Ресей Еуропаға газ жеткізуді тағы да қысқартатын болды. Еуропа Одағы болса Ресейдің энергетиканы саяси қару ретінде пайдаланып отырғанына шүбә келтірмейтін жағдайға жетті. Бұдан кейін ЕО тарабы «Газпромның» «техникалық ақауларына» тіпті зауыттардағы «жарылыс пен өртке» де сенбейтін күйде. Енді Еуропа орыс газына тәуелсіз болудың қамына шындап кірісетіндей.

Ресейдің Еуропаға бағытталған газ тасымалы біртіндеп қысқарып келеді. Өткен аптада Ресей газ тасымалын соңғы он жылдағы ең төменгі шекке түсіріп, 100 млн кубметрге дегейін қысқартты. Осыдан бір ай ғана бұрын «Газпром» Еуропаға күніне 250 млн кубметр газ жөнелтіп тұрушы еді.

Бұл жолқы қысқартуға Ресей Түркия арқылы жететін газ тасымал лениясындағы түзету жұмыстары себеп болғанын айтты. Бұл техникалық жұмыстар нақты қанша уақытты алатыны белгісіз. Ал, шілде айында Германия арқылы Еуропаға кіретін «Солтүстік Ағын» газ құбырларында техникалық жаңарту жұмыстары басталады. Бұл да Еуропаға жеткізілетін газ мөлшерін шектеудің бір шарасы ретінде көріп отыр.

Еуропа энергия дағдарысынан тәуелсіздікке жету үшін кешенді әрі бұрылысты шешімдерді ашық талқылауға кірісті. Бұның қатарында көмір жағатын жылу электр станцаларын жауып, толықтай ядро энергиясына немесе жасыл энергияға өту мәселесін сөйлесіп жатыр.

ЕО жаһандық пандемияға дейін Ресей газына 40 пайыз тәуелді болып келген. Бұл тәуелділікті пандемиядан кейін 35 пайызға, қазір 25 пайызға дейін қысқартты. Еуропаның көз алдағы жоспары қытымыр қыс жеткенше газ қоймаларына 90 пайызға дейін газ топтап алу. Ал, Орта Еуропалық Германия, Аустрия секілді елдер энергетикадағы Ресейге деген тәуелділікті қысқарту үшін уақытша болса да көмірге басымдық беруге дайын болып отыр.

Бұған қарап, Еуропада қарулы соғыс ғана емес, энергия соғысының да қиянкесі жүріп жатқанын білуге болады.

The Qazaq Times