Белсенділер «ұйқышыл» деп көп сынайтын Қазақстан парламентіндегі ресми партиялардан бөлек, соңғы кездері саяси платформада көзге түсе бастаған оппозициялық, азаматтық ұйымдардың Тәуелсіздік күні туралы және 16 желтоқсанда алаңға шығу жөніндегі ұстанымдарын ұсынамыз.
«Қазақстанның демократиялық партиясы»
15 желтоқсан «Қазақстанның демократиялық партиясының» ұйымдастыру комитетінің басшысы белгілі журналист, қоғамдық белсенді Жанболат Мамай Тәуелсіздік күні Желтоқсан және Жаңаөзен құрбандарын еске алып, рухтарына тағзым етуге шақырды. Ол «қаралы күні» күндіз сағат 11:30-12:00 аралығында Алматыдағы Желтоқсан мен Сәтпаев көшелерінің қиылысында орналасқан «Тәуелсіздік таңы» ескерткішінің алдында құран бағыштап, гүл шоқтарын қоятынын мәлімдеді. Жанболат Мамай партияның youtube арнасында:
– Бұл күні тек азаматтық қоғам өкілдері, журналистер, саясаткерлер немесе қоғам қайраткерлері ғана емес, жоғары биліктегі президенттен бастап қарапайым мемлекеттік қызметкерге дейін әркім өз қаласындағы алаңға барып, Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске алып, құрмет көрсетуі тиіс. Себебі бұл – қазақ тарихындағы сакральді дата. Негізінен болашақта 16-17 желтоқсанды Желтоқсан-Жаңаөзен оқиғасына тағзым күні, ұлттық қасірет-бірлік күні деп жариялау керек деп санаймыз. Желтоқсандықтарға бірге тағзым етейік, келіңіздер! – деп үндеу жариялады.
«Oyan, Qazaqstan»
Тәуелсіздік күні жұртты билікке қарсы наразылыққа шақырған ұйымдардың бірі – «Oyan, Qazaqstan» ерікті жастар қозғалысы. Ұйым facebook парағындағы жазбасында:
«Қаншама жылдар өтсе де, 1986 және 2011 жылдардың 16-шы желтоқсанында, өз еріктерін білдіруге шыққан қазақстандықтар қуғын-сүргінге қалай ұшырағанын және бұл жүйенің бейбіт халыққа істеген зорлық-зомбылығын бір сәтке де ұмытқан емеспіз, ұмытпаймыз. Біздің бостандығымызды бұзып жатқан бүгінгі тирания – Желтоқсанды аямай басып-жаншыған диктатураның жалғасы», – деп жазған болатын.
Сондай-ақ белсенділер желтоқсанның 15-і әлеуметтік желідегі парақтарында 1986 жылғы желтоқсаншы жастар мен 2011 жылғы Жаңаөзен азаматтарының ереуілін алға тарта отырып:
– Біз 16 желтоқсан сағат 12:00–де зұлымдықты тоқтату талабымен бейбіт митингке шығамыз. Біз еркін және демократиялық елде өмір сүру және әділ сайлау арқылы өкілдерімізді таңдау құқығымызды қорғаймыз. Сөз бостандығы мен бейбіт жиналыстар үшін шығамыз, – деп хабарлады.
Осы уақытқа дейін бірнеше рет санкцияланбаған митинг-марш өткізген азаматтық қозғалыс «бейбіт шеруге шығуға рұқсат сұрауға қарсы, тек хабарландыру қажет» деп біледі.
Тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы»
Қазақстанда экстремистік ұйым ретінде танылып, сырттай 20 жылға сотталған экс-банкир Мұхтар Әбілязовтың жетекшілік ететін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» бейресми қозғалысы елді кезекті қарсылық акциясына шақырды. Ашық ақпарат көздеріне қарағанда, биыл наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығының жағдайына қатысты қабылдаған қарарында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған. Қызметіне тыйым салынған ұйым белсенділері қазақстандықтарды бірнеше апта бойы әлеуметтік желіде «жалпыхалықтық шеруге» үгіттеп келеді. Қуғында жүрген Әбілязов youtube арнасындағы «Қаралы желтоқсан» жазбасында «16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні емес, біз нағыз Тәуелсіздікке әлі жеткен жоқпыз» деп есептейтінін жеткізген.
«Халық құрылтайы»
Белгілі журналист, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай 16-17 желтоқсаннан биліктің «ерекше үрейленетінін», бұл күндері алаңға бару үшін ешқандай рұқсат сұраудың қажеті жоқтығын айтады. Ол:
– 16-17-сі күндері шығуға ешқандай рұқсат сұраудың, тіпті ескертудің де керегі жоқ. Аталған күні халықтың барып гүл қойып, тағзым етуі ешқандай заңға қайшы емес. Керісінше қоғамға қажет дүние. Егер бұл заңсыз болса, онда 9-10-дарда барып гүл шоқтарын қоятын әкімдіктің де әрекетін заңсыз, қылмыс деуге тура келеді. Сондықтан бүл күндері азаматтардың алаңға жиналып, тағзым етуі қалыпты көрініс болуы керек. Ал полиция, басқа да күштік құрылымдар оларға кедергі жасаудың орнына, қайта сондағы аяқ сындырып, жақ айырғыш «ақыл-есі басқаша» жұлқынғандардың арандатуына жол бермеуге қызмет етуі тиіс, – деп жауап берді сауалымызға. Оның сөзінше, құқық қорғау органдарының «ел аузына қақпақ болуы немесе бөгет жасауы», «қасірет күнін еске алуға мүмкіндік бермеу не мұны тойға айналдыру – дені дұрыс мемлекеттің ісі емес».
Оппозициялық-күрескер әрі мемлекетшіл-саяси топтардың бірігуін қалайтын «Халық құрылтайы» қозғалысының ұйымдастырушылары Тәуелсіздік күні «әдеттегідей міндетті түрде алаңда» болатынын жеткізді.
«Respublika»
Партия болуды көздейтін, биыл президент сайлауынан кейін құрылған Respublika азаматтық қозғалысы ешкімді шеруге шақырмайтынын мәлімдеген. Соңғы жарты жылда бірнеше наразылық акциясын өткізген қозғалыстың белсенді мүшелерінің бірі Бэлла Орынбетова өзінің facebook парағында:
– 16 желтоқсан жақындаған сайын ауыр екен. Respublika ешкімді ешқайда шақырмайды. Ойлана келе, өз мүмкіндіктерімізді ескере келе революцияны санада жүргізейік дедік. Жоқ, бұл партия құруды тоқтатамыз деген сөз емес. Күрес тым әділетсіз. Біз күресімізді тоқтатпаймыз.
Білмеймін, алаңға шыққан адамның жағын айырам, аяғын сындырам деу үшін надандық, арсыздық шегі қаншалық болуы керек екенін. Бірақ үндемей отырудың өзі тым ауыр...
Не істемек керек?, – деп жазды.
Белгілі азаматтық белсендінің сөзінше, ол үшін 16 желтоқсан «қуанышынан гөрі қайғысы басым» «...боздақтардың қыршынынан қиылған күн».
Желтоқсан құрбаны, «Халық қаһарманының» бауыры мен бас прокуратураның ескертуі
Желтоқсанның 12-сі Алматыда өткен баспасөз мәслихатында желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбековтің інісі Талғат Рысқұлбеков «16-шы желтоқсан күні алаңға шыққан азаматтардың аяғын сындырып, кекілін қайырып, жағын айыратындығын» айтқан болатын. Әлеуметтік желі қолданушылары азаматтық қоғам тарапынан «радикалды діни ағымның өкілі» деп жиі сыналатын Талғат Рысқұлбековтің сөзін айыптаған. Оның «жеке ескертуі» қоғамда демократиялық принциптерге жатпайтыныны қызу талқыланды. Бірқатар азаматтық белсенді оны «жаңаөзендіктер нақақ оққа ұшқанда сол «аяқ сындырғыш» «батырлар» қайда қалдың» деп, өз қарсылығын білдірді.
Ал өткен жексенбі Қазақстанның бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев Тәуелсіздік күні өтуі мүмкін митингіге қатысушылардың «жазаланатынын» туралы ескерту мәндегі үндеу жасады.
16 желтоқсанда митингіге шықпау Дембаевтың ресми мәлімдемесінде «бас прокуратураның түсіндіру жұмысына қарамастан жеке адамдар, соның ішінде шетелде жүргендер әлеуметтік желі арқылы алда келе жатқан мереке күні заңсыз митингіге шақырып жатыр» делінген. Ведомство өкілі «митинг өткізу туралы» заңнамалық процедуралар жүзеге аспағандықтан, өтуі мүмкін тағзым жиынын «заң талабын айқын бұзады» деп біледі.
Прокуратура «Тәуелсіздік күні санкцияланбаған митинг ұйымдастырушылар мен қолдаушылар әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық байқалатынын, ал олар қандайда бір елеулі зиян келтірсе – қылмыстық жауапқа тартатынын» ескерткен. Бас прокурордың орынбасарының сөзінше, ел халқын «арандатушылық жасамауға, қолданыстағы заңнаманы мүлтіксіз сақтауға және заңсыз митингілерге қатысудан бас тартуға шақырады».
Әдетте, Қазақстан билігі рұқсат етілмеген митинг-шерулерге қатысушы азаматтарды жаппай ұстап, оларды «заң шеңберінде» әртүрлі жауапкершілікке тартып жатады.