2019 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Петер Хандке әдеби тәжірибелерімен және Вим Вендерс фильмдерінің сценарийлері арқылы танымал. Бірақ оның шығармашылығы «тиран» ретінде танылған басшы Слободан Милошевичті ақтады және тарихты бұрмалады деп сынға алынып келеді.

Әлемдік деңгейдегі марапатқа ие болғаннан кейін Косово, Босния мен Герцеговина жұрты Хандкені «нон-грат шебері және жалған зерттеуші» деп айыптады. Хандкенің өзі 2006 жылы New York Times-ке берген сұхбатында жас кезінде Нобель сыйлығы туралы армандағанын, бірақ Югославияны қолдағаны үшін бұл мәртебеге ие бола алмайтынын айтқан.

Хандке 1942 жылы Аустрияда туған: анасы славян, ал әкесі неміс солдаты болды. Жазушы өзінің радикалды мәлімдемелерімен танымал. Ол Томас Манн мен Франц Кафка еңбектерін «қоқыс және экспериментке толы» дейді.

Хандкенің 1966 жылы жарық көрген «Көрермендерді қорлау» пьесасы да бірнеше мәрте сын астында қалған болатын. Автор «Аспан астындағы Берлин» фильміне сценарий жазып, аталған туынды Канн фестивальінің жүлдегері атанды.

Сербия үшін, Милошевич үшін

Слободан Милошевич – әлемдік саясатта «жауыз басшы және диктатор» ретінде белгілі. Оның атымен 1990 жылдардың басында Югославияның ыдырауынан кейін және 1999 жылы НАТО Қарулы күштерінің ауқымды әскери іс-қимылы салдарынан орын алған этникалық қақтығыстар мен азаматтық соғыстардың күрделі және драмалық тізбегі байланысты. Сонымен қатар, Милошевич оппозициядағы жетекші Вук Драсковичті де 1999 жылы қасақана өлтірмек болған. Слободан Милошевич адамзатқа қарсы геноцидте айыпталып, 1990 жылдардағы соғыс қылмыскері ретінде халықаралық Гаага трибуналындағы сотқа жауапқа алынған. Ал биыл Нобель премиясының лауреаты атанған аустриялық жазушы Петер Хандке өз еңбектерінде Милошевичті «ақтап алуға тырысып келеді».

Хандкенің 1996 жылы Югославиядағы сапары туралы жазбалары Süddeutsche Zeitung неміс басылымында жарық көргенннен кейін саяси жанжал басталды. Мақалаларында автор Балқан мәселесін тек біржақты көрсетіп, сербиялықтарды агрессор ретінде сипаттаған.

Ол 1995 жылдың жазында мыңнан астам мұсылман-босниялықтардың «жау қолынан қаза табуына» күмән келтірген. Бұл мақаладан кейін Хандкеге деген наразылық өрши түсті. Бірқатар неміс басылымдары жазушыны қатаң сынға алды. Француз философы Ален Финкелькраут авторды «идеологиялық құбыжық», Салман Рушди «есінен алжасқан жазушы» деп атаса, америкалық жазушы Сьюзен Сонтаг «енді Нью-Йорк үшін Хандке жоқ» деп мәлімдеді.

НАТО Югославияны бомбалағаннан кейін үш жыл өткен соң, Хандке Сербия арнасына сұхбат беріп, Косово үшін шайқасқан сербтік православиелік монах болғысы келетінін мәлімдеді. Оның бұл пікірі де қызу пікірталас туғызды.

2006 жылы Гаага түрмесінде қайтыс болған Сербияның бұрынғы президенті Слободан Милошевичті жерлеу рәсімінде Хандке: «Мен тыңдаймын. Мен сезінемін. Бәрі есімде. Сондықтан бүгін мен Югославияның, Сербияның, Слободан Милошевичтің жанындамын», – деді.

Хандке шығармашылығына қарсылық білдірушілер. Фото. https://s1.ibtimes.com

Реакцияға реакциялар

Марапаттау рәсімінде Хандке ие болған атақты босния, хорват, косово, албан мен түркиялық дипломаттар мойындаудан бас тартты. Олар жазушыны «геноцидтің апологеті», «нон-грат адамы» деп атайды. Босния мәселесін жазып жүрген тілшілер Твиттер желісінде #BosniaWarJournalists хэштегін жазып, Хандкенің марапатын жоққа шығаратынын айтты. Олардың қатарында ВВС-дің Таяу Шығыс бөлімінің редакторы Джереми Боуэн, New York Times газетінің, CNN телеарнасының, New Yorker журналының және Guardian газетінің редакторлары мен журналистері бар.

Лондон университетінің профессоры Орландо Файджес Хандкеге «Слободан Милошевичтің қанды режимін жақтаушы» деген баға берді. Ал словян философы Славоя Жижектің пікірінше, «сыйлық әскери қылмысты қорғайтын адамға бұйырды».

Жақында Швед академиясының мүшелері Эрик Рунессон және оның тұрақты хатшысы Матс Мальм шведтік «Dagens Nyheter» газетінде (швед тілінде пейволл) жарық көрген сын мақалаға жауап берді. Олар Хандкенің кей мәлімдемелері орынсыз және арандатушылық сипат алатынын, бірақ жазушы шығармашылығында әскери қылмыстарды немесе геноцидті ақтау туралы ойлардың кездеспегенін айтты.

Автордың өзі соңғы уақытта журналистермен саясатты талқылаудан бас тартып жүр. Осы аптада өткен баспасөз конференциясында тілшінің Балқан туралы сауалынан кейін Хандке жиыннан кетіп қалған. Хандке: «Ешкім менің өзімнен сұрамайды. Тек әлемдік жаңалықтарды оқып алып, реакцияларға реакция қайтарады», – дейді.

"The Qazaq Times"