36 мыңнан астам жұмысшының кешіктірілген 5,1 миллиард теңге көлеміндегі жалақысы қайтарылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов үкімет бастығының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Қостанай қаласына жұмыс сапары аясында өткен комиссия отырысында кәсіпорындардың тек қызметкерлерге 6 миллиард теңгеге жуық қарыздар екені айтылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жалақыны уақтылы төлеуді бірінші мәселе деп атады.
– Ағымдағы жылы еңбек инспекторлары жалақы бойынша берешегі 5,7 миллиард теңгеден асатын елдегі 1700 кәсіпорынды анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 36 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалып, жалақылары бойынша 5,1 миллиард теңге қарыздарын қайтарылды. Бүгінгі күнде жалпы қарыз сомасы 1,42 млрд теңгені құрайды және жыл басынан бері ол 28%-ға немесе 560 миллион теңгеге азайды. Сонымен бірге ағымдағы және мерзімі өткен берешек сомасы 2700 қызметкерге 733 миллион теңгені құрайды, – деді Біржан Нұрымбетов.
Оның айтуынша, ең көп қарыз астанаға, Алматы және Ақтөбе облыстарына тиесілі. Берешекке жол берген кәсіпорын басшыларына 59 ұйғарым беріліп, 25 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал жалақыны бірнеше рет кешіктіргені үшін 6 кәсіпорын басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Министрдің сөзіне қарағанда, еңбек қатынастарын реттеудегі екінші негізгі міндет –ұжымдық еңбек дауларының алдын алу. «Дағдарысқа қарсы штабтар мен әлеуметтік серіктестік жөніндегі өңірлік комиссиялардың тұрақты жұмысына қарамастан, әрдайым еңбек жанжалдарының алдын алу мүмкін бола бермейді. Ағымдағы жылдың басынан бері республикада 9 еңбек дауы орын алды. Оның 7-і шетелдіктердің қатысуындағы елдің батыс өңірлеріндегі мұнай-газ және мұнай-сервис кәсіпорындарында болған. Жанжалдардың негізгі себептері жалақыны көтеру, жергілікті және шетелдік жұмысшылардың еңбек пен тұрмыс жағдайларының теңсіздігінен туындады», – деді Біржан Нұрымбетов.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындардағы жағдайға ерекше назар аударды.
«Президент тапсырмасы бойынша қазақстандық және шетелдік қызметкерлер арасында еңбекақы төлеудегі сәйкессіздікті болдырмауға қатысты прокуратура органдарымен бірлесіп, 30 адамнан асатын шетелдік жұмыс күшін тартатын 95 кәсіпорында тексеру жұмыстары аяқталды. Еңбек және көші-қон заңнамасын бұзудың 930 фактісі анықталды, оның ішінде 25 кәсіпорында 474 еңбекақы төлеудегі сәйкессіздік фактісі белгілі болды. Тексеру қорытындысы бойынша 89 ұйғарым беріліп, 92 миллион теңге сомасына 383 әкімшілік іс қозғалды, 681 рұқсат кері қайтарылды, 393 шетелдік қызметкер елден шығарылды», – деп хабарлады министр.
Министрдің сөзінше, биылғы 10 айда өндірісте 1069 адам зардап шегіп, оның ішінде 129 адам қайтыс болған. Өндірістік жарақаттанудың өсуі Ақмола, Жамбыл облыстарында және елордада жиі байқалады.
Жиынды қорытындылаған вице-премьер Бердібек Сапарбаев:
– Өкінішке қарай, жауапты мемлекеттік органдар еңбек дауларының алдын алу, болдырмау бағытында жұмыс істемейді. Кәсіподақ ұйымдары проблемаларды біледі, бірақ олар да үнсіз. Еңбек инспекциясы алдын ала шаралар қабылдамайды. Біз өрт сөндірушілер сияқтымыз. Еңбек қақтығысы пайда болағаннан кейін оқиға орнына барып, жұмысқа кірісеміз. Еңбек қаупі картасы не үшін құрылды? Кешіктірілген жалақының, өндірістік жарақаттың, еңбек жағдайының сақталмауының барлық фактілерімен жеке жұмыс жасау керек, – деді.
Ол жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне еңбекақы төлеудің кешіктірілуіне жол бермеуді қатаң түрде ескертті. Әсіресе, астана мен Алматыға, сондай-ақ Ақтөбе және Алматы облыстарына кәсіподақ құру, шетелдік-отандық мамандарды алалау мәселесін күн тәртібіне енгізуді тапсырды.
«Біз бұл мәселені Үкіметтің қарауына енгіземіз. Бір сөзбен айтқанда, бұл мәселеде біз нүкте қоюымыз керек. Бізде білікті кадрлар бар, сондықтан еңбекақы төлеу мен еңбек жағдайларындағы айырмашылықтар болмауы тиіс. Қазір төртінші санат бойынша квотаны төмендету мәселесін қарастырудамыз», – деп түйіндеді Сапарбаев.