тыйым салған. Ал Қытай екі тарапты сабырға шақырған. Еуропаның бірқатар елдері «үшінші дүниежүзілік соғыс қаупі туды» деп, Иранды келіссөзге шақырып отыр. Германия Сыртқы істер министрлігінің басшысы Хайко Маас Еуропалық одақ шеңберінде тараптарды татуластыру үшін барлық шаралардың қабылданатынын айтты. БҰҰ, НАТО әскери қақтығыс елге ешқандай пайда әкелмейтінін, одан тек лаңкестік топтар ұтатынын ескертіп отыр.
Гипотеза және үшінші дүниежүзілік соғыс
Негізінен гипотетикалық конфликт саналатын үшінші дүниежүзілік соғыс туралы термин 1941 жылы алғаш рет қолданылған болатын. Бастапқыда саясаткерлер бұл сөзге «суық соғыс, биологиялық соғыс және терроризмге қарсы іс-қимыл» деген түсінік берген. Бұған дейін Жапонияның Перл-Харборға жасаған шабуылы, қос Корея конфликтісі, Жапония мен Ресей арасындағы «арал дауы», Украинадағы қақтығыстар «үшінші дүниежүзілік соғыс» ретінде тарихта қалады деген болжамдар да айтылды.
Шындап келгенде, соғыстың басталу ықтималдылығы жөнінде сарапшылардың басым бөлігі Таяу Шығысты нұсқаған. Былтыр АҚШ-тағы құрлық әскерлерін дайындайтын әскери колледждің профессоры Роберт Фарли державалар арасындағы қақтығыс туралы көлемді мақаласында соғыс өрті Иранда тұтануы мүмкін деп жазған болатын. сонымен қатар, әскери ғылымдар докторы, Ресей зымыран және артиллерия ғылымдары академиясы президентінің орынбасары Константин Сивков АҚШ, Израиль, НАТО елдері мен олардың Парсы шығанағы монархияларындағы одақтастары Иранға қарсы басқыншылық жасауы әбден мүмкін леп болжаған. Автордың айтуынша, соғыс орын алған жағдайда, Иран зымыран-ядролық бағдарламасын қайта қолға алуы мүмкін немесе ол Парсы шығанағы жетекші елдерінің бірімен, біріншіден, Сауд Арабиясымен қақтығысады.
Расымен, көп жылдардан бері АҚШ пен Израильдің Иранға тіс қайрап отырғаны белгілі. Теһран қандай да бір жағдай орын алса, қарымта жауап беруге дайын болатын. Олар Таяу Шығыстан келетін мұнай тауарына шектеу қойып, шығанақты бұғаттап тастауға да дайын екенін ашық айтты. Мұнымен қатар, шығанақта америкалық әуе кемесінің тасымалдаушысы көрінгенде, ирандықтар дәл соның жанында ракеталарын атқылап, өздерінің қару-жарақтары дайын екендігін көрсеткен. Ядролық келісім маңайындағы келіспеушіліктер де тараптар арасындағы даудың кульминациясы жақсы аяқталмайтынын білдірген.
P.S.
Дәл қазіргі уақытта дүниежүзі үшін соғыс емес, тараптардың мәселені бейбіт жолмен шешуі маңызды. Үшінші дүиежүзілік соғыс тақырыбын сөз еткенде, негізгі көзірлерге зер салған жөн.
Бірінші кезекте, АҚШ-та республикалықтар мен демократтардың бір-бірімен қырғи-қабақ екенін ескерсек, бұл жанжалда нақты бір келісімге келу қиындық туғызар еді.
Екінші кезекте, текетірестен соғыс өрті тұтанған жағдайда, Иран мен өзге де араб елдері Израильге күн көрсетпесі анық. Ал Америка араб жеріндегі жалғыз «сенімді серіктесі» саналатын Израильді құрдымға жібере қоймас.
Үшіншіден, әлемнің өзге елдері үшін қуатты да маңызды әріптес саналатын Иранның айналасында қолдаушы ұйымдар мен бағынышты саяси топтардың шоғырлануы, президенттің импичмент мәселесі – әскери әлеуеті жоғары АҚШ-ты соғыс бастауға итермелеген жоқ. Себебі Америка Иранды террорлық топтарға қарсы күш біріктіріп, «бейбітшілікті сақтауға» тырысатынын айтып келеді. Бұл тақырыпқа Дональд Трамп халыққа үндеуінде де тоқталып өтті.