Биыл Берлин қорғанының құлатылғанына 30 жыл толды. Бұл «Қырғи-қабақ соғыс» жылдарында Батыс Еуропа мен Шығыс Еуропаны бөліп тұрған символ қатарлы бағаланған. Берлин қорғаны құлағаннан кейін Еуропа біртұлғаланды деген сөздер де айтылып еді.
Берлин қорғаны – Екіге жарылған Еуропа символы
Дүниежүзілік екінші соғыстан кейін Еуропа коммунистік Шығыс және капиталистік Батыс болып бөліне қалды. Шығыс Еуропада авторитарлы биліктер жайлағандықтан, жүз мыңдаған тұрғыны бұл аймақтан шығып кетуге тырысты. 1949-1961 жылдар аралығында Шығыс Германиядан Батыс Германияға 2 млн 700 мыңнан астам адам қашып өткен. Кеңес одағы ықпалындағы елдер бұл үрдісті тоқтату мақсатында шекараға қорған қабырғаларын тұрғызып, электр ток жүргізілген торлар қойып, миналар көміп, қарулы жасақтар орналастырған. Тіпті, батыс шекараны бетке алған адамдарға ескертусіз оқ атуға рұқсат та берген.
Берлин қорғаны 1961 жылы Берлин қаласын қақ бөліп тұрғызылған болатын. Бұдан екі жыл бұрын жарияланған зерттеу нәтижесінде Шығыс Берлиннен Батыс Берлинге қашып өтпек болған 262 адамның оққа ұшқаны белгілі болған. Сол кезеңде Батыс Еуропа мигранттарды қызу қарсы алып тұрды. Бұның өзіндік себебі де бар еді. Тіпті «Қырғи-қабақ соғыс жылдарында» Батыс Еуропа массалық миграцияны дәріптер тұрды. Олар әр келген мигрантты коммунистік идеологиядан қашып шыққан азаткер ретінде көрсетуге тырысты. Бұл сол замандағы идеологиялық қақтығыстардың нәтижесі еді.
Қазіргі Еуропаның символы
Алайда, 30 жылдан кейінгі бүгінде адамның ең басты құндылықтарын қадірлегіш Еуропаның өзінде адамдардың жүріп-тұруын шектеуге арналған жүздеген шақырымға созылған қорғандар тұрғызылуда. Мигранттардың елге кіруін шектеу мақсатындағы бұндай қорғандар алдағы уақытта Еуропаның символына айналып кетуі де ғажап емес.
Ең үлкен коммунистік режим құлағаннан кейін Шығыс Еуропа елдері капитализмге ойысып, ЕО-ның мүшесі болып қалды. Бірақ, осы тұста мигранттарға деген көзқарас кері бағытқа қарай өзгерді. Еуропа елдері арасында еркін жүріп тұру-қиын болмағанымен, экономикалық жағдайы нашар еуропалық емес елдермен шекараларда қорғандар тұрғызылды. Адамдық құндылықтарды шектеп отырғанына қармастан бұл қорғандар өз кезегінде «Еуропа шебі» деген сүйкімді әрі айбынды атқа да ие болды.
«Шекарасыз дәрігерлер ұйымының» айтуынша, бұндай дуал-қорғандар мыңдаған мигранттардың өліміне әкеліп соғуда. Бұған қоса бірқатар сыншылар Еуропа мигранттар мәселесінде әлеуметтік қырынан көрі, саяси және экономикалық қырына көбірек назар аударады деп сындайды.
Еуропа Одағы оңтүстік және оңтүстік-шығысында шекара қорғандарын соғып, Батыс Азия (Батыста Таяу Шығыс делінеді), Африка және Азиядан келетін мигранттарды шектеуге тырысады. Айталық, Венгрия Сербия шекарасына кемел бақылау аппараттарымен жабдықталған 155 шақырымдық қорған тұрғызды. Болгария болса Түркиямен шекарада 260 шақырымдық қорған соқты. Жерорта теңізі арқылы Еуропаға жетуге тәуекел ететін мигранттар да көп. Бірақ, оларға қарсы «Теңіз қорғаны» да бар. Арнайы шарлаушылар оларды ұстап, Африкаға қайтарып жіберуге тырысады.
Мигранттардың жолын тосып тастауға, бір елден келесі бір елге өтуіне тосқауыл қоятын қорғандар Еуропаның өз ішінде де бар. Бір сөзбен айтқанда, Еуропа мигранттарға қатаң шектеуге қарай келе жатыр. Бұл саясатын Біріккен Ұлттар Ұйымы да сынға алған. Тоқетерін айтқанда, бір кездері (1989 жылы) «Батыс – еркіндік пен толеранттылықтың символы» деген аты қазіргі Еуропаға сай келмей қалды.