Қазақстан Республикасының ресми делегациясы 2017 жылғы 13-17 наурызда БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өтіп жатқан және еңбек саласындағы өзгерістер тұрғысында әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту тақырыбына арналған БҰҰ-ның Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссиясының 61-сессиясына қатысуда. Бұл туралы министрліктің ресми сайты хабарлады.
Ұлттық экономика вице-министрі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Мәдина Әбілқасымова бастаған делегацияның кұрамына АҚ «Қазақстан қор биржасы» Басқарма төрағасы Алина Алдамберген және «ҚазАгро» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айгүл Мұхамадиева кіреді.
Қазақстан 2014-2018 жылдар аралығында Комиссияның құрамына кіреді және әйелдер мәселесін Ұйымның күн тәртібіндегі басты тақырыптардың спектрі бойынша, атап айтқанда, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, тұрақты дамуға қол жеткізу, кедейлікті жою, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, адам құқықтарын қорғау тақырыптары бойынша айрықша көңіл бөледі. Қазақстан Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы БҰҰ Конвенциясы, Бейжің декларациясы және іс-қимыл тұғырнамасы сияқты гендерлік теңдік бойынша іргелі құжаттарға қосылды және Тұрақты даму мақсаттарын іс жүзінде іске асыруда.
БҰҰ-ның Әйелдер құқықтары жөніндегі комиссиясының 61-сессиясында әйелдерді экономикалық қызметке белсенді түрде қатыстыру, әйелдердің білім беру және жұмысқа қол жеткізу, тең еңбек үшін тең ақыға тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, технологиялық жаңғыртудың әйелдерді жұмыспен қамту мүмкіндіктеріне әсері, бейресми жұмыспен қамту мәселелері қаралады.
Қазақстанда әйелдер халық санының 52% құрайды, олардың 61% экономикалық белсенді санаттағылар. ЖІӨ-дегі әйелдердің үлесі 39% құрайды. Әйелдердің белсенді рөлі, алдыңғы кезекте, шағын және орта бизнесте көрініс табады, олардың үлесі 50% құрайды. Әйелдер барлық шағын және орта бизнес кәсіпорындарының 44% басқарады және шағын және орта бизнес секторындағы барлық жұмыс орындарының 31% қамтамасыз етеді.
Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыру бойынша негізгі шаралар 2016 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген 2030 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының Отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасында көрсетілген.
Сессияға шамамен әлемнің 170 елінің үкімет басшылары, министрлері және жоғары деңгейлі өкілдері қатысуда. Қазақстан делегациясы жұмыс отырыстарына белсенді түрде қатысып, министрлік дөңгелек үстелдерінде баяндамамен сөз сөйледі, БҰҰ басшылығымен екіжақты кездесулер өткізуде.
Атап айтқанда, ҚР Бас делегациясының БҰҰ Бас Хатшысының көмекшісі, «БҰҰ-Әйелдер» атқарушы директорының орынбасары Лакшми Пуримен жұмыс кездесуі өтті. Кездесуде Алматы қаласындағы БҰҰ-Әйелдер құрылымының көпелдік офисінің қызметі мәселелері және осы саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың перспективалары талқыланды.
Сонымен қатар, М. Әбілқасымова және А. Алдамберген БҰҰ-ның радиосына сұхбат беріп, онда еліміздің Үкіметі әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, олардың ресурстар мен технологияларға қол жеткізу үшін қабылдаған шаралар туралы баяндап, қазақстандық әйелдердің саясат, экономика, бизнес және ауыл шаруашылығы салаларындағы табыстары мен жетістіктерімен бөлісті.
“The Qazaq Times”