20-ға тарта кітаптың авторы, Қазақстан Республикасының бірінші президенті, 30 жылға жуық басшылықта болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аты кезекті нысанға берілді.
Оның есімі Ресейге жалға берілген Байқоңыр қаласындағы зымыран-ғарыш кешеніне берілетін болды. Қыркүейктің 7-сі күні ҚР-ның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен РФ-ның басшысы Владимир Путин «Мәскеу күні» мерекесінде кездесіп, "Союз-5" және "Союз-6" ғарыш зымырандарын ұшыру кешенінің атауын ақылдасып, кеңесті. Кремль басшысының «Нұрсұлтан» атайық деген ұсынысына экс-мембасшы «...жоқ, басқаша атайық, «Назарбаев» болсын» деп жауап берді.
Артынша, іле-шала Роскосмос «Старт кешені «Назарбаев бастауы (немесе «старты»)» деп аталады», – деп мәлімдеме жасады.
Осыдан біраз уақыт бұрын Ақтау қаласында өткен жиында "жағымпаздықты жаны сүймейтінін" айтқан президент Тоқаев билік басына келгелі бері инфрақұрылым нысандарына Назарбаев есімі кеңінен беріле бастады. Тіпті, бірнеше жылдан бері депутаттар, соның ішінде Қуаныш Сұлтановтардың бастамасы президенттің қолдауымен биыл 20 наурызда расқа шығып, ел Астанасының атауы «Нұр-Сұлтан» деп өзгертілді. Бұдан өзге Алматы облысында Нұркент қаласы бар.
Инфрақұрылымды «нұрландыру» шаралары
Экс-президент өзі жоғары қамқоршылық кеңесінде төрағалық ететін Халықаралық ТОР-беделді ЖОО қатарына енуге мүдделі Назарбаев университеті 2010 жылы өз есігін айқара ашты. Бұған қоса қазіргі уақытта республика бойынша «Назарбаев Зияткерлік мектептері» (21 мектеп) мен«Назарбаев қоры» жұмыс істеп тұр.
2011 жылғы 10 желтоқсанда Парламент сенатының заңнамаға өзгерістер енгізуімен 1 желтоқсан күнтізбеге «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті күні» мерекесі ретінде бекітілді. Наурыз айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен барлық облыс орталықтарындағы ірі даңғылдар мен көшелерге, орталық алаңдарға Назарбаев есімі берілді.
2017 жылы Астана күні қарсаңында Қазақстан үкіметі Астана әуежайын «Халықаралық Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы» деп атау туралы қаулы қабылдаған болса, жазда ЭКСПО шарасы кезінде «Нұрлы Жол» жаңа вокзалы пайдалануға берілді. Дәл сол жылы Тұңғыш президент күні қарсаңында Алматы билігі Фурманов атындағы орталық көше атауын Назарбаев даңғылы деп өзгерткен. Назарбаев есімі тек ел ішінде ғана емес, Түркияның Адана, Қыршехир, Невшехир, Гебзе қалаларында; Татарстанның Қазан қаласында; Ингушетияның Магас қаласында, Иорданияның астанасы Амман қаласы мен Шешенстанның Грозный қалаларындағы көшелерге бар.
Алматы қаласының бірегей дендросаябағы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағы» деп ребрендингтен өткен. 2008 жылы Қызылорда, ал 2010 жылы Ақтөбеде Назарбаевтың құрметіне орталық саябақтар ашылды. Елордада қазір тұңғыш президент мұражайы жұмыс істейді. 2014 жылы "Қазақстан президенті" атауы голланд қызғалдағы мен жапония хризантемаларына да берілген. Флоронимнен бөлек экс-президенттің есімімен Тянь-Шаньның Іле Алатауы сілемінің солтүстігіндегі тау шыңы да «Нұрсұлтан шыңы» деп аталған.
Сондай-ақ, Назарбаев атақ-беделге де кенде емес. Ол экономика ғылымдарының докторы (1993), ҚР Ұлттық ғылым академиясының (1995), Қазақстан халқы Ассамблеясының, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының, Нұр Отан Халықтық-демократиялық партиясының, Дүниежүзі қазақтары ассоциациясының, Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, бірқатар танымал ЖОО-ның құрметті профессоры... Бұдан бөлек Назарбаев пен оның отбасына ерекше құқықтық мәртебе беретін "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" 13 баптан тұратын конституциялық заң қабылданған.
Ол туралы жазылған шығарма, түсірілген фильм, салынған картина, арналған ән де аз емес. Өзін ақын ретінде таныстыратын Балтабек Нұрғалиевтен бастап бірқатар елге танымал интеллектуалды-парасатты поэзияның шайырлары Назарбаевқа одалық құнарлы туындылар арнады. 2011 жылы басталған «Елбасы жолы» киноэпопеясы ел экрандарына 5 фильм («Балалық шағымның аспаны», «Отты өзен», «Темір тау», «Тығырықтан жол тапқан», «Жұлдыздар тоғысқанда») болып жол тартты. Айтпақшы, Назарбаевтың жастық шағы мен ересек кезін сомдаған актер Нұрлан Әлімжанов жуырда ғана депутаттық мандатқа ие болды.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлының құрметіне тұрғызылған сәулет туындылары мен ескерткіштер де жетіп артылады. Оған арналып Нұр-Сұлтандағы ескерткішті айтпағанда, Алматы (2011 жыл), Талдықорған (2017 жылы), Түркістан, Анакара (Түркия, 2010 жылы), Чолпон-ата (Қырғызстан, 2005 жылы), Днепродзержинск (Украина, 2005 жылы), Гагаузия (Молдова, 2012) т.б. қалаларына түрлі мүсіндер мен ескерткіштер орнатылған.
Қазақстанның ауқымды саяси жобалары мен бағдарламалары да «Нұр» феноменімен байланысты дайындалады. Атап айтқанда "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы, “Нұрлы жер” баспана бағдарламасы, "Нұрлы көш" көші-қон бағдарламасы бүгінде 30 жылдан бері жалғысып келе жатқан "нұрланған" саясатқа өз үлестерін қосуда.