Иран сыртқы саясатының идеологы, әскери стратегі, генерал Касем Сүлеймани АҚШ-тың Бағдадтағы халықаралық әуежайға зымыран соққысы кезінде қаза тапты. Аталған жайттан кейін екі ел арасындағы саяси қақтығыс ушыға түскен. Әлем назарын өзіне аударып, екі ел байланысын жүз сексен градусқа бұрған генерал Касем Сүлеймани жөнінде сараптамаға зер салсақ.
31 желтоқсанда АҚШ-тың Бағдаттағы елшілігі алдында наразылық шарасы болып, шерушілердің алды елшілік ғимаратына шабуылдаған. Америка бұл наразылықтың артында Иран тұр деп есептейді. Наразылық АҚШ күштерінің Ирактағы және Сүриядағы шабуылында шиит мұсылмандары қаза тапқаны туралы мәлімет тараған соң тұтанған еді.
3 қаңтарда Иракта АҚШ ирандық әскербасының көзін жойып, оқиға жауапкершілігін мойнына алғаннан кейін Уашингтон мен Теһран арасындағы соғыс ықтималдығы туралы айтыла бастады. Бұл жайттан кейін Аятолла Хаменей Исмаил Кааниді «Құдс»-тың жаңа қолбасшысы ретінде тағайындады.
Кей ирандықтар Сүлейманиді «ұлт үшін жан пида еткен қайраткер», «Күрдістанды құтқарушы» десе, кейбірі оны «елдегі қақтығыстарға себепкер» деп атайды. Халықаралық саясатта Сүлеймани Ресей президенті Владимир Путинді Сүриядағы қақтығысты реттеуге шақырған адам ретінде де белгілі. Сонымен қатар, ол Иран ғана емес, Сүрия, Ливан, Ирак, Йеменде «даңқты қолбасшы» атанған. Шииттіктердің өңірлік одағын құруға ықпал еткендіктен, сүнниттер үшін басты қарсылас саналған.
Генерал Сүлеймани сүриялық соғыстағы күштерді Башар Асадтың пайдасына шешіп, Иранның Иракқа деген ықпалын күшейте алды. Осы жағдайдан кейін Ирактағы жүздеген Америка әскері қаза тауып, Сүлейманиге Израильге шабуыл жасауға қатысы бар деген айып тағылды.
Батыс елдері үшін Иран генералы «зұлым стратег, қатірлі тұлға» атанған. АҚШ Сүлейманиді басқа ирандық ресми тұлғалармен бірге лаңкестік тотар қатарына енген деп, 2011 жылы Уашингтондағы Сауд Арабиясы елшісінің өліміне кінәлі деп тапты.
Ол аймақтағы әскери барлаудың білікті қызметкері саналып, Иранның рухани көсемі аятолла Хаменидің оң қолы болды. Сүлейманиге қарайтын «Құдс күштерін» былтыр АҚШ үкіметі террорлық ұйымдар тізіміне енгізген.
2017 жылы генерал Сүлейманиді президенттік сайлауға шақырған науқан өтті. Алайда, ол жеңіске жеткен жағдайда Таяу Шығыс құрдымға кетеді деген қорқыныш та болған.
Ерте басталған мансап
Касем Сүлеймани қарапайым отбасыдан шыққан. Ол 1957 жылы Иранның оңтүстік-шығысындағы Керман провинциясында дүниеге келген. Бастауыш мектептің бес сыныбын бітіріп, 13 жасында құрылыс алаңында жұмыс істеген. Бос уақытында ол ауыр атлетикамен айналысып, Иранның қазіргі жоғарғы көшбасшысы аятолла Хаменеидің уағызына барып тұрған.
Foreign Policy басылымының мәліметтері бойынша, 1979 жылы Ислам революциясы кезінде 22 жастағы Сүлеймани өз мансабын әскери саладан бастаған және бірден Ислам революциясының Күзет орталығына қабылданған.
1980-1988 жылдар аралығында болған Иран-Ирак соғысында Сүлеймани әскери операцияларды жүргізіп отырған. 1998 жылы «Құдс»-тың арнайы бөлімін басқарды. Сол уақыттан бастап ол Иранның Ливандағы шииттік «Хезболламен», Асад пен шиит топтарымен байланысын нығайтқан.
1998 жылы ол «Құдс» жасағының жетекшісі болып тағайындалады. Касем Сүлейманидың 2002 жылы және 2010 жылы Американың Таяу Шығыстағы өкілдерімен кездескені туралы жиі айтылады. Америка өкілдерімен кездесудің бірінде оның Хаменеиден рұқсат алмағаны туралы да сөз бар.
Геосаясаттағы басты ойыншы
Сүлеймани, бір жағынан, Ислам мемлекеті террорлық ұйымымен нәтижелі күрес жүргізген. Екінші жағынан, Сүриядағы бейбіт тұрғындардың қанын мойнына арқалады және Таяу Шығыстағы АҚШ коалициясының америкалық әскери объектілері мен базаларына шабуыл жасауға қатысы бар деп айыпталды.
2013 жылы ЦРУ-дың бұрынғы қызметкері Джон Магуайр Иран генералын «Таяу Шығыстағы ең ықпалды тұлға» десе, 2014 жылы Канаданың сол кездегі Сыртқы істер министрі Джон Бэрд лаңкестермен күрескен генералды «террордың агенті, іштен шыққан жау» деді.
New York Times басылымына сұхбат берген Израиль барлау қызметінің бұрынғы басшысы Моссад Таяу Шығыстағы араб көктемі, содан кейін Ислам мемлекетіне қарсы күресте генерал Сүлеймани өңір геосаясатындағы басты ойыншыға айналғанын айтады.
Сүриядағы соғысқа әсері
АҚШ пен Иран арасында идеологиялық жағынан қарама-қайшылық көп болғанмен, кей кездері тараптардың бірігуіне тура келді. 2001 жылы Иран АҚШ-қа Ауғанстандағы талибтерді «құлату» үшін көмекке әскери барлау жіберуді ұсынды. 2007 жылы Уашингтон мен Теһран өз өкілдері Бағдадта аймақтағы ахуалдың нашарлауына байланысты келіссөздер жүргізу үшін кездесті.
2005 жылы Ирак үкіметін қалпына келтіру саясатынан кейін бұрынғы премьер-министр Ибрагим әл-Джафари мен Нұри әл-Мәликаның қолдауымен Сүлейманидің ықпалы Иракта арта бастады.
2011 жылы Сүрияда азаматтық соғыс басталғаннан кейін Сүлеймани Иракқа Асад үкіметін қорғау туралы бұйрық берді.
Генерал өліміне реакция
АҚШ пен Иран байланысын ушықтыра түскен жағдайға әлем елдері мен шетел баспасөзі әртүрлі реакция білдіріп отыр. Ресей СІМ генерал өлімі аумақтағы ахуалды одан әрі ушықтырады десе, Израил премьер-министрі Грекияға жоспарлаған сапарын шегерген және ресми тұлғалардың Сүлеймани өліміне байланысты пікір білдіруіне тыйым салған. Ал Қытай екі тарапты сабырға шақырған.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Twitter-де «операция нәтижесін Ирак халқы қуана қабылдағанын» жазды. Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Сүлеймани өлімін «америкалықтардың қауіпсіздігіне зардабы тиетін арандату» деп бағалады.
Еуропаның бірқатар елдері «үшінші дүниежүзілік соғыс қаупі туды» деп, Иранды келіссөзге шақырып отыр. Германия Сыртқы істер министрлігінің басшысы Хайко Маас Еуропалық одақ шеңберінде тараптарды татуластыру үшін барлық шаралардың қабылданатынын айтты. Ал Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Доминик Раабтың айтуынша, АҚШ Касем Сүлейманиді өз азаматтарын қорғау үшін өлтірген. Себебі, ол аймақты тұрақсыздандырып, батыс елдерінің өкілдіктеріне шабуылдар ұйымдастырған. Сонымен қатар, Рааб әскери қақтығыс елге ешқандай пайда әкелмейтінін, одан тек лаңкестік топтар ұтатынын ескертті. Британия министрі сөзінде: «Біз қазір жағдайды тұрақтандыруға күш салып жатырмыз. Мәселені еуропалық және америкалық әріптестерімізбен талқыладық. Кеше Ирак президентімен, ал бүгін таңертең осы елдің премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесіп, өз ұстанымымызды жеткіздім. Жуық арада Иран Сыртқы істер министрімен де қақтығысты болдырмаудың жолдарын талқыламақ ойдамын», – деп мәлімдеді.
Екі ел арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу үшін бүгін кешке НАТО өкілдері бас қосып, шұғыл жиын өткізбек. Жаһан назарын аударған мәселені Солтүстік альянс пен халықаралық ұйымдар реттей ала ма, ол жағы белгісіз. Белгілісі – Иран геосаясатында басты фигура саналған генерал Сүлейманидің қазасы Теһран мен Уашингтон байланысын ұзақ мерзімге құрдымға әкетті...