Кеше, 22 қазан күні Ахмет Яссауи университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты Түркияның Алматы қаласындағы Бас консулдығымен бірлесе отырып, «Түркияның Сүрия саясаты» тақырыбындағы ғылыми талқы отырысын өткізді.
Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Али Риза Акыншы мырза талқы отырысының алғашқы баяндамасын бастады. Ол Сүрия соғысына дейінгі және Сүрия соғысынан кейінгі Түркияның көрші ел ретінде тұрақты позиция ұстанғанын, Сүриядағы трагедиялардың адамзатқа ортақ қасірет екенін, әлем жеткілікті деңгейде назар аудармай жатқанын сөз етті. Сондай-ақ, Акыншы мырза баяндамасында Сүриядан Түркияға кірген босқындардың Түркия экономикасы мен әлеуметтік жағдайына жасаған ықпалдары туралы да тоқталып өтті. Оның айтуынша 3,7 млн сүриялық босқынның Түркиядағы жұмыссыздықты арттырған және кейбір аумақтардағы әлеуметтік дағдарыстарды қалыптастырған. Оның айтуынша Сүрия соғысы басталғаннан бері босқындарды қабылдау және гуманитарлық көмектер бойынша Түркияның шығыны 100 млрд доллардан асып кеткен. Бір ғана босқындарға берілген жәрдемақының өзі 40 млрд АҚШ долларына жеткенін айтты. Ал, соңғы Түркияның қадамдары туралы Акыншы мырза: «Түркия тек шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әрекет етіп отыр. Біз сүриялықтардың да бейбіт өмір сүруін қалаймыз және оған көмектесуге тырысамыз», – деді.
Бұдан кейін Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, доктор Вакур Сүмер мырза «Түркия-Сүрия қарым-қатынасының өткені мен бүгіні» тақырыбында баяндама жасап, екі елдің қарым-қатынасының ұзақ тарихына тоқталды. Ол 1516 жылы Осман империясы құрылғаннан қазірге дейінгі Түркия мен Сүрия қатынасын 4 үлкен кезеңдерге бөліп қарастырған. Осман империясына қараған Сүрияның 400 жыл бойы бейбіт, тату өмір сүргенін, тек империяның соңғы кезеңінде түрлі бұлғақтардың болғанын, өткен ғасырдың бас шеніндегі Еуропалық отаршылардың Сүриядағы әрекеттері туралы тоқталды. Сондай-ақ, өткен ғасырдағы және Сүрия соғысына дейінгі екі ел арасындағы шекаралық су мәселелері, келісімдер, қайшылықтар турасында кеңірек түсіндірді.
Институт директорының орынбасары Жеңісхан Жаналтай Түркияның көші-қон саясаты, бұған қоса Сүриядан келген босқындар мәселесі, босқындардың Түркия экономикасы мен әлеуметтік саласына, жұмыс нарығы және сауда саласына тигізген әсерлері туралы көптеген статистикалық мәліметтермен бөлісті. Жеңісхан Жаналтай көрсеткен мәліметтерге қарағанда, Сүрия соғысы елдегі 5 млн 643 мыңнан астам адамды босқынға айналдырған. Соның Сүрия босқындарының 65 пайызы, яғни, 3 млн 674 мың 588 босқын Түркияға кірген. Олардың 52 пайызы 18 бен 59 жас арасында. Демек бұл, Түркияға кірген босқындардың басым көпшілігі еңбекке жарамды тұлғалар қатарында. Олар Түркияның еңбек нарығына үлкен әсер ететінін осыдан-ақ білуге болады.
Жеңісхан Жаналтайдан Түркия мен Еуропа арасындағы босқындарға гуманитарлық көмек қаражаты турасындағы таласты мәселе туралы сұрақ қойғанымызда, екі тараптың босқындарды қабылдау және гуманитарлық көмек мәселесі бойынша күрделі қайшылықтар бар екенін айтты. Айталық, бастапқы мерзімде Түркия мен ЕО арасында босқындарды өткеріп беру туралы келісімдер жасалған. Алайда, Еуропа тарабы босқындарды шартты түрде қабылдайды. Мысал ретінде Еуропаның бір елі келісім бойынша 10 сүриялық босқынды қабылдайтын болады, бірақ олар инженер мамандығындағы босқындар болуын талап етеді. Ал, осы сұрақ бойынша бас консул Акыншы мырзада: «Келісім Түркия-ЕО арасында жасалғанымен, кейбір еуропалық елдер Түрикямен арадағы жеке қайшылықтарға байланысты, келісімдерді орындағысы келмейді», – деп тоықтырды.
Кеше өткен талқы отырысында Түркия консулдық тарабы және Ахмет Яссауи университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институты өкілдері Түркияның қазіргі кездегі жасап отырған қадамдарына байланысты пропагандалық ақпараттардың көптеп тарап жатқанын айтады. Олардың сөзіне сенсек, «Түркия Сүрия босқындарын қабылдап, бұған қоса қыруар гуманитарлық көмектер атап, соңында өзінің шығындарына қарамастан шекаралық қауіпсіздігі үшін Сүрияда бейбітшілік жобасын жүзеге асыруға тырысуда. Ал, шетелдік кейбір ақпарат құралдары Түркияны күрдтерге қарсы шабуыл жасап жатыр деп көрсеткісі келеді» деген пікірде.
Бұл турасында бас консул Акыншы мырза: «Консулдық қазақстандық ақпарат құралдарына Түркия-Сүрия мәселесі туралы ақпараттармен бөлісуге дайын», – деді.
Жалпы соңғы кездері Түркия мен Сүрия қарым-қатынасы күрделі кезеңге өткені белгілі. Түрикя шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Сүрияның солтүстік-шығыс аумағында «Бейбітшілік бұлағы» атты әскери операциясын жүргізіп жатыр. Уақыттық соғыс тоқтату келісімінің мерзімі ақырласып, бүгін Түркия шабуылды жалғастыратынын мәлімдеді. Өңірдегі саяси ойындарға әр ел өз тұрғысынан баға беретіні белгілі. Алайда, Қазақстанмен тікелей болмаса да жанамалай қатысы бар бұл мәселелерде анық ақпаратты қоғамға жеткізу аса маңызды. Талқы отырысында бірқатар жаңа информацияларға қаныққандай болдық. Бірақ, қазақ тілді ақпарат кеңістігінің бізге алыс-жуықта болып жатқан бұндай күрделі һәм толғақты мәселелерге көңіл аудармайтынын қынжылтады.