Қыркүйектің соңында Energyprom ресурсы Қазақстанның бірқатар өңірлерінде электр энергиясы 6,5%-ға арзандағанын айтып сүйіншілеген еді. Көп өтпей қарашаның 1-і Табиғи монополияларды реттеу комитеті желтоқсаннан бастап электр қуаты 6%-ға қымбаттайтынын мәлімдеді.
Жаздың соңына қарай елде сағатына 69,6 млрд кВт электр энергиясы өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3%-ға кем. Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша электр энергиясының 80,5% - ЖЭС (жылу) еншісінде, 9,7% - СЭС, 8,6%-ын газотурбинді стансалар өндірген. Ал «Болашақ энергиясы» жасыл энергия тақырыбында ЭКСПО өткізген елімізде жел электр стансалары бүкіл электр энергиясының тек 0,9% ғана бөлігін құраған. Қаңтар-шілде аралығында Атырау, Маңғыстау, Алматы облыстарында электр энергиясы 6,5%-ға арзандаған деседі.
Қазіргі таңда «Электр энергиясының өзіндік құнын Энергетика министрлігі белгілейді» деген комитет мәселені ведомствоға сырып отыр. Ал министрлік «Бағаны комитет белгілейді» деп басын алып қашуда. «Сен емес те мен емес» деп айтысқан екі тарап ортақ мәмілеге келмейінше, «қараша мен желтоқсан сол бір екі айда» екі өгіз ортасында халық қалтасынан қағылмай ма деген алаңдаушылық бар.
Былтыр экс-президент Назарбаев тариф тақырыбын Қауіпсіздік кеңесінде арнайы қарап, министрлерді сынға алған болатын. Артынша монополистер негізсіз тариф арқылы халықтан алған артық миллиондарын кері қайтара бастаған. Енді бағаны көтеру деген сөз қайта көтеріле бастады.
Бір айта кетерлігі, былтыр қаңтар-шілде аралығындағы электр энергиясының құны 2017 жылмен салыстырғанда 5,5%-ға қымбаттаған.
Қымбатшылық екі бүйірден қысқан шақта екі ортада ел езілмесе игі еді.