Қазақстанда БАҚ пен бұқараның ерекше назарын аударған экономика министрінің жанармай бағасының қымбаттауына қатысты мәлімдемесі сарапшылардың наразылығын тудыруда.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың пікірінше, бензин бағасының өсуі көп балалы аналар алып жүрген әлеуметтік көмектің кесірінен. Жаңа жылдан бастап жанармай бағасы 6%-ға, яғни шамамен 10 теңгеге қымбаттамақ. Кезекті «қымбатшылық актісін» әлеуметтік төлемдердің көбеюімен байланыстырған министр бағаның өсуін азық-түлік нарығына еш әсер етпейтініне сендіріп бақты.
«Жанармайдың өзіндік құнын жалғыз акциз ғана құрамайды. Сондықтан акциз құны 10 теңгеге өскенімен, бензин де 10 теңгеге өседі деген сөз емес. Мысалы, 2015 жылы біз акцизді 4,5 мыңнан 10,5 мың теңгеге көтердік. Бірақ жанармай бағасы нарықта ондай қатты қымбаттаған жоқ. Ресейліктердің шекарадан арзан бензинімізді талап әкетіп жатқанын шенеуніктер талайдан бері айтып жүр. Өйткені біздің бензин олардікінен 100 теңгедей арзан», – дейді жауапты ведомствоның департамент директоры Азамат Әмірин.
Шенеуніктердің акциздің «инфляцияға әсері болмайды» дегеніне тәуелсіз сарапшылар пікірі мүлдем кереғар. Тіпті мұны «халықты алдаудың тағы бір түрі» деп баға берді. Экономистердің айтуынша, акциз қанша өссе, тауар бағасы да соншалық өседі.
Бұған қатысты экономист сарапшы Жангелді Шымшықов:
– Қазірдің өзінде 57% дәлізінде тұр. Ал акциз өзінен-өзі бағаны көтерді. Ал баға көтерілгеннен кейін көліктің бағасы көтерілді. Енді сонда қайта сол дәлізге келе ме? Жаңағы 5-7%-ға? Келмейді! Қиял-ғажайып ертегіде айтылатын дүние. Ал шынтуайтқа келгенде, бұл ешбір қисынсыз әңгіме, – дейді. Мұның себебін сарапшы былай түсіндіреді: «Әртүрлі әлеуметтік төлемдер, ақшалай көмек, тұрғын үй жағынан көмек, тағы басқа. Осының барлығы бюджетке үлкен салмақ салғаны түсінікті. Енді бюджетті қалай толтырамыз деп әлек болып жатыр. Біресе есепшоттарды бір-біріне ауыстырғанда, онлайн аударымдарға салық салу керек дейді. Айналып келгенде, енді бензинге салық саламыз дейді».
8 теңгеден 18 теңгеге дейін өскен акциздің нарыққа әсер етуін экономиканың бірінші курсында оқытылатын тақырып. Елге акциз бен қымбатшылықты кері пропорционал етіп көрсету кімге керек. Көп мамандардың пікірі осыған саяды.
Бұған дейін энергетика министрі Қанат Бозымбаев «көрші елдердегі бензиннің бағасы бізден 100 теңгеге қымбат» деп, алдағы уақытта ортақ нарыққа ұмтылатынымызды айтқан болатын.
Осылайша әзірге мамандардың көзіне көрініп тұрған бір схема «үкімет әлеуметтік ахуалды оңалтуға АӘК төлемін енгізіп, ортайған бюджетті бензин бағасын өсіру арқылы, оған қоса активті тауарлардың қымбаттатумен толтыруға мүдделі екенін аңғартты».
Бір айналғанда шыр айналдырып...
Қарашада Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев жыл басынан бері азық-түлік бағасының 10%-ға қымбаттауы («Ет бағасы 13,5%-ға, нан-тоқаш өнімдері мен жарма 12,7%-ға шарықтағанын») инфляцияға кері әсерін тигізіп жатыр деген болатын. Өткен апатада үкімет басшысы Асқар Мамин вице-премьер Роман Склярға бағаны бақылауынан шығарып алған ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика, сауда және интергация министрлерін және Шымкент, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Көкшетау, Петропавл, Ақтөбе, Тараз, Жамбыл өңірлері әкімдерінің орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырған еді.
Халықаралық Moody’s агенттігі қазірдің өзінде халықтың қарызы айлық табысынан екі есе көбейгенін, нақтырақ айтқанда 6 миллионға жуық отандасымыздың банк алдында өтелмеген жалпы сомасы 7 триллион теңге берешегі барын жариялады.
«Әсіресе, Алматы қаласы мен ел астанасының, Қарағанды облысының тұрғындары кепілсіз тұтынушылық несиеге белшесінен батқан. Ертеде бір ділмар айтқан деседі «ит-мысығы тоқ елдің, күйіне уайым жоқ» деп. Біз де соның тысын ішіне қарай өңгеріп «ломбарды мен кредиттік ұйымы көп елдің, күйі мен күнінде жылу жоқ» дегіміз келеді», – дейді экономист Айтуған Нәрікби.
Биыл Табиғи монополияларды реттеу комитеті былтыр қаңтар-шілде аралығында 5,5%-ға қымбаттаған электр энергиясының құны желтоқсаннан бастап тағы 6%-ға өсетінін мәлімдеді. Сонымен қатар үкімет күнделікті тұтынуға қажет тауарлар мен азық-түлік өнімдері орта есеппен 9%-ға қымбаттағанын растап, «бұған өндірістің жоқтығы, алыпсатарлардың көптігі себеп» екенін айтқан.
Президент Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша «Конституция бойынша біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан мемлекетіміз азаматтар алдындағы міндеттерін орындауы тиіс» деп қатаң ескертпе жасаған еді.
Кеше «Astana Best Consulting Group» экономисі Арман Байғанов алдағы жылы доллар бағамы төл валютамызға шаққанда 400 теңгеге дейін өсетінін болжады.