Иран АҚШ-тың ұшқышсыз ұшу құрылғылары әуе қорғаныс кеңістігін бұзды деп айыптады. Мемлекеттік теле арнасы хабарлағандай, Иран әскери-әуе күштері АҚШ-қа тиесілі екі донды Систан-Белужистан жағалауына жақын кеңістікте ұстап, ескерту жасаған.

ИИР әуе күштері Оман теңізіндегі кеңістігінде «Зұлфикар-1400» әскери жаттығуын өткізіп жатыр. Ресми Теһран жаттығу кезінде АҚШ әскери-әуе күштеріне тиесілі RQ4 және  MQ9 ұшқышсыз ұшу құрылғыларының иранға тиесілі әуе қорғаныс кеңістігіне кірді деп айыптады.

АҚШ тарабы қазірге аталған мәселеге байланысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Иран әуе күштері АҚШ дрондарын ұстап ескерту жасағанын мәлімдеді.

Иран өзіне салынған қатаң экономикалық санкцияларды алып тастау үшін бұзылған ядролық келісімді қалпына келтіру бойынша келіссөзге қайта оралу алдында. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі АҚШ пен Иран қатынасы келісімнің тағдырына тікелей әсер етеді. Сондықтан Теһран Парсы шығанағы мен Оман теңізіндегі АҚШ-тың әскери техникаларының қозғалысын жіті бақылап отыр. Бұдан бұрын Теһран АҚШ әскери кемелері Парсы шығанағындағы мұнай танкерін ұстамақ болды деп айыптаған болатын.

The Qazaq Times