Орта-Шығыс қауіпсіздік конференциясы Қытай орталық қаласында өтті. Халықаралық конференцияның ашылуы кезінде Қытай шенеуніктері АҚШ-тың Орта-Шығыс саясын қатты сынға алды және қатысушылардың қолдауына ие болды.
Конференцияда Қытай СІМ басшысының көмекшісі Чын Шяодоң АҚШ-тың Орта-Шығыс саясаты «қорқыту әрекеті» деп бағалап, бұл қазіргі аймақтық қауіпсіздік мәселесінің басты дағдарысы деген мазмұндағы баяндама жасаған. Ол баяндамасында: «АҚШ әлемдегі жалғыз держава және Орта-Шығысқа күшті ықпал ететін ел ретінде сыңар жақты, өзімшіл саясат жүргізіп келе жатыр», – деген пікірін айтқан.
Қазіргі Қытай төрағасы Ши Жинпиң (Си Цзиньпин/Xi Jinping) таққа шыққаннан бері Қытай өзінің Орта Шығыс пен Африкадағы саяси, экономикалық және әскери ықпалын кеңейте түскені белгілі. Соңғы кездері Қытай АҚШ-тың кейбір әрекеттеріне қарай Орта-Шығыстағы қадамдарын жиілетті. Айталық, АҚШ президенті Сүрияның солтүстік-шығыс аумағынан америкалық әскерлерді шығару және Иранға көп түрлі санкцияларды күшейту шешімін қабылдаған кезде әлемдегі ең ірі мұнай импорттаушы ел ретіне Қытай Орта-Шығыстағы экономикалық міндеттемелерін күшейте түсті.
2018 жылы шілдеде Ши Жинпиң араб елдеріне экономикалық дамуды жебеу деген атпен 200 млрд доллар көлемінде несие берді. Шын мәнісінде бұл несие «ауыз бастық» деуге болады. Осыдан кейін араб елдері Шынжаңдағы 1 миллионнан астам (БҰҰ мәліметі бойынша) мұсылман аз санды ұлт өкілдерін лагерлерге қамау істерінде жұмған аузын ашпады.
Бейжіңдегі қауіпсіздік конференциясы кезінде Қытайдың Орта-Шығыс мәселесіндегі маңызы туралы сөйлей келіп, Иордания премьер-министрінің бұрынғы орынбасары және СІМ басшысы Жавад Анани: «Біз аймақтағы саяси және экономикалық қауіпсіздігінде Қытайдың басты рөл атқарғанын қалаймыз», – деп салды. Ал, Мавританияның сыртқы істер министрі Ахмед Оулд Тегуеди: «Қытай мен Ресей Таяу Шығыстағы антиамерикандық пікірлерден пайда көреді, өйткені осы аймақтағы басқарушы элита мен қарапайым адамдар американдық гегемониядан басқа тағы бір нұсқаны көргісі келеді», – деді. Бұл пікірлерден Қытайдың Таяу-Шығыстағы елдерге жасап отырған ықпалының күшейгенін көруге болады. Қытайдың несиесі әлемнің көптеген елдеріне Шынжаң мәселесіне көз жұма қарауға итермеледі.
Бұған қоса, Қытай астанасындағы конференцияда баяндама жасаған қытайлық және шетелдік сарапшылардың басым көбі Трамптың Иерусалимды Израиль астанасы ретінде мойындаған шешімі Таяу-Шығыстағы бейбітшілік процесін дағдарысқа ұшыратты деп бағалаған. Сондай-ақ, АҚШ-ты Израильдің жаулау әрекеттерін қолдап отыр деп айыптады.
South China Morning Post басылымы Қытай сыртқы істер министрі Уаң И (Ван И/Wang Yi) жиналыс барысында қатысушыларға Бейжіңнің Таяу Шығыс мәселесіне қатысты ұстанымын қайталағанын жазды. Уаң И: «Қытай Таяу Шығыс елдерінің ішкі істеріне ешқашан араласпайды, ешқашан ықпал ету саласына араласпайды және геосаяси мүдделерді көздемейді, әрқашан мәселенің мәніне сүйене отырып пайымдаулар жасайды және әділеттілікті қолдайды», –деген. Әрине, Қытай өзінің сыртқы саясатын мінсіз етіп көрсетуге тырысады. Ішкі істеріне араласпау, әділдікті жақтау деген сөздердің астарында АҚШ бастаған батыс елдерінің өңірдегі ықпалын ығысытырып шығару планы да көзге түседі. Шынында Орта Шығыс немесе әлемнің өзге өңіріндегі Батыс елдерінің ықпал қуатын Қытай иелесе, одан кейінгі жағдай қазіргіден жақсы болатынына ешкім кепілдік бере алмайды.
Бейжіңнің Орта Шығыс мәселесін талқылауы, сондай-ақ, өңірдегі АҚШ саясатын терістеуі көп нәрсені түсіндіріп тұрса керек. Қытай мен АҚШ арасындағы қазіргі теке-тірес жағдай бір ғана экономика мен сауда саласында ғана болып отырған жоқ. Бұл бақталастық геосаясат пен лидерлік орынға деген талас та да жүріп жатыр. Батыс елдері Қытайдың Орта Шығыстағы қадамдарын қалт жібермей қарап отырғаны анық. Кезекті конференцияны Батыс елдерінің ақпараттық шабуылына қарсы жауабы десек те болады.