Жамбыл облысындағы әскери қойманың жарылуына байланысты қызметінен кеткен Нұрлан Ермекбаевтың орнына оның бірінші орынбасары Мұрат Бектанов қорғаныс министрі болып тағайындалды.
1965 жылы туған генерал-лейтенант Мұрат Бектанов 2020 жылы 5 сәуірден бастап Қазақстан қорғаныс министрінің бірінші орындасары – Бас штаб бастығы қызметін атқарған, 2016-2019 жылдары Құрлық әскерінің бас қолбасшысы болған.
Президент Тоқаев қорғаныс министрі қызметін атқарған Нұрлан Ермекбаевтың Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қойма жарылғаннан кейін отставкаға жіберу жөнінде өтінішін қабылдаған.
26 тамыз кешкісін Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Салдарынан 15 адам қаза тауып, 98 адам зардап шеккен. Оқиға болған кезде хабар-ошарсыз кеткен бір адамды әлі іздеп жатыр. Қатты дүмпуден жүзден аса тұрғын үй бүлініп, мыңдаған адам эвакуацияланған.
Жексенбі, 29 тамызда – Қазақстан әскери қоймадағы жарылыстан қаза тапқандарды аза тұтты.
Нұрлан Ермекбаев Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы оқ-дәрілер Арыс қаласындағы әскери қоймадан әкелінгенін растаған. 2019 жылы 24 маусымында Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, төрт адам қаза тапқан еді. Жарылыстан мыңдағын үй зақымданып, Арыстың 40 мыңнан астам тұрғыны Шымкент қаласы мен төңірегіндегі елдімекендерге эвакуацияланған. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен оның орынбасары Мұрат бектановқа қоса сөгіс жарияланып, Арыс қаласындағы әскери қоймаға жауапты 16 адам арада екі жыл өткен соң, биыл шілдеде сотталған.