Тоқаевтың қатысуымен өткен кеңесте Сағынтаев қаланы дамытудағы нәтижелерімен бөлісіп, президенттен жаңа екі электр станса салуға көмектесуін сұрады. Сөз алған мемлекет басшысы Алматының үштоқсандық табысына шолып, соңына қарай бүй деді...
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына екі күндік жұмыс сапарымен келгенін хабарлаған едік. Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте Бақытжан Сағынтаев 2019 жылдың 9 айындағы дамудың негізгі нәтижелерін тізбектеп берді:
«Қазіргі көрсеткіштер әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасын көрсетіп отыр:
- І-ші жартыжылдықта жалпы өңірлік өнім өсімі 4,1%-ды құрады.
- Өнеркәсіп 5,9%-ға артты.
- Инвестиция – 5,5%-ға,
- құрылыс – 3,1%-ға,
- тұрғын үйді пайдалануға беру – 2,8%-ға өсті.
- Инфляция 3,3%-дан аспайды.
- Жұмыссыздық деңгейі 5,1%-ға дейін төмендеді.
- Жыл басынан бері 29 200 жаңа жұмыс орны ашылды.
- Салықтық әкімшілендіруді жақсарту есебінен мемлекеттік бюджетке түсетін салық өткен жылға қарағанда 12,4%-ға
көп жиналды», – деген шаһар әкімі күнде келе бермейтін сыйлы қонағы президент Тоқаевтан жаңа жобаға көмектесуін сұрады:
– Алматы қаласы электр энергиясын тұрақты тұтынуды қажет ететін ірі тұтынушылардың бірі болып табылады. Бүгінде Алмагүл және Тұздыбастау ықшамаудандарында 100 мың адамға арналған 850 мың шаршы метр тұрғын үйлер салу жоспарда бар. Осы ықшамаудандарды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жалпы құны 20 миллиард теңгеге 2 электр стансысын салу қажет. Бұл нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы бар. Сізден 2020 жылы бюджетті нақтылау кезінде мәселені шешуге көмектесуіңізді сұраймыз, – деп.
«Алматы – Тәуелсіз Қазақстанның іргесі қаланған қастерлі мекен. Бәріміз үшін бұл шаһардың орны бөлек. Мұнда ел тағдырына қатысты маңызды әрі тарихи шешімдер қабылданды. Ата заңымыз, мемлекеттік рәміздер, ұлттық валютамыз осында бекітілді. Бүгінде Алматы білім, ғылым, мәдениет және іскерлік орталығы ретінде дамып келеді. Соңғы жылдары қалаға жаңа аумақтар қосылып, көлемі 2 есеге ұлғайды. Халқының саны 20%-ға өсіп, 1,8 миллион адамға жетті. Қалада басқа өңірлерден келген және осы төңіректе тұратын жарты миллионға жуық адам жұмыспен қамтылып отыр», – деді президент.
Сонымен қатар, Тоқаев бүгінде дүниежүзіндегі 600 қалалық агломерация әлемдік ішкі жалпы өнімнің үштен екісін өндіріп отырғандығын сөз етті.
- «Біздің шаһарларымыз да ұлттық экономиканы дамытуға зор үлес қосып келеді.
- Бүгінгі таңда еліміздің ішкі жалпы өнімінің 3/1-і Алматы қаласы мен елордаға тиесілі.
- Алматы тәуелсіздік жылдары ірі экономикалық орталыққа және республикалық бюджеттің донорына айналды. Шаһар: ішкі жалпы өнімнің 5/1-ін;
- мемлекеттік бюджетке түсетін түсімнің 20%-дан астамын;
- банктер беретін несиенің 60%-ын қамтамасыз етіп отыр.
- Сондай-ақ, еліміздегі көтерме және бөлшек сауданың 40%-дан астамы,
- сыртқы сауда айналымының 15%-ға жуығы осы қалада жүргізіледі.
Осында ашылған Біріккен Ұлттар Ұйымының 17 мекемесінің өкілдіктері Орталық Азияның өңірлік хабына айналып отыр», – деді мемлекет басшысы. Ол «алдағы уақытта аталған бастамалар жалғасын табуы тиіс» екенін айтты сөз соңында.