Ресейден несие алған қырғыз кәсіпкері Путинге арнап ескерткіш тұрғызды. 

Қырғызстанның тау шаңғысы курортында Ресей президенті Владимир Путинге арналған биіктігі 2,5 метр болатын «еңселі» ескерткіш бой көтерді. Reuters ақпарат агенттігінің дерегінше, көзі тірі саясаткердің құрметіне орнатылған мүсінді курорт басшылығы «Ресей-Қырғызстан даму қорынан» 1,2 миллион доллар несие алғаннан кейін жасатқан.

Демалыс аймағының бастығы Акбар Розиев бұл қадамға бару себебін кәсібіне қырғызстандық банктердің ешбірі несие бермеген кезде тек аталған ресейлік ұйымның ғана қаржыландыруымен байланысты түсіндіреді. 2014 жылы ашылған Ресей-Қырғыз даму қоры оған 4% көлемде несие берген.

Ол өзінің ризашылығын қалай білдірерін білмей, ақыр соңында Владимир Путинге ескерткіш қоюды ұйғарған. Курорт аумағында бүгінгі президенттен бөлек, Кеңес одағын құрушы Лениннің ескерткіші орнатылған. Өткен мен бүгіннің «мызғымас символы».

Қырғызстандағы Зіл тау демалыс базасында тұрғызылған Ресей президенті Владимир Путиннің ескерткіші. Шу облысы, Бішкек маңы. 8 желтоқсан, 2019 жыл. Фото: Reuters

Путинді үлгі тұтатынын айтқан кәсіпкер:

«Мен өз ризашылығымды қалай білдірсем деп ұзақ ойландым. Ақыры осы шешімге келдім. Оның несиесінің арқасында қазір біздің сауықтыру орталығым әлдеқайда жақсарды», – деді.

Путиннің Ресейдегі және өзге елдердегі мүсін-ескерткіштері аз емес. Сәйкесінше, олардың орнатылу мақсат-мәні де әртүрлі. Федерация аумағындағы ескерткіштер президенттің «көрегендігін» дәріптесе, алыс-жақын көрші-шетелдегі саясаткер бейнесі иронияға құрылған. Мәселен, «Ирбис» казактар қауымдастығы Путиннің Рим императоры үлгісіндегі мүсінін сыйға тартқан.

Қырым аннексияланған соң Ресей қонақ үйлерінің бірінің ауласында ризашылық ретінде прзидент бюсті қойылды.

Қолына тау шаңғысын ұстап тұрып, спорттық костюм киінген үлгіде бейнеленген Путин ескерткіші Челябинск қаласында да бой көтерді. Ескерткіш оның «Тау шаңғы спорты мен салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосқаны үшін» белгі түрінде орнатылған.

Путиннің саяси қызметіне көңілі толмайтын сынаушылар жағы да ащы әжуадан құралақан емес. Көрші Украинада, нақтырақ айтқанда, 2015 жылы Запорожья қаласында «Ресейдің әскери агрессиясына қарсы» салмағы 15 келіге тартатын Ресей президентінің ирониялық мүсіні орнатылды.

Путиннің прототипі негізінде салынған көне грек әдебиетінің мифтік кейіпкері бейнеленген мүсін.

Биыл наурызда «Путин еркін интернетті жерледі» деген айыптаумен рунетте оның «болашақ бейіт тасы» тарап кеткен еді. Телеграмда тараған суретке қатысты татарстандық белсенді Карим Ямадаев қамауға алынған.

"Владимир Путин. 1952-2019" деп жазылған көктас. Фото: ашық дереккөз

2016 жылы украиндық журналист әрі жазушы Сергей Пантюк өзінің facebook парағында Житомир облысына қарасты Улашановка ауылындағы көктас дайындайтын шеберхананың өнімін жариялап, елдің қызу талқысына түскен. «Жарнаманың таптырмас сәтті үлгісі» деп жарияланған жазбаны қолдаушылар қатары өте көп болды.

Бейіт басына қойылатын белгі тасқа арналған украиналық жарнама. Фото: gordonua.com

Соңғы кездері Ресейде азаматтық қоғам белсенділері «Путиндік жеке басқа табыну культін» ашық айыптай бастағаны байқалады. Уикипедия деректері бойынша, «Левада» орталығы жүргізген 20006-2011 жылдардағы «Путиннің жеке басына табыну» туралы әлеуметтік сауалнаманың динамикасынан авторитарлық жүйені сынаушылар қатары өскенін көруге болады.

«Левада» орталығы жүргізген 20006-2011 жылдардағы «Путиннің жеке басына табыну» туралы әлеуметтік сауалнаманың динамикасы. Фото: wikipedia-дан скриншот-қиынды

Қазақстанда да экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне тұрғызылған сәулет туындылары мен ескерткіштер жеткілікті. Оған арнап астанадағы ескерткішті айтпағанда,  Алматы (2011 жыл), Талдықорған (2017 жылы),  Түркістан,  Анакара (Түркия, 2010 жылы), Чолпон-ата (Қырғызстан, 2005 жылы), Днепродзержинск (Украина, 2005 жылы), Гагаузия (Молдова, 2012) т.б. қалаларына түрлі мүсіндер мен ескерткіштер орнатылған. Сонымен бірге академиялық тіл білімі саласына әлі ене қоймаған отандық ономастикада «нұронимдер» қатары қалыптасып үлгерген.

Астана мұражайындағы Н.Назарбаев мүсіні. Фото: tengrinews.kz

Сонымен қатар бұған дейін қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беру рәсімі кезінде Назарбаевтың құрметіне елордада тағы бір ескерткіш тұрғызуды ұсынған болатын. Ашық дереккөздердегі қолда бар ақпараттар бойынша, қоғамдық орындарда орнатылған ресми ескерткіштер саны жағынан Назарбаевтың мүсіні Путиндікіне қарағанда көбірек.

2010 жылы Анкарада «Түркі жұртына сіңірген еңбегі үшін» ашылған Назарбаевтың ескерткіші. Түркия. Фото: ашық дереккөз

Ыстық көл жағалауындағы «Шыңғыс Айтматов атындағы Рух-Орда» кешенінде 2005 жылы ашылған Н.Назарбаев ескерткіші. Қырғызстан, Чолпон-ата. Фото: ашық дереккөз

 

"The Qazaq Times"