Мажарстан (Венгрия) билігі көпұлтты саясатқа қатысты мәлімдеме жасап, қандай жағдай болмасын Еуропалық одақ құрамынан шықпайтынын айтты. Бұл туралы «eadaily.com» агенттігі елдің премьер-министрі Виктор Орбанның мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.
Соңғы жылдары орын алған миграциялық қақтығыстарға қарамастан, Будапешт Брюссельмен дипломатиялық байланысын үзбейтін болды. Сондай-ақ Орбанның бұқаралық ақпарат құралдарын, сот жүйесін және академиялық институттарды бақылауда ұстайтын басқару бағытын Еуроодақ құптамайтындығын білдірген. Венгрия премьерінің осындай ұстанымынан кейін мемлекет Ұлыбританияның ізінше Одақтан кетеді деген қауесет те пайда болған еді. Елдің премьер-министрі Виктор Орбан: «Біз Еуропалық Одақтың мүшесіміз және оның құрамында қаламыз. Өз елдерін көпұлтты мемлекетке айналдырғысы келсе, ол өздерінің шешімдері. Бірақ біздің отанымызда тек венгрлер тұрып, тек өздері ғана шешім қабылдауы керек», – дейді.
Былтыр шілдеде Еурокомиссия Еуропа Одағының сотына Мажарстанның (Венгрия) үстінен шағым түсірген. Еурокомиссияның бұл шешіміне Мажар үкіметінің антимиграциялық заңдар жинағын қабылдауы себеп болған. Еуроодақ заңына қайшы келетінін ескерткеніне қарамастан, Мажарстан босқындарды қабылдауға қатысты заңға қол қойған. Сол себепті Еурокомиссия Мажарстанға түгелдей болмаса да, ЕО заңдарына сәйкес келмейтін тұстарын алып тастауды талап етіп, ресми түрде ескерту жолдаған. Осыған байланысты пікір білдірген ЕО-ның Бюджет мәселелері жөніндегі еурокомиссары Гюнтер Эттингер: «Польша, Румыния, Венгрия және Италия биліктері Еуропа Одағын әлсіретуді, одан әрі оны мүлде таратуды өздеріне мақсат еткен», – деді.