Қазақстан Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қызметінен босатылды. Бұл ақпартты 31 тамыз күні ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында хабарлады.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың қызметтен босату жөніндегі рапортын қарастырып, оның өтінішін қабылдады" деп жазды Берік Уәли.
26 тамыз кешкісін Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Салдарынан 15 адам қаза тауып, 98 адам зардап шеккен. Оқиға болған кезде хабар-ошарсыз кеткен бір адамды әлі іздеп жатыр.
Ондаған адамның өмірін жалмаған жойқын жарылысқа не себеп болғаны әлі нақты белгісіз. Бірақ Ермекбаевтың топшылауынша, жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, я химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия себеп болуы мүмкін.
Министр Ермекбаев Жамбылдағы жойқын жарылыстан кейін отставкаға кетуді ұйғарғанын айтқан.
58 жастағы Ермекбаев 2018 жылдың тамызынан бері қорғаныс министрі болды. Жамбыл облысындағы жарылыстан екі жыл бұрын Түркістан облысы Арыс қаласында да осыған ұқсас апат болған. Арыста 3 мың вагонға тең 117 мың тонна оқ-дәрі мен қару-жарақ жарылған. Жарылыс салдарынан бес адам қаза тауып, 165 адам медициналық көмекке жүгінді. Ондаған әлеуметтік маңызды нысан бүлініп, мыңдаған тұрғын үй зақымданған еді.
Сол кезде министр Ермекбаев бір қаланың халқын босытып, тұрқын тып-типыл еткен апатты "табиғи құбылыс" деп атап, халықтан "кешірім сұраудың ретін көріп тұрған жоқтығын" айтқаннан кейін көптің сынына қалған. Десе де қоғамдағы отставка туралы талап жиі айтылғанымен, ол жолы билік әрекетсіздік танытқан.