Норвегия Парламентінің Христиан-демократиялық партиясының депутаты Гейр Тоскедал «Vart Land» басылымына Беларусь оппозициясының өкілдері Светлана Тихановская, Мария Колесникова және Вероника Цепкалоның 2021 жылғы Нобель сыйлығына ұсынылғанын хабарлады.
Нобельге үміткер атанған Тихановская, Колесникова және Цепкало «әділ сайлау» үшін күресі және «Беларусьтегі заңсыз режимге бейбіт түрде қарсы тұрғаны» үшін жоғары марапатқа лайық деп танылған.
Беларусьтегі наразылық шерулеріне екі айдан астам уақыт өтті. 9 тамызда өткен президенттік сайлауда ОСК Александр Лукашенконың 80% -дан астам, ал Светлана Тихановская 10% -дан сәл артық дауыс жинағанын жариялаған. Кейіннен Беларусь оппозиция өкілдері сайлау нәтижесін жойып, қайтадан сайлау өткізуді талап етті. Ресми мәліметпен келіспеген халық та жаппай наразылық акциясына шықты, ал билік оларды аяусыз басумен болды. Беларусьтегі «демократия жолындағы күрес» әлі де жалғасып келеді.
Александр Лукашенко сайлау әділ өтті деп санайды. Ал Еуропалық одақ пен АҚШ наразылық шерулерін қолдап, Беларусь билігінің бірқатар өкілдеріне санкция енгізу туралы шешім шығарды. Ал Қазақстан билігі Александр Лукашенконы алғашқылардың бірі болып, сайлаудағы «жеңісімен» құттықтаған.
Айта кетейік, Светлана Тихановская – танымал блогер Сергей Тихановскийдің әйелі. Билік оның күйеуін үміткер ретінде тіркеуден бас тартқан соң Тихановская сайлауға өзі қатысқан. Сергей Тихановский қазір қамауда отыр.
Өткен аптада Тихановская 25 қазанда «халықтық ультиматум» жарияланатынын хабарлап, Александр Лукашенконың биліктен өз еркімен кетуін талап етті.