- Біздің ұрпақ әдебиетке дүрлігіп келіп, дүрлігіп кеткендей көрінеді. Ал қазіргі жастар мүлде басқаша. Еліктеушілігі басым. Онда да, Абай айтқандай, орыс әдебиетінен, мәдениетінен үйренейік демейді, орыс әдебиетінің сыртқы формасына ғана еліктейді. Әрбір шығармашылықта ішкі мазмұн, ұлттық мінез болатынын ескермейді. Ал ұлттық мінезі жоқ өлең –өлең емес қой. Ол бүгін туады, ертең өледі. Ұзак жасамайды. Сондықтан, әдебиетке келген адам, әрбір шығармашылық иесі алдымен өз ұлтының өкілі болуы керек. Алдымен ұлттық тәрбиесі мен намысын көрсете білуі керек. Сонда ғана ұлттың өлеңі туады. Қазіргі біздің қақсап жүргеніміз осы!
Ең қауіптісі, бүгінгі қазақ ғасырлар бойы қалыптасып келген салт-санасын, батырлығы мен ерлігін жоғалтайын деп отыр. Иә баспасөз бен әдебиетте айтылмаса, иә үйде, иә мектепте айтылмаса, ұлтымыздың тамаша болмыс-бітімімен кейінгі ұрпақ қалай таныс болсын? Қалай жалғассын бұл дәстүр... Кәдімгі қол бұлғап қоштасып кетіп бара жатқан қыз сияқты... Ілгеріде, өткен ғасырдын 60-шы жылдарында, Жазушылар одағында сөзден-сөз шығып, Ғабең: «Егер қазақ осы күйінде 40 жыл өмір сүрсе, тілін, ділін сақтап қалса, өлмейді», – деген еді. Өкінішке қарай, сол 40 жыл ішінде халқымыз шалажансар күйге ұшырады...
Сатирик, жазушы Садықбек Адамбектің БАҚ-қа берген сұхбатынан.
“The Qazaq Times”