«Орта Шығыстағы тұрақтылық Қытайдың мүддесі үшін пайдалы». АҚШ Мемлекеттік департаменті алға тартқан бұл мәлімдеме бұған дейін АҚШ-Иран қайшылығы және оның Қытайға болған әсерлері туралы болжамдарды терістеп отыр.
Өткен түндегі зымыран шабуылы және жолаушылар ұшағының құлауы әлем көз тігіп отырған АҚШ пен Иран қатынасын тіпті де ушықтырып барады. Бұған дейін халықаралық сарапшылар АҚШ пен Иран қайшылығы Ресей мен Қытай сынды АҚШ-тың стратегиялық әріптестеріне халықаралық ықпалын арттыруға мүмкіндік береді деп болжаған. Әсіресе, Қытай Үнді-Тынық мұхиты аймағында әскери ықпалын арттырып, күшейе түсуге 5-10 жылдық мүмкіндік алады деп алаңдаған. Бірақ, кеше (АҚШ уақытымен 7 қаңтар) АҚШ Мемлекеттік департаментінің жоғары лауазымдылары өткізген арнайы брифингте бұл болжамды жоққа шығарды. Олардың айтуынша Орта Шығыстағы тұрақсыздық міндетті түрде Қытайдың түбірлі мүдделері үшін кері әсер етеді.
Бірқатар елдің басылымдары АҚШ пен Иран қатынасы шиеленісе бастағанда Қытай тарабы бұл ситуацияны «қуанышпен қабылдады» деген сыңайда сараптамалар жазған еді. Шынында да АҚШ Иранмен кезектескен соққы диалогында тұрып, Орта Шығыстың бітпес дауына бата түссе, Қытай ықпалының артуына мұрсат беріп қоятындай көрінеді. Оның үстіне қытайлық басылымдарда осыған ұқсас мазмұндағы сараптамалар жария етті. АҚШ-Иран қайшылығынан келіп шыққан «қуанышын тойлады» десе де болады.
Бірақ, Мемлекеттік департаменттің лауазымды тұлғалары бұған келіспейді. «Қытай өзінің «тойлап жатқанын» көрсетуге тырысқанына қарамастан, біз бұл жағдайдың Қытай үшін қуанарлық жағдай болатынына сенбейміз. Меніңше Қытай билігі де бізге ұқсас алаңдаулы. Біз Қытай тарабы Теһран тұрақсыздығының өздеріне тигізетін кері әсерін мойындай отырып қалыптасқан жағдайға жағымды дипломатиялық ұстанымда болады деп үміттенеміз», – десті АҚШ Мемлекеттік департаментінің жоғары лауазымды өкілдері.
АҚШ Мемлекеттік департаменті келтірген дәлелдері де тиянақты. Ең әуелі, Парсы шығанағындағы тұрақсыздық шикі мұнайдың бағасын жоғарлатады. Әлемдегі ең үлкен өндірістік ел Қытай Иран ғана емес, Парсы шығанағынан шығатын шикі мұнайға көбірек тәуелді. АҚШ-тың Иран мұнай экспортына салған санкциясына қарамай Қытай Иран мұнайының бірден бір ірі тұтынушысы болғаны белгілі. Жақында ғана Қытай Иран шикі мұнайын көп мөлшерде және арзан бағада сатып алу туралы келісім жасасқан болатын. Мұнайдан да тыс Қытайға кіретін энергия көздері буылады. Бұның бәрі Қытайдың өндірісін баяулатып қана қоймай, экспортына да зор шығын алып келуі мүмкін.
Жаңа жыл қарсаңында басталған АҚШ-Иран қайшылығынан кейін мемлекеттік хатшы Помпео Қытайдағы бірқатар дипломаттармен сөйлескен. Бұл сөйлесулердің толық мазмұны ақпарат құралдарына ашық болмағанымен, әңгіменің басты тақырыбы АҚШ-Иран қақтығысының Қытайға болған әсері туралы екенін Полмпеоның өзі де растады. Ол брифингтегі сөзінде: «Орта Шығыс тұрақтылығынан кім көбірек пайда табады дегенді анықтау өте қиын. Бірақ, бұл тізімде Қытайдың алдынғы орындарда тұратынын анық», – деді.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәлімдемесіне қарап, Иранмен қайшылықтың Қытайға әсері туралы алдын ала межелегендерін байқау қиын емес. Әрине, бір ғана Қытай экономикасын буып тастау үшін Иранмен қақтығысқа барады деуден аулақпыз, дегенмен де, Парсы шығанағының соғыс күйінде тұруынан Қытай ғана емес, әлемнің көптеген елдері пайда таба қоймайды.